12 Қараша, 2010

Фермерлер техникасы жаңарды

413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ауыл шаруашылығы саласын­дағы құрылымдар бұрынғыдай мем­лекетке масылдықтан арыла бас­тағандай. Оған жыл сайын ша­ру­а­­шылық құрылымдарының “Қаз­АгроҚаржы” АҚ Атырау өкілдігінің қолдауымен жаңа техника сатып алуға сұраныс бергенінен көз жет­кізуге болады. Биыл да осы құры­­лым арқылы бірнеше шаруашылық жаңа техникамен қамтылды. Әри­не, ешкім де техниканы тегін ал­май­ды. “ҚазАгроҚаржы” арқылы ли­зингке берілетін жеңілдікті өңір ша­руагерлері тиімді пайдалануға бой үйреткені қуантады. Қазан айының соңғы онкүндігінде “Ақ ниет”, “Әжібай” (Махамбет ауда­ны), “Ащысай”, “Достан ата” (Жы­лыой ауданы), “Дастан” (Махамбет ауданы), “Құрманғазы”, “Беріш” (Құрманғазы ауданы) секілді ша­руа­шылық басшыларының дала жұ­мыстарына қажетті техникал­ар­­дың түр-түріне берген сұраныстары қа­нағаттандырылып, жаңа мәши­не­лердің кілттерін қолдарына алды. – Біздің филиал жұмысын 2005 жылы бастаған еді, – дейді “Қаз­АгроҚаржының” Атыраудағы өкіл­ді­гінің бас маманы Талғат Ма­мыр­баев. – Содан бергі кезеңде мұ­най­лы өңірдің шаруашылықтарына 811 миллион теңгенің ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласында үлкен сұранысқа ие жаңа техникаларын, ең озық үлгідегі технологиялық жабдықта­­­рын жеткізіп бердік. Нақтылай айт­қанда, осы кезге дейін шаруашы­лықтардың 263 түрлі ауыл­ шаруа­шы­лық тракторы мен мәшинесін алуға берген сұраныстарын орын­да­дық. Ал былтырдың өзінде өңір­дегі шаруашылықтар өз сұраныста­рына 29 түрлі техникамен қамтыл­ды. Бұл техникалардың құны 64 миллион теңгені құрады. Зауыттан жаңа шыққан техникалардың бәрін шаруашылық жетекшілері лизинг тәсілімен сатып алып отыр. Шаруагерлердің жаңа техника сатып алуға ұмтылысы биыл да айқын байқалды. Жыл басынан бергі 9 айда түрлі маркалы 24 трак­тор, 18 ауыл шаруашылығы жұмыс­та­рына қолданылатын техниканы сатып алыпты. Енді жыл аяғына дей­ін шаруагерлердің сұранысына орай тағы да 20-ға жуық жаңа тех­ника әкелінбек. “Өйткені, шаруа­шы­лық жетекшілері лизинг жүйе­сі­­мен техника сатып алудың тиімді­лі­гін ұғынды. Мемлекет ауыл ша­руа­шылығы құрылымдарына ба­рын­ша қолдау көрсетіп, лизинг жүйесімен жаңа техникалар сатып алуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп отыр. Лизинг – жеңілдетілген несие болған­дық­тан, оның жылдық үстемесі 4 пай­ыздан аспайды. Осындай үстеме­мен 7 жылдық мерзімге жаңа тех­ни­­каны сатып алу шаруашылық жетекшілері үшін өте тиімді емес пе? Біздің өңірдің шаруагерлері де осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығы техникаларын то­лық­тай жаңартуға бет бұрды”, – дей­ді облыстық ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасы бастығының орын­­­басары Серік Сәрсекенов. “ҚазАгроҚаржы” мамандары­ның түсіндіруінше, ауыл шаруа­шылығы техникалары негізінен ТМД елдерінен жеткізіледі. Әрине, тапсырыс берушінің талғамына сай шетелдік техникаларды да жеткізу­дің мүмкіндігі бар. Атырау шаруа­гер­лерінің сатып алынатын техни­каларының 15-20 пайыздық бас­тап­қы құнын төлейтіндей ахуалы қа­лыптасқан екен. “Тапсырыс бе­ріл­геннен кейін сұратылған техника 15-20 күн аралығында жеткізіледі” дейді “ҚазАгроҚаржы” мамандары. Бұл – нарықтың талабы. Сұраныс жедел орындалған сайын әріптестер арасындағы іскерлік тұрғыдағы байланыс та нығая түсетінін тап­сырыс беруші де, оны орындаушы да жақсы біледі. Сондай байланыс “ҚазАгроҚаржының” Атыраудағы өкілдігі мен Жылыой ауданындағы “Достан ата” шаруа қожалығы ара­с­ында тығыз орнапты. Бұған дейін де шаруасы оңалып, қаржылық ахуалы жақсара бастаған шаруа қожалығы бұл жолы бір емес, бес “Беларусь” тракторына бірден тап­сырыс беріпті. – Төрт түлік мал, соның ішінде 3000-нан асыл тұқымды еділбай қойы өсірілетін біздің шаруа­шы­лы­ғымызға жаңа техникалар ауадай қа­­жет. Иелігіміздегі 20 мың гектар­­дан аса жерімізден қыстық пішен­­нің қорын молынан жинау қажет. Оның үстіне бау-бақша дақылда­рын да өсіреміз. Шұбат, қымыз се­кі­л­ді ұлттық сусындарды даяр­лай­мыз. Шаруашылық құрылымы бол­ғаннан кейін ауыл шаруашылығы жұмыс­тарына жаңа техникалардың бол­ға­ны дұрыс. Ескі техниканы қашанғы жамап-жасқауға болады, – дейді “Достан ата” шаруа қожа­лы­­ғының жетекшісі Сейітжан Балжігітов. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Суретті түсірген  Ерлан АЛТЫБАЕВ. Суретте: өңір шаруагерлері осын­дай жаңа техникаларды лизинг жүйесімен көптеп сатып алуда.