12 Қараша, 2010

Мұнай-газ саласы еңбеккерлерінің даңқ мемориалы

902 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Орал қаласы еліміздегі көрікті де жасыл қалалардың бірінен саналады. Соңғы жылдарда қаланың көркіне көрік қосылып, абаттандыру мақса­тында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, қаланың гүлзар­лары мен демалыс бақтарын сәулет­тендіру және одан әрі көгалдандыру жөніндегі кешенді шаралар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Жақында облыс орталығы тағы да бір әсем гүл­бағымен толықты. Осы гүлбағы­ның орталық аллеясында мұнай-газ саласы еңбеккерлері мен геологтарға арналған Даңқ мемориалы ашылды. Бұл Даңқ мемориалын ашу идея­сын алғаш рет “Мұнайшы” қоғам­дық қоры көтерген болатын. Бұдан бірнеше жыл бұрын қор жетекшілері өңір басшыларына қара алтынның құт қамбасы саналатын өңірде ардагер мұнайшылардың есім­дерін мәңгі есте қалдыру мақсатында Даңқ мемориалын ашу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бұл бастама Орал өңірінде қызу қолдау тапты. “Мұнайшы еңбегін құрметтеу мақсатында, ардагер мұнайшылары­мыздың есімдерін ұрпаққа өнеге ету жөніндегі бұл бастаманы бірінші біздің қолдағанымыз орынды да заң­ды. Біздің өңір көмір қышқыл сутегі шикізатының ең мол шоғырланған және болашағы зор аймақтың бірі болып табылады. Біздің облысымыз­дың аумағында әлемдегі ең ірі кен орындарының бірінен саналатын Қарашығанақ мұнай-газ конденса­ты­ның кен орны орналасқан. Бү­гінде Қарашығанақ облысымыздың экономикалық құрылымында ең негізгі орын алады. Сонымен бірге, ол еліміздің дамуына елеулі үлес қо­сып отыр. Облысымыздың аумағын­да ірі 14 кен орны ашылған. Олар­дың барлығы дерлік қазақстандық геологтардың ашқан жетістігі. Ел игілігінің қайнар көзіне айналған бұл кен орындарын зерттеуге және дамытуға өңіріміздің мұнай-газ са­ласында есімдері ерекше құрметпен аталатын бірнеше буын мұнайшылар еңбек етті”, – деді облыс әкімі Бақ­тықожа Ізмұхамбетов Даңқ мемо­риалының ашылу салтанатында. “Газжобалау” ғылыми-зерттеу жә­не жобалау институтының атқа­ру­шы директоры, “Мұнайшы” қоғам­дық қорының өңірлік үйлестіру­ші­сінің көмекшісі Еркеұлан Тұрғамбе­ковтың айтуынша, жоғарыдағы игі шараны іс жүзіне асыруға жергілікті билік органы өте зор дайындықпен келген. Қалалық әкімдіктің жанынан құрылған арнаулы комиссия мүсін­шілер ұсынған жобаларды ерекше ыждаһаттылықпен сұрыптап, ең үздік үлгілерін таңдауға үлес қосты. Олар қалалық мәдениет және дем­а­лыс паркінің жанындағы стадион­ның қасында, қаланың ең көрікті орталығындағы гүлбағының ішінде бұл ескерткіш кешенді ашуға орын сайлады. Комиссия мүшелерінің шешімімен Даңқ мемориалының не­гізіне мүсінші Ибрагим Әйденовтің жобасы таңдап алынды. Кешен ая­сында орталық монументпен бірге белгілі қоғам қайраткерлері Мұс­та­хым Ықсановтың және Виктор Подъ­я­блонскийдің мүсіндері орна­тыл­д­ы. Бұл мемлекет және қоғам қай­раткерлері мұнай-газ кен орын­да­ры ашылып, кеңінен игеріле бас­таған жылдары облысты басқарған болатын. Мұстахым Біләлұлы об­лыс­тың бірінші хатшысы болса, Вик­тор Ильич облыстық атқару ко­митетінің төрағасы болып еңбек еткен. Кешеннің құрамдас бөлігі болып табылатын төрт барельефте есімі елімізге кеңінен танымал, Қара­шығанақ кен орнын алғашқы ашушылар Сухан Камалов пен бұрғылау шебері Сергей Лапшиннің бейнелері кескінделген. Еліміздің мұнай-газ саласының қалыптасуына және дамуына ерекше үлес қосқан КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Андрей Жарылғасов пен Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты Әділ Оразаевтың есімдері және Қарашығанақ, Теп­лов-Токарев кен орындарын ашқан, мұнай-газ саласын дамыту бастау­ын­да тұрған басқа да белгілі арда­гер­лер­дің есімі алтын әріптермен жазылды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бе­тов жоғарыда аты аталған ардагер­лермен етене жақын, өзі де кәсіби мүнайшы болып саналады. Ол бұл ардагерлермен салалық министрлікті басқарған кезде Батыс Қазақстан облысы өңірінде талай кездесіп, пікірлескен болатын. – Орал мұнай зерттеу экспеди­ция­сы әрқашан үздіктер қатарынан саналатын және үнемі жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізіп жүрді, дейді Бақтықожа Салахатдинұлы сол бір кезеңдерді еске алып. Сухан Мақсұт­ұлы Камалов Қарашығанақ кен орнындағы экспедиция ұжымдарын басқарды. Қазақстан Геология ми­нистр­­лігінде еңбек етті. Өзінің өне­гелі де жемісті еңбек жолында ол бірнеше буын кәсіби мұнайшылар өкілдерін тәрбиелеп шығарды. Мен өзімді оның шәкірті ретінде құрмет тұтамын. Қарашығанақ кен орнын игеру шежіресі өте күрделі болды. Бұл кен орнында алғаш еңбек еткендер гео­ло­­гиялық зерттеу жұмыстарын қар­жы­ландыру үшін көп тер төгулеріне тура келді. Олар бұл кен орнының ертеңгі күні мол байлыққа кенел­тетінін үнемі жоғары органдардың алдында дәлелдеумен болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін газ және газ конденсатын өткізу мәселесі де қиынға соқты. Бірнеше жыл бойы инвесторлар іздеп, күрделі ке­ліс­­­сөздер де жүргізуге тура келді. – Бүгінде Қарашығанақ– мың­даған жұмыс орны, озық техноло­гиялар орталығы және еліміздің ең үлкен салық төлеушілерінің бірі. Сонымен бірге, облысымыздың әлеу­меттік саласының дамуына “Қа­рашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” компаниясы ерекше зор үлес қосып отыр. 2009 жылға дейін ком­пания тарапынан жыл сайын әлеу­мет­тік саланы дамытуға 10 миллион доллар қаржы бөлініп келді. ҚПО-ның әлеуметтік инвестицияларының арқасында Батыс Қазақстан облы­сын­да көптеген жаңа мектептер, ау­ру­ханалар, спорт кешендері, әлеу­мет­тік және мәдени орталықтар бой көтерді. Жаңа жолдар салынды, облыстың бірқатар елді мекендеріне газ және су құбырлары тартылды. Өткен жылдан бастап компанияның әлеуметтік салаға бөлетін қаржысы 2 есе көбейді, – дейді облыс бас­шысы Бақтықожа Ізмұхамбетов әңгімесін одан әрі жалғап. Соңғы жылдары Қарашыға­нақ­тағы шетелдік фирмалар альянсымен берік ынтымақтастық байланыс жасау нәтижесінде Орал өңірін газдандыру мақсатында орасан зор жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қарашығанақ - Орал газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. 150 шақырымға созылған бұл газ құбыры ең бір кө­кей­кесті мәселе – Оралдың сол жа­ға­л­ауындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Жергілікті органдар бұл жобаның іс жүзіне асырылуын ерекше бақылауға алған. Жақын арада кешенді газ дайын­дау орталығы іске қосылмақ. Бұл – еліміздің мұнай-газ саласын­дағы аса ірі жобалардың бірі. Зауыт іске қо­сылғанда оның қуаты жарты мил­лиард текше метр құрғақ газ және 140 мың тонна сығымдалған газ өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде елімізде өндірілген газдың жар­тысынан астамы Қарашы­ға­нақ­тың үлесіне тиесілі. Сонымен бірге, мұнда көмір қышқыл сутегінің 18 пайызы өндіріледі. Өңірдегі тек әлеуметтік жобалар ғана емес, сонымен бірге кәсіпкер­лікті дамытуға да мол қаржы бөлі­ну­де. Бизнес-инкубатор жұмыс іс­тейді. “Даму” қоры арқылы аграр­лық саланың бизнесін несиелеу ша­ралары қолға алынған. Өңірдің елді мекен­деріне газ жеткізу шаралары жүзеге асырылуда. Бөрлі ауданының әкімі Болат Шәкимовтің айтуынша, бұл жұмыс кешенді түрде жалғас­тыры­луда. Бөрлі ауданының 70 жыл­ды­ғы­на арналған салтанатқа Қа­ра­шығанақ кен орнын ашудың бас­тауында бол­ған ардагерлер көптеп қатысты. Батыс Қазақстан облысы әкім­ді­гіндегі комиссияның мәлімдеуінше, өңір мұнайшыларының баламасыз еңбегін құрметтеуге арналған Даңқ мемориалын жетілдіру жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасады. Бұл кешен өңірдің өнеркәсібін дамытуда қолданылған жәдігерлермен толық­тырады. Даңқ мемориалына өңір эмблемасы мен қаланың кар­тасы орна­лас­тырылады. Сонымен бірге болашақта Даңқ мемориалындағы Құрмет тақтасы Батыс Қазақстан об­лысының есімі әйгілі мұнай­шы­ла­ры­ның тізімімен толықтырылады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.