12 Қараша, 2010

Әзірлен, Астана, әзірлен!

445 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ САММИТІ ЕРЕН СЫНАҚ Астана қаласының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВПЕН сұхбат – Қадірлі Иманғали Нұрғалиұлы! Осыдан бір айдай бұрын журналистерді жинап, қаланың алдағы Саммитке дайын­дығы жайында егжей-тегжейлі әңгімелеп беріп едіңіз. Сондағы жазбаларым сақ­та­лып қалыпты. Өзіңізбен әңгімеге дайын­дық барысында оларды да, Астана қала­сының ресми сайтындағы (www.astana.kz) кейінгі материалдарды да қарап шықтым. “Егемен Қазақстанның” оқырмандарына әңгімелейтін жай жеткілікті сияқты. Саммит басталатын күн сәрсенбінің сәті ғой. Сіз бен біз де сәрсенбіде (әкіммен әңгіме 10 қарашада өткен – С.А.) жолығып отырмыз. Саммитке дәл үш апта қалды. Қала осы үш аптада ұлы жиынға толық дайындалып үлгере ме? –  Үлгереді. Мен мұны нық сенім­мен айта аламын. Елбасымыз бізге Қа­зақстан тұрмақ, кешегі Кеңес Одағында да ешқашан өткізіліп көрмеген мұн­дайлық жиынды лайықты ұйымдасты­руға қажетті жағдайдың бәрін жасау жө­нінде  міндет қойды. Ол міндет орын­далады. Ақордада 16 тамызда өткен мә­жі­лісте Нұрсұлтан Әбішұлы Саммиттің бүкіл посткеңестік кеңістік деңгейінде алғашқы ірі ауқымды шара екенін атап айтты, осы тарихи кездесуді мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу үшін үлкен жұмыс атқарылуы қажеттігін қадап көрсетті. Бұл жиынның елімізді әлемге танытуға қандай мүм­кіндік беретінін, оның өзі үлкен құрмет пен зор жауапкершілік екенін ерекше ескертті. Қазір күн демей, түн демей, жанымызды сала жұмыс істеп жатырмыз. Бұл істің бәрін де Елбасының өзі бас­қарып, өзі үйлестіріп, өзі қадағалап отыр. Біз үшін Елбасы сенімін ақтаудан артық абырой болмақ емес. – Елбасы командасының талай жылдардан бергі белді мүшесі ретінде барыңызды салатыныңызға сенеміз. Ал енді нақты мәселелерге көшсек. Мұндай жиындарды өткізудегі ең басты мәселе қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғой. Осы жөнінде айтсаңыз. – Алдымен 160 мыңдық таралымы бар бас газет арқылы оқырмандарға ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге байланысты қолданылатын қосымша қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарау жөнінде өтініш айтқым келеді. Елімізге бір мем­ле­кеттің басшысы келген кезде де қауіп­сіздік шаралары қандайлық қарасты­рылатынын барша жұрт біледі. Ал 1-2 желтоқсан күндері Астанаға 55 елдің президенттері, премьер-министрлері, пар­ламент жетекшілері, 65 халықаралық ұйымның басшылары келмекші. Оларға еріп жүрушілер қаншама. Олардың Саммитке қатысуын көрсететін баспасөз өкілдері қаншама. Барлығы бірнеше мың қонақ болады. Қазақта “Жаман айтпай жақсы жоқ” дейтін мақал бар. Жалпы, Астана өте тыныш қала. Мұнда күніне орта есеппен 8 құқық бұзушылық тірке­леді, оның өзінде көбі ұсақ қылмыстар болып келеді. Алайда, Саммит сынды жиынның өткізілуіне байланысты қауіп­сіздік шаралары ерекше қарас­тырылуы қажет. Бұл жиынға еліміздің барлық қалаларынан ең дайындығы мықты деген полицейлердің шақырылуы сондықтан. Олар бүгінде Саммит нысандарының бәрінің схемасын жаттап, күн сайын қауіп­сіздікке қатысты қажет болуы мүм­кін шараларға жаттығуда. Қазірдің өзінде қала полициясы қызметтің күшейтілген режіміне көшірілді. Бүкіл қала поли­цейлік шолғындауға ыңғайлы болуы үшін 350 шаршыға бөлінген. Әр топ өз шар­шы­сын­дағы әр бейсауат жүріске дейін қадағалап отыруға тиіс. Онсыз болмайды. Бәрін де тексеріп жатырмыз. Миграциялық бақылау күшейтілді. Қала­ға кіретін, шығатын жолдарға алты блок­пост орнатылды. Астанада жалға тап­сырылып отырған 8 мыңнан астам пәтер бар. Көбіне соларда кімдердің тұрып жатқа­нын ешкім білмейді. Оларды анықта­ғанымызбен қоймай, біз тұрақты мекен-жайы жоқ адамдардың (бомждар дейміз ғой) кім екеніне дейін білуге тиіспіз. Ерекше көңіл бөлетін жай – қалаға күмәнді адамдардың кіруіне жол бермеу, қару, жарылғыш, улаушы, психотроптық заттар алып өтудің алдын кесу. Біз қала тұрғындарына арнайы ақпарат тараттық. Онда осы жиынға орай ерекше сақ, қырағы болуды сұрап отырмыз. Қандай сипатта да қатер төндірер жағдайдың бәрін шұғыл қызмет телефондарымен хабарлауды сұрап отырмыз. Оқыс жағдайлардың бәрінің алдын алу керек. Осы жексенбі күні ғана “Думан” қонақүйіндегі біраз адам­дардың тыныштығын бұзуға тура келді. Қонақүйден біржола шығып кеткен адамның сөмкесі нөмірден табылған. Оны сол нөмірге орналасқан қонақ көрген де, қауіпсіздік қызметінің адам­дары­на хабар берген. Сөмкеде жарыл­ғыш зат болуы да мүмкін ғой. Қала­ның тиісті қызметі тез арада қонақүйге жетіп, саперлер күдікті сөмкені тексерген. Нөмірде бұрын болған қонақтың ұмыт қалдырған сөмкесінде өзінің жеке зат­тары ғана бар екен. “Сақтықта қорлық жоқ” дегендей, осындай жайлардың бәрі­не сергек қарауымыз керек. Саммит өтетін күндері Астанаға келе­тін ұшақтарға  да, Астанадан кететін ұшақтарға да шектеу қою жөнінде шешім қабылданды. Осының мәнісін түсіндір­сеңіз. – Мен бұл орайдағы қолға алынатын істерімізге бүкіл ел халқының түсіністік­пен қарауын сұрайтынымның бір мәнісі де осында. Саммит күндері Астанаға қа­тыс­ты ішкі рейстердің бәрі де Қара­ған­ды әуежайы арқылы атқарылады. Сон­дық­тан дәл сол күндерге туыстың ту­ған күні, ағайынның мерейтойы деген сияқ­ты оқиғалар, басқа да жайлар тұстас келген адамдар ел мүддесін алға қойып, ең алдымен мемлекеттік мәні бар мәсе­ленің оң шешілуін ойласа дейміз. Бірақ бұдан ол адамдар дәл сол күндерде Аста­нада атымен бола алмайды деген ұғым тумауға тиіс. Ол адамдардың Астанаға ерте бастан жетуіне немесе елордаға Қа­рағанды арқылы келуіне тура келеді. Ішкі рейстер неге шектеледі? Саммит қар­са­ңында елорда әуежайының негізгі пер­ро­ны шамамен 70 ұшақты қабыл­дағалы отыр. Сонда әр 10 минөт сайын бір ұшақ қо­нып отырады деген сөз. Олардың бә­рін тез арада арнаулы тартқыштармен сүйреп әкетіп, тұрақ орнына апару, сөй­тіп, қону жолағын тез босату керек. Аста­на әуежайының тұрақ орны бұрын 30 шақты ұшаққа ғана лайықталған бола­тын. Оны кеңейту жөнінде өте үлкен жұ­мыс атқарылды. Халық­аралық арнаулы рейстерге қызмет көрсету үшін еліміздің барлық әуежай­лары мен авиакомпа­ния­лары­ның таңдау­лы мамандары Астанаға шақырылып жатыр. Ол күндері әуежайда 900 адамға дейін жұмыс істейді. Алматы, Қызылор­да, Көкшетау, Ақтөбе әуежай­лары­нан арнайы мамандар шақыртып жатырмыз. Ал қажетті техниканы сатып алу­дамыз. Желтоқсандағы ауа райын ескеріп, қар жинайтын мәшинелер саны көбейтілуде. Айта берсе, тек әуежайға қатысты мәсе­лелердің өзін санамалап шығу оңай емес. Мысалы, ұшақты жер­ден көтері­лердің алдында мұз қатыр­май­тын сұйықпен жуатын арнаулы мәши­нелер болады. Әр ұшақты жууға кемі 30 минөт кетеді. Осы мәселенің төңірегінде туын­дайтын таза техникалық проблема­лар­дың шешімін табудың өзі оңай емес. Деген­мен, Үкіметтің көмегімен біз ба­рын­ша аз уақыттың ішінде әуежайдың мате­риал­дық-техникалық базасын жаңа жағдайға дайындау үшін көп жұмыс ат­қара алдық. Бұл күндерде ресми делега­цияларды қабылдайтын  VІP-залдың реконструк­циясы аяқталып келеді. – Осыдан бір айдай бұрын Ыстам­бұл­ға жол түскен еді. Сонда елшілік қыз­мет­керлерінен 1999 жылғы Саммит кезіндегі жағдай туралы сұрастырып қалдым. Сол жолы Ыстамбұлдай ұлы қаланың өзі қонақүйлерден, көшедегі кептелектерден қысылған екен. Оның жанында Астана әрі жас, әрі шағын қала ғой. Осы жағы бізде қалай болады? Жалпы, Астанада бес жұлдызды қанша қонақүй бар? – Мен Ыстамбұлда да қонақтардың бәрі бірдей бес жұлдызды қонақүйлерде жатпаған болар деп ойлаймын. Саммит­ке іріктеліп алынған біздегі қонақүй­лер­дің 4-і бес жұлдызды, 7-і төрт жұлдызды, 17-сі үш жұлдызды, қалғандары 1 және 2 категориялы. Жалпы, елордада қазір ірілі-ұсақты 150 қонақүй бар. Біз солар­дың 68-ін іріктеп, Сыртқы істер ми­нистр­лігінің қарауына ұсындық. Дәл бүгінгі күнге дейін сол 68 қонақүй түгелдей іс жүзінде ЕҚЫҰ Саммитінің қонақтарын қабыл алуға дайын тұр. Олардың бәрінің айналасындағы кіребе­ріс жолдар жөнделді, автотұрақтар кеңей­тілді, барлық нөмірлер Интернеттің кабельдік жүйесіне қосылды. VІP қонақтарды қабылдайтын 12 қонақүй ерекше назарда тұр. Саммит қарсаңында Астанада 27 қонақүй іргелі жөндеуден өткізілді, қалғандары ішінара жөнделді. Негізінде Астана Саммитіне келетін шет­елдік қонақтар саны 5 мыңдай болады деп шамалануда. Осыған дейін жаңағы мен айтқан 68 қонақүйдегі 3447 нөмірде 4700 орын бронь бойынша бөлініп отыр.  Оған қоса алты қонақүйдегі 182 нөмірде барлығы 218 орын резервте тұр. Біраз қонақүйлер нөмірлердегі ауаны элек­тронды тәсілмен тазартатын аппараттарға дейін сатып алып жатыр. – Қонақүйлер дайын дейік, қонақтар­ға қызмет көрсетушілер дайын ба? – Бар мүмкіндік қарастырылуда.  Біз­дің адамдардың сервистік деңгейі қазір жоғары деуге болады. Ақсап жата­тындары – тіл жағы. Қарашаның басына дейін шетел тілдерін үйрететін курстарда 300-ден астам қонақүй қызметкері оқып шықты, олардың қатары тағы толыға түседі. Мұның сыртында шет тілдерді меңгерген 120 волонтер қонақүй сервисіне уақытша тартылғалы отыр. – Шет тілдерді, нақты айтқанда, ағылшын тілін білу Саммитке қызмет ететін басқа салалардың адамдарынан да талап етіледі ғой? –  Әрине. Полицейлер, учаскелік инс­пекторлар Саммитке дейін шетінен ағылшынша сайрап кетеді дей алмай­мын, бірақ олардың осыған дейін оқыған курстарынан ұққандарының өзі Астана көшелеріндегі шетелдіктерге жөн сілтеп жіберуге, қарапайым сұрақтарына жауап қайтаруға  жетіп жататын шығар деп ой­лай­мын. Ресторандар даяшылары да ағыл­­шын тілінде қызмет көрсетуге дай­ын­­далып жатыр. Ақыры бұл жағын да сұ­райтын шығарсыз, енді Саммит күн­де­ріндегі тамақтану мәселесіне дейін тоқ­талайын. Қай елдің де имиджін қа­лып­тастыратын орындардың бірі – рес­торандар. Саммит қонақтарына қызмет көрсетуге лайықты деп біз 37 ресторанды таңдадық. Олардағы алты жарым мың орын барлық өлшемдер бойынша аста­на­лық мәртебеге сәйкес келеді деп баға­лануда. Саммиттің негізгі іс-шаралары өтетін жеті нысанда тәулік бойына та­мақ­тандыру ұйымдастырыла­ты­ны тағы бар. Бұл мәселелердің бәрін Президент­тің Іс басқармасы шешіп жатыр.   Әр нысанға азық-түлік өнім­дері­нің қайдан жеткізілетініне дейін қадағалап отырмыз. Санэпидэкспертиза орталығы қосым­ша микробиологиялық анализатор, тағам өнімдеріндегі нитрат­тың құ­рамын ай­қын­дайтын тестерлер сатып алды. Қо­нақтарға ұлттық тағам­дарды таныту да, қазақы қонақжай­лы­лықты келісті көрсету де міндет екенін ескер­тудеміз. – Әкімдіктің сайтында жаңа сіз айтқандардан басқа да көптеген шектеулер жазылғанын оқыдық. Осы жайында да айта кетсеңіз. – Мұндай деңгейдегі жиындар өт­кі­зетін тұста қалалардың қай-қайсысында да белгілі бір шектеулер қойылмай тұр­майды. Ол шектеулер аса жоғары дең­гейдегі кездесулердің ойда­ғыдай өткізілуі үшін де, кездесуге қатысушылардың, оларға еріп жүруші­лердің қауіпсіздігі үшін де, қала тұрғындарының өздерінің қауіпсіз жүруі үшін де керек. Қалалық мәслихат 1-2 желтоқсанды демалыс күндері деп жариялау, жұмыс күндерін 27-28 қарашаға ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Мектеп оқушыларының, колледждер оқушыларының, студенттер­дің күзгі каникулын қысқарту есебінен оларға 29 қарашадан 5 желтоқсанға дейін демалыс күндері деп жарияланып отыр. Мұның өзі Саммит қонақтары ұшып ке­ле­тін, орналасатын күндерде де, Саммит күндерінде де, қонақтарды шығарып сала­тын күндерде де басы артық абыр-сабырдан арылтуға тиіс. Осындай жиындар тұсында қосымша қиындықтар болатынын әрбір қала тұрғыны дұрыс түсінеді деп сенеміз. – Мысалы? – Мысалы, ЕҚЫҰ Саммиті өтетін Тәуелсіздік Сарайына жақын тұстағы үш тұрғын үй кешенінің (“Хайвил”, “Гранд Астана”, “Қалалық романс”) тұрғындары сол күндерде өз үйлеріне арнайы рұқсат­қағаз көрсетіп барып кіретін болады. Сол үйлердегі 850 автокөлік иесі де өз көлік­терін тек рұқсатқағаз арқылы ғана пай­далана алады. Мысалы, сол күндерде бүкіл қала бойынша жүк көліктерінің жүруі толық тоқтатылады. Мысалы, 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында қала­дағы барлық базарлар уақытша жабылады. Осылардың бәрі барша жұртқа бірдей ұнай бермеуі мүмкін. Жұрттың бәріне жағу қиын. Бірақ, қоғамдық пікірді зерттеу астаналық­тардың Саммитке қатысты шектеулерді негізінен қолдап отырғанын көрсетеді.  Өйткені, қала қауіпсіздігі үшін, адам­дардың көп жиналатын жерлерінде мұн­дай күндерде форс-мажорлық жағдайлар кездесуі мүмкін екендігін ескере келгенде бұл шаралар өзін-өзі ақтайды. Ал азық-түлік дүкендерінің, басқа да сауда орындары­ның ешқайсысы да жабылмайды. Респуб­ликалық газет арқылы қоғамдық көліктің қай көшелер бойынша жүрісі Саммит күндері тоқтатылатынын, қай автобус­тардың маршруттары қалай өзгертілетінін айтып жатпай-ақ қояйын, олардың бәрін біз қалалық баспасөз, әкімдік сайты арқылы жұртшылыққа жеткізіп жатыр­мыз. Қоғамдық көліктің ең көп шектеу­лері Абай, Сарыарқа, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарының, сондай-ақ Сарайшық көшесінің бойында, әуежайға баратын жолда болатынын атап айтайын. Жүк көліктерінің иелеріне Тұран даңғылымен Достық көшесіне, одан әрі Комсомол кенті арқылы Қорғалжын тасжолына өтетін айналма жол бар екенін ес­кертейін. Тіпті жаңа әкімшілік орталық­тың, яғни “сол жағалаудың” тұрғын­дарына да Сығанақ көшесі арқылы Керей мен Жәнібек көшелерімен Тель­ман поселкесіне, әрі қарай Абылай хан даңғылымен Қарағанды бағытына шы­ғып кетуге мүмкіндік бар.  Ал 1 жел­тоқсан күні ресми делегациялар бас­шылары Тәуелсіздік сарайына қарай қоз­ғалатын  8.30 бен 10.00 сағат арасында сол бағыттағы көшелердің барлығы толық жабылатыны өзінен өзі түсінікті болар. 1-2 желтоқсанда сол жағалауға жүретін қоғамдық көліктің 18 маршруты­ның тек 5-і ғана жұмыс істейді. – Ондағылар да мына өмірде бірер күн аздап  қиындық көруі керек шығар... Астанада жақында өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында көр­сетілген басты оқиғасы Иосиф Кобзонның жиын кезінде оқыстан талып жығылғаны болып шықты. Қайтерсіз, біздің ағайын­дардың сондай сенсацияға құмарлығы бар. Ертеңгі жиында қонақтардың арасында бас ауырып, балтыр сыздау атымен болмайды деп кепілдік беру де қиын. Өмір болған соң ондай-ондай оқиғалар кез­деспей тұрмайды. Саммит қонақтарына медициналық қызмет көрсетудің жайы қалай қарастырылуда? – Тек осы жиынның өзіне 659 меди­цина қызметкері жұмылдырылып отыр. Қонақтар тұратын жерлерде тәулік бойы жұ­мыс істейтін 24 медицина пункті ұйым­дастырылады. Бұл іске 29 қалалық, 8 республикалық, 6 жеке медицина ме­кемесі тартылған. Сөз реті келгенде Үкі­метке разылығымызды айтып қалайық, Саммит қарсаңында қалаға 23 реанимо­биль сатып алуға қаржы бөлінді, сөйтіп, біз 10 мың адамға 1 осындай мәшинеден келетін халықаралық норма деңгейіне жет­тік. Саммит алдында бізге 12 өрт сөн­діру техникасы мен жол полициясына қажетті арнаулы 50 автокөлік алуға да қаржы бөлінген. – Қала өмірін қамтамасыз ететін кәсіпорындар нысандарының қауіпсіздігі қандай деңгейде? Инженерлік жүйелер мен коммуникацияның сенімді жұмыс істеуі үшін қандай шаралар атқарылуда? Саммит қарсаңында қаланың  біресе ана тұсында, біресе мына тұсында бірнеше сағат бойы электр жарығы сөніп қалып жүргенін қалай түсіндірер едіңіз? – Сөніп қалып жүрген жоқ, сөн­діріліп жүр. Тексеру үшін. Жөндеу үшін. Сенімді болу үшін.  “Астана-Энергия”, “Астана-Теплотранзит”, “Астана су ар­насы”, “АстанаГазСервис” сияқты ны­сан­дардың қалтқысыз жұмыс істеуіне ондай профилактикалық шаралар қажет. Олардың бәрінде де рұқсаттама режімі қатайтылып, күзет күшейтілді. Қыс ай­ларында Астанада көшелерді механика­лық тазарту кәдімгідей күрделі шаруаға айналады. Біздегі тазартылатын көше­лердің жалпы ұзындығы 496 шақырым. Саммит күндерінде көшелерді механи­калық тазарту жұмысы 2 ауысыммен атқарылмақ. – Жалпы, Саммит қарсаңында қалаға біраз салмақ түскенімен, біраз қаржы да келген сияқты ғой? – Бұл – әбден табиғи нәрсе. Астана әуе­жайын реконструкциялауға, қаладағы жолдарды жөндеуге, құқық қорғау құры-лымдарын күшейтуге қомақты қаржы бөлінді. Біреулердің Саммитке дайын­дықтың қазіргі қаржылануына байланыс­ты осынша қаржы жиынға ғана жұм­сал­ғандай көруі әбден мүмкін. Бірақ, ойлап қарасаңыз, Саммитке байланысты ат­қарылған шаруаның бәрі ол жиын өткен соң қаланың игілігінде қалатыны өзінен өзі белгілі емес пе? Ал мұндай әлемдік деңгейдегі жиынның елдің жақсы атын шығару жөніндегі бәрімізге жасайтын жақсылығын ешқандай қаржы-қаражат­пен өлшеу мүмкін емес. Саммит осын­дай биікке қол жеткізген еліміз үшін, мемлекетті дүйім дүниеге танытқан, мойындатқан, құрметтеткен Елбасымыз үшін бізді мақтаныш сезіміне бөлейді, біздің отаншылдығымызды арттырады, ертеңгі күнге деген сенімімізді, өзімізге деген сенімімізді күшейте түседі. Астана Саммиті – Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройының даусыз дәлелі. Саммит өткізгеннен кейін, 55 елден келген мыңдаған мәртебелі қонақтарды лайықты қарсы алып, лайықты шығарып салғаннан кейін біз қандай жиынды да өткізуге қабілетті, шын мәніндегі өр­ке­ниетті елге айналғанымызды бүкіл әлем­ге көрсетеміз. Саммиттен соң Қазақ­станның жаңа биікке көтерілетіні, біздің әрқайсымыз өзіміздің мүмкінді­гімізді жа­ңаша бағалайтынымыз сөзсіз. – 1973 жылы Алматыда Азия, Африка жазушыларының конференциясы ұйым­дастырылардың алдында Ғабит Мүсіре­повтің “Әзірлен, Алматы, әзірлен!” деп мақала жазғаны есімізде. Мына сұхба­тымызға да тақырыпты Ғабеңнің сол сөзіне ұқсатып, “Әзірлен, Астана, әзірлен!” деп қоятын шығармыз. Әрине, ЕҚЫҰ Саммитінің ауқымы ол кездегі шаралармен тіпті салыстыруға келмейді. Әңгіменің басында сіз кешегі Кеңес Одағында, яғни Мәскеуде деген сөз ғой, мұндайлық жиын ешқашан өтпегенін орынды айттыңыз. – Саммит тұрмақ, оның алдындағы күндерде –  26-28 қарашада өткізілетін Шолу конференциясының өзіне 2 мың­нан астам адам келеді ғой. Ол күндерде үкіметтік емес ұйымдардың 580 өкілі мен 1500-дей журналиске қызмет көрсетудің өзі оңай емес. Біз ол жайында әңгімелеп те отырған жоқпыз. – Осындай ұлы жиынның алдындағы мынандай қарбалас шақта біз де олардың бәрін тәптіштеп сұрауға уақытыңызды аядық. Ең бастысы – мына айтқан әң­гіме­ңізден Астана ел өміріндегі ең ірі оқи­ғаға тыңғылықты дайындалып жатқанына көзіміз жете түсті. Елдік сынынан абыроймен өтуді тілейміз. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.