Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінің бірінде: «Елімізде әлемнің үздік университеттерінің филиалдарын ашуды ұсынамын, бірлескен ғылыми іс-шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу қажет. Тіл бөлімдерін ашуға байланысты жұмыс қайта жандануы керек. Жасанды интеллект, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамыту ерекше назар аударуды қажет етеді», деген болатын.
Мемлекет басшысының бұл сөздері еліміздің ғылым, технология мен білім беруді дамытуға стратегиялық көзқарасын көрсетеді.
Елімізде шетел университеті филиалының ашылуы – трансұлттық білім беруді дамытуға жасалған маңызды қадам. Бұл бастама ел студенттеріне өз отанынан тысқары шықпай-ақ, халықаралық деңгейдегі жоғары сапалы білім алу мүмкіндігін ұсынады. Мұндай филиалдар тек білім берумен шектелмей, еліміздегі жоғары оқу орындарының сапасын арттырып, Қазақстанның жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасуына ықпал етеді.
Шетел университетінің кампусы елімізде әлемдік талаптарға сәйкес бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын алаңға айналады. Бұл еліміздің жаһандық білім беру жүйесіне интеграциялануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанның өңірлік білім хабы ретіндегі рөлі күшейіп, таяу және алыс шетелдерден дарынды жастарды тартуға себепші болады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның ғылыми және цифрлық технологиялар саласында көшбасшылыққа ұмтылысын көрсететін жасанды интеллекті мен инновациялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінуі бұл үрдісті одан әрі тереңдете түседі. Университет филиалдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, ғылыми зерттеулерді дамыту мен жоғары технологиялық сектор үшін қажетті мамандарды даярлауға зор үлес қосуы мүмкін.
Еліміздің инновациялық, әлеуметтік-экономикалық ілгерілуін қолдау мақсатында «Qualified Centre of Education» қоғамдық қоры белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Білім, ғылым мен технологияны дамытуға бағытталған осы іс-шаралар, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік аспектісіне ерекше назар аудару қоғамның жалпы өркендеуіне ықпал ететіні сөзсіз. Бұл тұрғыда маңызды қадамдардың бірі – Астанада Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру саласындағы стратегиялық ынтымақтастық аясында Кардифф университеті кампусының ашылуы.
Кардифф университеті 1883 жылы Ұлыбританияда құрылған және бүгінде елдің жетекші зерттеу университеттерінің қатарында тұр. Ол Рассел тобына мүшелік етеді, бұл топқа елдегі үздік ғылыми-зерттеу университеттері біріктірілген. Биыл «Times Higher Education» зерттеуіне сәйкес Кардифф университеті әлемдік университеттер рейтингінде 190-орында болса, «QS World University Rankings» тізімінде 186-орында тұр. Университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының 90%-ы әлемдік немесе халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Сонымен қатар Кардифф университеті химия және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының екі лауреатын мақтан тұтады.
Биылғы тамызда Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Qualified Centre of Education» қоғамдық қоры мен Кардифф университеті арасында ниеттестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат білім беру саласындағы серіктестікті дамытуды көздейді және тараптар жоғары білікті мамандар даярлауға арналған білім беру ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Меморандум арқылы шетел университеті еліміздегі білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге, студенттерге сапалы білім беру бағдарламаларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл бастама елдегі жоғары білім беру жүйесін дамытуға үлкен үлес қосады. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – отандық жоғары білім беру жүйесін дамыту, білім мен халықаралық озық тәжірибені трансферттеу арқылы оның сапасын жақсарту, сондай-ақ шетелдік студенттердің үлесін арттыру», деді министр.
Биыл қыркүйекте Астанаға Кардифф университетінің алғашқы делегациясы келіп, Ғылым және жоғары білім министрлігі, отандық жоғары оқу орындары, мектеп және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен ресми кездесулер өткізді. Кездесу барысында оқу бағдарламаларын әзірлеу, оқытушылар мен студенттерді қабылдау, сондай-ақ кампус салудың маңызы талқыланды.
Сондай-ақ осы қарашада Кардифф университеті делегациясының өкілдері елімізге екінші мәрте сапармен келді. Бұл бірлескен білім беру жобасын іске асырудағы маңызды кезең болды. Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою салтанатына мемлекеттік органдардың, академиялық орта мен бизнестің өкілдері қатысты. Аталған келісім Кардифф университеті мен жоба аясында қазақстандық тараптан өкілдік ететін «Qualified Centre of Education» қоғамдық қоры арасында жасалды.
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайту аясында елімізге Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі, реабилитация және пробация мәселелері жөніндегі спикер Майк Герман келді. Оның сапары Ғылым және жоғары білім министрінің шақыруымен ұйымдастырылып, ауқымды білім беру жобасын қолдауда маңызды қадамға айналды.
Астана қаласында болған кезінде лорд Герман Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттеріне дәріс оқыды. Ол өзінің саяси жолы туралы баяндап, білім берудің маңызы мен Қазақстан жайлы әсерімен бөлісті. Әсіресе Ұлыбритания парламентінің жұмысына тоқталып, заң шығару үдерісінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ сапар барысында Майк Германға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.
Лорд Герман сұхбатында Кардифф университетінің Қазақстанның экономикалық және биомедициналық зерттеулер сияқты қажеттілігіне бағытталатынын ерекше атап өтті. «Кардифф университеті зерттеулер жүргізуге мүдделі, өйткені ол ең алдымен ғылыми зерттеуге негізделген оқу орны», деп атап өтті ол. Сондай-ақ отандық студенттер үшін арнайы стипендиялар қарастырылатынын, ал Кардифф университетінің оқытушылары оқу үдерісіне тікелей қатысып, білім берудің жоғары стандартын сақтайтынын жеткізді.
Кардифф университетінің филиалы елімізде халықаралық үлгідегі жоғары білім алу мүмкіндігін ұсынады. Отандық студенттер сапалы білім алып, академиялық алмасу бағдарламаларына қатысып, әлемдік стандартқа сәйкес диплом ала алады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу қызметіне ерекше көңіл бөлінеді, бұл ел ғалымдары үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашады.
Кардифф университеті филиалының ашылуы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіреді. Бұл бастама екі ел арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, тәжірибе, білім және мәдениет алмасу үшін жағдай жасайды. Еліміздің өңірлік білім хабы ретіндегі рөлі нығая түседі, бұл шетелдік студенттер үшін Қазақстанға қызығушылықты арттырады.
Кардифф университетінің президенті және вице-канцлері, профессор Венди Ларнер: «Біз осы аптада Астанаға келіп, университет филиалын құруды талқылауды жалғастырғанымызға қуаныштымыз. Университеттік ынтымақтастық екі ел арасындағы байланысты нығайтуға жиі ықпал етеді. Біз Қазақстанда білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды сол елмен және оның халқымен ұзақмерзімді, әрі жемісті серіктестіктің алғашқы қадамы ретінде қарастырамыз», деді ол.
Кардифф университетінің Астанадағы филиалы 2025 жылдан бастап өз жұмысын бастайды. Алғашқы студенттерді қабылдау келесі жылы қыркүйек айында басталмақ. Бұл қадам Қазақстанда шетелдік білім беру бағдарламаларының кеңеюіне жол ашып, еліміздегі білім беру саласын халықаралық деңгейге көтеруге үлкен әсерін тигізеді.
Қазақстанда шетел университетінің филиалының ашылуы еліміздің білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде дамуына ықпал етеді. Бұл қадам жаңа инновациялық зерттеулерді дамытуға, жоғары технологиялық мамандар даярлауға және Қазақстанды білім хабына айналдыруға негіз болады. Әлемдік талаптарға сай білім беру бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастықтың күшеюі еліміздің білім беру саласында жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік береді.
Қуаныш Көшекбаев,
«Qualified сentre of еducation» қорының директоры