12 Қараша, 2010

Мал шаруашылығын дамытуға ерекше көзқарас қажет

751 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Үкіметтің селекторлық кеңесі осы тақырыпқа арналды Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен басталған кешегі селекторлық кеңесте мал шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Бұл селекторлық кеңес те әдеттегідей онлайн режімінде өтті. Бірінші мәселе бойынша малдәрігерлік бақылау жүйесін жетілдіру туралы баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Өскемен қаласында тұрып жасады. Себебі, осының алдында ғана еліміздің шығыс өңірінде мал шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты республикалық деңгейдегі үлкен семинар өткен еді. Ақылбек Күрішбаевтың айтуы бойынша, 2002 жылы ветеринария жүйесіне жүргізілген реформа осы қызметтің негізгі түрлерін бәсеке­лес­тік ортаға беруіне байланысты мем­ле­кеттік бюджет мойнынан біраз жүк­ті түсірген болатын. Мұнан кейін елі­міздің Бүкіләлемдік сауда ұйымы­на және Кеден одағына өтуге әзірлік жасап, өз заңдылықтарын осы ұйым­дар талаптарына сәйкес бейімдеуіне байланысты ветеринария қызметі едәуір өзгерістерге түсті. Қазіргі күні ауылдық жерлерде мал соятын алаң­дар ашу, сондай-ақ мал дәрігерлері­мен қамту жұмыстары белең ала бас­та­ды. Еліміздің ветеринариялық жүйесі халықаралық стандарттарға және Халықаралық эпизоотиялық бюроның талаптарымен едәуір дәрежеде үйлестірілді. “Ветери­нария туралы” заңға өзгерістер енгізілді. Дегенмен аталған заңның талап­та­рын орындау ісінде жергілікті жер­лерде әлі де олқылықтар жеткілікті екендігін жасыруға болмайды. Со­ның ең бастысы ветеринариялық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты болып отыр. Бүгінгі күні елімізде штаттық қыз­меттің 13 пайызы мамандардың жоқ­тығынан бос тұр. Мұның өзі ветери­нариялық саладағы іс-шараларды дер кезінде және сапалы жүргізуге, со­нымен қатар қауіпті мал аурулары­мен күрес ісінде едәуір кемшілік­тердің орын алуына ықпал етуде. Сондай-ақ әлі де көптеген елді мекендерде заң талабына сәйкес мал соятын орындар ашылмай отыр. Ашылғанның өзі дұрыс жұмыс істемеуде. Мәселен, жуықта 1353 осын­дай нысанға жүргізілген тексеру олардың 125-і мамандардың жоқты­ғынан жұмыс істемей тұрғандығын көрсетіп берді. Жалпы, қазіргі күні елімізде бар 7 066 ауылдық елді мекеннің 3 094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ. Ал басқаларында бір маманға келетін жүктеме өте үлкен. Осыған байланысты министр аталған мәселені шешудің бір жолы ретінде жергілікті атқару орган­дарына коммуналдық ветеринария­лық кәсіпорындарды құруды ұсын­ды. Баяндамашының сөзінде және баяндаманы талқылау барысында атал­ған салаға мемлекеттің қатысу­шы­лығын арттыру мәселесі көп ай­тылды. Себебі, көп мәселе қаржыға тіреліп отыр. Мәселен, заң бойынша әрбір ауданда міндетті түрде ком­муналдық қазыналық кәсіпорындар құруы қажет. Оларды құрып жарақ­тандыру үшін 35 миллиард теңге қажет екен. Мұның 24,5 миллиард теңгесін жергілікті бюджеттен алу көзделінеді. Екіншіден, Халықаралық эпизоо­тия­лық бюроның талаптарына сәй­кес еліміздегі малдардың барлығы ветеринарлық-профилактикалық шараларға тартылуы қажет. Осы үшін әр жыл сайын екі рет мал қаны диагностикалық тексерулерден өтуі керек. Оған 1,9 миллиард теңге қосымша қаржы талап етіледі. Сонымен қатар, облыстар мен аудандарда қажетті құрал-жабдық­тармен жабдықталған ветеринария­лық зертханалар болуы керек. Бүгінгі күнге дейін осындай зертхана 11 облыс пен бір ауданда салынды. Жыл соңына дейін 8 ауданда ашы­луы тиіс. Ал жалпы алдыға осындай 106 зертхана салу және оларды құ­ралдармен жабдықтау міндеті қой­ылған. Бұл шараға 10 миллиард теңгедей қаржы қажет. Сонымен жинақтай айтатын болсақ, вете­ринария саласын дұрыс жолға қою үшін алдымыздағы 3 жылда 61 мил­лиард теңгеге жуық қаржы қажет етіледі. Мұның 33 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен, 28,1 миллиард теңгесін жергілікті бюд­жеттен алу көзделіп отыр. Мұнан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің шұғыл шаруамен кетуіне байланысты селекторлық кеңесті өткізу тізгіні Өскеменде отыр­ған Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің қолына көшті. Екінші мәселе бойынша Қазақ­станда ет экспортын дамыту жайы сөз болды. Осы мәселе жайында баян­дама жасаған “КазАгро” хол­дингінің басшысы Асылжан Мамыт­беков еліміздің ірі қара мал шаруа­шылығындағы жағдайға кеңінен тоқталып, еліміздегі ет экспортының төмендеп кету себептерін ашып көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі күні Қазақстанға көршіміз Ресейдің рыногына кіру ерекше маңызды болып отыр. Бұған Кеден одағының пайда болуы біршама қолайлы жағдай туғызатыны анық. Дегенмен, ендігі кезекте Ресейдің ет импортына қоятын талаптарына жауап беруіміз қажет. Соның бірі ірі қара етін ірі партиялар бой­ынша жөнелту болып табылады. Ал бұл талапқа ірі қара санын арт­тырған және мал тұқымын асыл­дан­дырған, халықаралық вете­ри­нариялық талап­тарды сақтаған елдер ғана жете алады. Мәселен, қазіргі күні АҚШ-та 99 миллион, Аргентина мен Бра­зилияда 51 миллионнан, Ре­сейдің өзінде 21,6 миллион, Ка­на­дада 16,2 миллион мүйізді ірі қара малы бар екен. Ет импорт­таушылар осындай ірі өндіруші ры­ноктармен әріптес бо­луды қа­лай­ды. Қазақстан да осын­дай жағдайға ұмтылуы қажет. Бізде әзірге мүйізді ірі қара 6 миллион бастың айна­ласында болып отыр. Ал ет экспор­тының көлемі жылы­на 2 мың тоннаның деңгейінде қа­лып­­тасты. Бұл өте төмен көрсеткіш. Осы олқылықты еңсеру үшін осыдан біраз бұрын “ҚазАгро” хол­дингі Ресейге ет экспортын жы­лына 60 мың тоннаға дейін жет­кізуді межелеп, осыған орай ти­істі жоба­лар­ды жүзеге асыруға кі­ріскен бо­латын. Асылжан Ма­мыт­беков жо­ғарыдағы межеге қол жеткізу үшін елімізде кем дегенде 300 мың бас мүйізді ірі қараның бордақылауда тұруы қажеттігін айтты. Осы мақсат үшін елімізде кемінде 60 мал бор­дақылау алаңы жұмыс істеуі қажет. Бұл Қазақ­стан­ның қолынан келеді. ал хол­динг өз тарапынан мал азы­ғын дай­ындаушылар үшін қажетті тех­никалар лизингін ашуға әзір. Жалпы, қазіргі күні еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жү­зеге асырылу үстіндегі индус­трия­лық жобалардың маңызы зор бо­лып отыр. Осыған жақсы мы­сал­ды Ақмола облысында жұмыс істей бастаған екі тауарлы сүт фер­масының көрсеткіштерінен бай­қау­ға болады. Осы екі ферманың өзі ғана бүкіл облыста өндірілетін сүттің 15 пайызын береді екен. Сол секілді ірі қара малын бор­да­қы­лайтын әрбір алаң іске қо­сыл­ған сайын еліміздің ет экспорттау жағдайы да жақсара түспек. Ақ­мола облысы әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров осы бағыттағы облыс тәжірибесін ортаға салды. Облыстағы ірі аграрлық құры­лым­дардың бірі “Родина” фир­ма­сының басшысы Иван Сауэрдің сөзі де өтімді шықты. – Бұрын мал шаруашылығы ту­ралы айтқанда өлген адам жай­ында әңгіме қозғағандай көбінесе өткен шақпен сөйлеуші едік. Енді міне, бұл мәселе жуықта ғана Пар­ламент сағатында қаралса, онан кейін Өскеменде осыған қатысты үлкен жиын өткізілді. Бүгін енді Үкі­меттің селекторлық кеңесінде қа­ралуда. Осының барлығы мем­ле­кет­тің мал шаруашылығына, ет экспортына ерекше назар аудара бас­тағандығын көрсетіп, мені қуан­­­тып тұр, – деді И.Сауэр. Ауыл шаруашылығы министр­лігі Ғылыми инновациялық орта­лығының басшысы Айбын Төре­ха­нов өз сөзін елімізде биылғы жылдан бастап, қолға алынған мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция мәселесіне арнап, осы істің түйінді мәселелерімен бола­шағы туралы жан-жақты әңгіме қозғады. Мал тұқымын асылдан­ды­ру саласында бірыңғай мемле­кет­тік саясатты жүзеге асыруға мүм­­кіндік беретін аталған істе алға кет­кен елдердің тәжірибесіне тоқ­та­ла келе, ескеретін мәселелер ту­ралы ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Кең ауқымды селекцияны жүргізуге оның негізгі буында­ры­ның бірі болып табылып отырған “Асыл түлік” АҚ-тың әзірлігі туралы баяндап берді. Селекторлық кеңесте қаралған үшінші мәселе Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапар­баевтың бастамасымен көтерілген осы облысқа қатысты жәйттерге арналды. Онда облыс әкімі Үкі­меттің алдына облыс экономи­ка­сын одан әрі дамытуға қатысты жә­не қысқа әзірлік мәселесіне бай­ланысты бірқатар мәселелерді қойды. Олардың барлығы назарға алынып, ретімен шешілетін болды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.