12 Қараша, 2010

Көңілден шыққан көрсетілім

525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының актерлері П.И.Чайковский, А.Шнитке, Ж.Бизенің музыкасына қойылған Борис Эйфманның “Қызыл Жизель” балетін елордалықтарға көрсетті. Оны  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады. Отандық балет өне­рін­дегі айтулы оқиға саналған бұл туындыға ұжым үлкен дайындықпен келгені бірден аңғарылды. Адамның басынан өтетін қилы-қилы тағдырлы оқиғаларды осындай айтулы туын­дыға арқау етіп алып, оны халықтың көңілінен шығатындай дәрежеде сахнаға қою нағыз шебердің ғана қолынан келері анық. Бұл тұрғыдан келгенде заманымыздың көрнекті ба­лет­мейстері, Ресей Фе­дерациясының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Борис Эйфманның таланты тәнті етпей қоймайды. Әлем­ге әйгілі балетті қазақстан­дықтардың талғам талабына сай етіп шығару жолында оның аз еңбек­тенбегені, Санкт-Петербургтен әлденеше рет қазақ топырағына ат басын тірегені өз жемісін беріпті. Сахнадағы тайталасқан тағдыр­лар­дың шырқау шекке жетіп барып, үйле­сім табатыны соған дәлел болса керек. Әсіресе “Қызыл Жизельдің” басты партияларын орындаған өнер шеберлерінің музыка ырғағымен алуан түрлі қимылдар арқылы басты кейіпкер, атақты өнер иесі О.Спе­сивцеваның ішкі жан дүниесін, айналасына деген көзқарасын, қасірет қақпанында қиналған сәтте­рін үнсіз жүріп-ақ әдемі береді. Көңілден шыққан бұл қойылым ұлы балерина Ольга Спесивцеваның өнердегі жарқырап шыққан кезеңі мен қысқа ғұмырындағы қиындық­тарына арналған. Оның қайғылы тағдыры кімнің де болса көңіліне мұң ұялатпай қоймайды. Туындының авторы 1917 жылы Қазан төңкерісі­нен кейін шетелге кеткен өнер жұлдызының өмірін арқау ете отырып, өткен ғасырдағы би жанры­ның тарихын баяндайды, жаңа дәуір адамдарына ғұмыры мәңгі қасиет – адамгершілік туралы ой тастайды. Басты партияларды Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Рахметова, Құралай Сарқыт­баева, Дмитрий Сушков, балет со­листері Фархад Буриев, Әмір Жек­сенбек орындады. Қоюшы сурет­шісі Рига қаласынан келген Мар­тин Вилькарсис болса, балетмейс­тер көмекшісі қызметін Санкт-Петер­бургтің өнер шеберлері Алина Со­лонская, Сергей Зимин ат­қарыпты. Осы жолы да көрер­мен­дердің ерекше ықыласына бөленген жақсы шы­ғар­ма мұның алдында Алматы қала­сында үлкен табыспен өткен еді. Сүлеймен МӘМЕТ.
Соңғы жаңалықтар