12 Қараша, 2010

Билік пен бизнес серіктестігінің үздік үлгісі

440 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ (ҚМГ БӨ) қызметінің басым бағытының бірі – өзі қызмет ететін аймақтардағы тұрғындарға жағ­дай жасау. Атырау облысы Мақат ауданындағы қоры тау­сыла бастаған мұнай кен орындарына жа­қын орналасқан Комсомол, Қошқар және Бек-Бике ауылдарында тұратын 211 отбасы облыс әкім­дігінің бастамасымен Атырау қаласындағы және оған іргелес орналасқан аудан орталығы – Ма­хам­бет ауылындағы барлық тиісті инфра­­құры­лыммен қамтылған жаңа үйлерге қоныс аудар­ды. Айта кету керек, елімізде мұндай кең кө­­­лемдегі қоныс аудару көптен бері болған емес. Атыраулықтар үшін мұнай-газ саласының орны ерекше. Қазақ мұнайының қарашаңырағы атанған бұл аймақта ғасырдан астам уақыттан бері “қара алтын” өндіріліп келеді. Респуб­ли­ка­мыздың экономикалық қуатының негізін қа­лап отырған аймақтың мұнай газ саласы жаңа қарқынмен даму үстінде. Десек те, өткен ғасыр­дың бірінші жар­тысынан бері өнім беріп келе жатқан кеніштердің қорлары таусылуға шақ қалды. ҚМГ БӨ құрамына кіретін “Ембімұнайгаз” ӨФ игеріп жатқан 35 кеніштің қатарында Ком­сомол және Қошқар кен орындары және соған жақын орналасқан мұнайшылар ауылдары бар. Комсомол кен орны 1943 жылдан бері игеріліп келеді. 2006 жылдың өзінде бұл кеніш тиімділігі төмен кен орындарының қатарына жатқы­зыл­ды. Мұнай өндіру шығындары 1 тоннаға шақ­қан­да 37 760 теңгені құрады. Ал Қошқар кен орны болса 1940 жылдан бері игеріліп келеді. Оның тиімділігі Комсомол кенішінен де төмен. Бұл кеніштердің келісім-шарттық аумағында және іргелес жатқан жерлерде қосымша көмірсутегі қорларын барлау болашағы жоқтың қасы. Сондықтан да жергілікті тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімі жоғалып, экология, инфрақұрылым және халықты жұмыспен қамту мәселелеріне алаңдауы түсінікті жағдай. Облыс әкімдігі және басқа да мемлекеттік билік органдары күні кеше ғана ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен мұнайшылардың тағдырына бейжай қарай алмады. Облыс әкімі Бергей Рыс­қалиев тұрғындарды қолайлы елді мекендерге көшіру туралы бастама көтеріп, орталық билік органдарымен, “ҚазМұнайГаз” ұлттық компа­ния­сымен және “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-пен белсенді түрде хат алмасып аталған мәселені назарында ұстап отырды. Кешенді шешімді қажет ететін осы бір күрделі мәселе ең жоғарғы Үкімет деңгейінде қаралды. Тиімділігі төмен кен орындарын жауып, сонда тұрып жат­қан халықты жұмысқа орналастыру, ауыл­дар­дың әлеуметтік инфрақұрылымын тиісті деңгей­де ұстап тұру мәселелері пысықталды. Уақыт бол­са бір орында тұрмайды, кеніштердің тиімді­лі­гі одан бетер төмендеді, жағдай ушығып, об­лыс әкімдігі дабыл қақты. Комсомол, Қошқар және Бек-Бике ауылдарында тұрып жатқан екі жүзден астам отбасын облыс орталығы – Атырауға және көршілес Махамбет ауданының орталығына көшірудің алдын ала есептері жасалды. Ол үшін 70-тен астам үш бөлмелі, 100-ге жуық төрт бөлмелі және 70-ке жуық бес бөлмелі пәтерлер қажет болды. Пәтерлердің жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден асады. Ақырында, аталған ауыл тұрғындарын ке­зең-кезеңмен көшіру жөнінде кешенді бағдар­лама қабылданды. Өткен жылдың басында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдігіне осындай ірі жобаны жүзеге асыруды тапсырған еді. Бұл тапсырманы ойдағыдай ор­ын­дауға аймақтағы ірі жер қойнауын пай­да­ланушы – “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ белсене атсалысты, өйткені компания жұмыс­кер­лерінің біразы осы аталған ауылдарда тұра­тын. Бұл әрине, билік орындарының өз аза­мат­тарына деген жанашырлығы мен жұмыс беруші ірі мұнай компаниясының әлеуметтік жауап­кершілігінің үздік үлгісін көрсетсе керек. Атап өту керек, ҚМГ БӨ шаруашылық ету­ші субъект болып табылады және аталған ауыл­дардың тұрғындарын көшіру компанияның құзіретіне жатпайды. Бұл мемлекеттік билік органдарының атқаратын шаруасы емес пе? Сондықтан компания кейбіреулердің “тұрғын­дарды көшіру мәселесін шешуге қол ұшын бер­меді ” деген сыңайдағы сыңаржақ пікірлерімен келіспейді. “Біткен іске сыншы көп” дегендей, әртүрлі әңгіме таратушылар табылады, десек те, бұл ретте компанияның атқарған шаруасы же­тер­лік. Айтар болсақ, әлеуметтік жауапкерші­лік­ті компания ретінде, ҚМГ БӨ аталған ауыл­дарда тұрып жатқан өз жұмыскерлеріне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді. Себебі, көшірілген ауылдар тұрғындарының шамамен үштен бірін ҚМГ БӨ жұмыскерлері және олардың отбасы мүшелері құрайды. Сондықтан компания өзінің көшіру мәселесіне үлес қосуға дайын екенін растай отырып, облыс әкімі Бергей Рысқа­лиев­тің бастамасына қолдау білдірді. Бұл ретте ҚМГ БӨ көшіру шығындарының бір бөлігін жұмыскерлердің өздеріне жүктеудің дұрыс еместігін сезініп, көшетін тұрғындардың жеке меншігіндегі тұрғын үйлерге өтемақы тө­леу және басқа да қоныс аудару өтемақыларын қосқанда, барлық шығындар аталған ауылдарды кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі кешенді бағдарламада қарастырылуы тиіс деп есептеді. Сол себепті компания арнайы бағдарлама жа­са­л­ып, қаржыландыру көлемі мен кезеңдерін Үкіметтің арнайы қаулысымен бекіту керек де­ген көзқарас ұстанды. Осындай бағдарлама қабылданғаннан кейін, компания дирек­тор­­лар кеңесінің қарауына аталған ауылдарда тұратын ҚМГ БӨ жұмыскерлері мен олардың отбасы­ларына баспана сатып алуға және оларды көші-қон кезінде көлікпен тасымалдауға қаржы бөлу мәселесі ұсынылды. Соның нәтижесінде ҚМГ БӨ бөлген 750 млн. теңге мөлшеріндегі қаржының көмегімен 452 адамнан тұратын 90 отбасы көшірілді. Әрине, үш ауылдың тұрғындарын көшіру оңайға соққан жоқ, алайда ҚМГ БӨ мен Атырау облысы әкімдігінің арасындағы табысты серіктестіктің арқасында Қошқар, Комсомол, Бек-Бике ауылдарының тұрғындарына жаңа қоныстарында барлық жағдай жасалды. Әбден тозығы жеткен сазбалшық үйлерде тұр­ған ауылдықтар барлық жағдайы жасалған заманауи пәтерлерге көшірілді. Жаңа қоныс орнын таңдауда қоныс аударушылардың талап-тілегі де ескерілді. Қоныс аударғандардың бір бөлігі Махамбет ауданы орталығына көшуді қаласа, енді бір бөлігі облыс орталығын құп көрді. Ауылдас жұртшылықты жаңа тұрғылықты жерге тез бейімдеу мақсатында оларды бөліп-жармай, бірге қоныстандыру мәселесіне де назар аударылды. Әрине, бұл ҚМГ БӨ-нің облыстағы жер­гі­лікті билік органдарымен бірлесіп жүзеге асы­рып жатқан қыруар шаруаларының бір көрінісі ғана. Реті келгенде айта кетейік, келісім-шарттық міндеттемелер бойынша 2009 жылы компания облыс бюджетіне 271,5 млн. теңге аударды. Бұл қаражаттар Исатай ауданындағы Гран кентіндегі 220 оқушыға арналған мектеп құрылысына, Мақат ауданындағы Мақат кентінің сумен қамту нысандарының құрылысына, қайта жаңғыртуға, күрделі жұмысына және басқа да жобаларға бағытталды. Одан бөлек, Атырау облысының әкімдігімен іске асырылатын әлеуметтік серіктестік бағдар­ламасы бойынша 2009 жылы ҚМГ БӨ 165,5 млн. теңге бөлді. Осы қаражаттарға Аққыстау кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталайын деп қалды, балалар алаңы абаттандырылды және шағын сәулет мүсіндері орнатылды, “Мұнайшы” ауданындағы осымен аттас поселкедегі қазандыққа жөндеу жұмысы жүргізілді. Мақат кентінде мектепке дейінгі балалар мекемесін салу үшін ауданға ақысыз тегін берілген “Мақатмұнайгаз” МГӨБ-ның бұрынғы әкімшілік ғимаратын қайта салып жаңғырту басталды және Байшонас кентіндегі қазандықтың инженерлік желісі мен жабдықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ пен Атырау облысының әкімдігі қол қойған 2010 жылға арналған Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымдарын қолдау бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі әлеу­мет­тік серіктестік бағдарламасы бойынша ком­па­ния Мақат, Қызылқоға, Жылыой және Ма­хамбет аудандарындағы әлеуметтік жобаларға 420 млн. теңге бөлді. Соның нәтижесінде атал­ған аудандарда күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік инфрақұрылым нысандары жаңғыр­тыл­ды, Мақат ауданында өкпе ауруы ауруха­на­сының емделушілеріне арналған оңалту орта­лы­ғы ашылса, Миялы кентінде келесі жылы пай­далануға берілмекші дене шынықтыру-сауық­тыру кешені салынып, қажетті құралдармен жабдықталатын болады. Бұған қоса, келісім-шарттық міндеттемелер шең­берінде 2010-2014 жылдарға арналған Ат­ы­­рау облысының әлеуметтік инфрақұрылым­да­рын дамыту бағдарламасына сәйкес, “ҚазМұ­най­Газ” Барлау Өндіру” АҚ биыл Исатай ау­данындағы Аққыстау – Балғымбаев көлік жолын қайта қалпына келтіруге, Мақат кентін­дегі сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына, Қызылқоға ауда­нын­дағы Сағыз кентінде 140 орындық балабақша және Мұқыр кентінде мәдениет үйінің құры­лыс­­тарына және тағы басқа әлеуметтік жоба­ларға 278 млн. теңге бөлді. ҚМГ БӨ сондай-ақ жыл сайын Атырау қа­ласындағы “Ақ-Бота” жетімдер үйіне, мүгедек балалар үйіне, мүгедек аналар қоғамына, мүге­дектер қоғамына және зағип жандар қоғамына, көп балалы және әл-ауқаты төмен отбасы­ла­рына, қаланың спорттық ұйымдарына демеу­ші­­лік және қайырымдылық көмек көрсетеді, сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен тыл еңбек­кер­леріне материалдық көмек көрсетеді. 2009 жылы осы мақсатқа шамамен алғанда 119 млн. теңге, ал 2010 жылы 125 млн. теңге жұмсалды. Компания жыл сайын “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалының құрылымдық бөлім­шелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға қаражат бөледі. 2009-2010 жылдарға арналған шығыстар бюджетіне сәйкес, қол­даныстағы жатақханалар мен мұнай кәсібіндегі асханаларды жөндеуге және жаңасын салуға, тұрмыстық құрал-жабдықтарды алмастыруға, Доссор кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қайта құруға, 8 жедел жәрдем көлігін сатып алуға, Кенбай вахталық кентіндегі спорт кешенінің құрылысына шамамен алғанда 700 млн. теңге бағытталды. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ әлеу­меттік жауапкершілігі зор компания ретінде ал­дағы уақытта да әкімдікпен арадағы серіктестігі аясында өзінің әлеуметтік бағдарламаларын одан әрі дамытып, компания қызмет ететін аймақтардың тұрақты дамуына және өсіп-өркендеуіне ықпал етуге күш салмақ. Серік АМАНБАЕВ. Суреттерді түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.