12 Қараша, 2010

Өзара мүдделестік танытылды

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
10 қарашада Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халықтық Консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Цзя Цинлиньмен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесу барысында екі мем­ле­кеттің өзара тиімді ынтымақ­тас­тығы мен өзара саяси сенімді одан әрі нығайту мәселелері, сондай-ақ халықаралық және аймақтық саясаттың өзекті та­қы­рыптары туралы пікір алма­сыл­ды. Жоғары мәртебелі мей­ман­мен кездесуде Төраға Қазақ­стан мен Қытайдың екіжақты қатынастарын дамытудағы осы сапардың маңызын атап өтті. “Қазақстан Қытаймен стра­те­гиялық әріптестікті нығайтуды ілгерілету саясатын ұстанады”, – деді Қ.Тоқаев және ол тату көр­шілестік қатынастардың даму қарқыны мен жоғары дең­гейдегі байланыстардың жүйе­лілігін атады. Төраға Қазақстан мен Қытайдың парламент­ара­лық байланыстарының жүйелі сипатын атап өтіп, Қытай пар­ла­ментшілерімен өзара іс-қи­мылды одан әрі белсенділендіру жайында айтты. Қ.Тоқаев Халық өкілдерінің Бүкілқытай Жиналысы Тұрақты Комитетінің Төрағасы У Бан­гоға ізгі тілектестігін жолдады және оны Қазақстанға ресми са­пармен келуге шақыруын нақ­ты­лады. Төраға ХСКБК Төраға­сын Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басым ба­ғыт­тары туралы хабардар етті және экономика мен қаржы са­ласында жүзеге асқан реформа­лар туралы айтты. Дінаралық үнқатысу мен толеранттылықты қолдау жө­ніндегі оң тәжірибесі біздің елі­міздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі басымдықтарының бірі болғанын атап өте келіп, Төраға “биылғы 1-2 желтоқсанда Аста­на­да ЕҚЫҰ Саммитінің өткі­зілуі Қазақстан халқы мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың күллі әлемдегі тұрақтылық­ты нығайтуға қосқан үлесі бо­лып табылады”, деді. Өз кезегінде Цзя Цинлинь: “Қытай мен Қазақстан тату көр­шілер, жақсы дос және сенімді әріптес болып отыр”, деді. Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткен Қазақстанның табыстарын жо­ға­ры бағалай келіп, ХСКБК Төрағасы “Қытай Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті ны­ғай­туға ерекше маңыз береді”, деді және ол “бірлескен күш-жі­гердің арқасында барлық сала­лардағы қатынастар терең­деп келе жатқанын және жаңа биік­терге көтеріле алатынын” айтты. Жоғары мәртебелі мейман парламентаралық үнқатысуды тереңдетуге қытай жағының мүд­делілігін айта келіп, халық­тар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуда заң шы­ғару органдарының өзара іс-қимылының маңызды екенін атап өтті.