07 Қыркүйек, 2010

Ормандағы ахуал оңалып келеді

916 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Талбесік

Облыс басшылығы талай жылға созылған осы бір қиын түйіннің бір мәнісін тапқандай. Ол қазір қалай жүзеге асуда? Ресей жақтағы орман ішінің қызыл өрті орыстардың бек ма­­­­­­­­заларын кетіргендерін сол жақта тұратын журналист әріптестерден естіп, теледидар арқылы көріп-біліп отырмыз. Тамыздың күні солтүстік өңірде де ми қайнатар ыстық. Шал­дай, Бесқарағай орманшы­ла­ры, өрт сөндірушілер, төтенше жағдайлар басқармасы күндіз-түні табиғат күзетінде. Орман күзет­шілерінің көзін ала бере, қасқөйлер әдейі шырпы тастап үлгеретін си­яқты. Ресей ормандары табиғаттың алапат ыстық шарпуынан отқа оранып жанып жатса, біздің өңір­лердегі ағаш байлығының кезінде тікелей адам қолымен қасақана жасалған қиянаттың кесірінен өртенгенін бәрі де біледі. Ақшаға құнығу, тойымсыздықтың кесі­рінен орманды өртеуге қаскөй­лердің дәттері жетеді. Жерінің 40 пайызға жуығын орман алқаптары алып жатқан Ресейдің кейбір орманды өңірлері жалға да берілген екен, осы уақытқа дейін біздің елімізбен салыстырғанда оларда орман өрттерін болдырмау үш-төрт есеге аз болатын-ды, қалың ағаш қорын сақтауға ерекше мән беріп, спутник жүйесі арқылы бақылауға алын­ғанын да білеміз. Бізде де орманды қорғап өрттен сақтауға арналған техника, байланыс құрал­дары жеткілікті. Жетпей тұрғаны ор­манды алқаптар шетінде бәлен­бай жылдар бойы тұрып келе жат­қан халықтың санасының төмен­дігі, тоғышарлық әрекеттері болып отыр. Әрине, жұрттың бәрін бірдей тоғышар, қатыгез деп қаралаудан аулақпыз, ауыл халқының арасында да өз жеріне, туған топыраққа жан­ашырлықпен қарайтын табиғат сүйгіш жандар аз емес, бірақ, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді деп, ағаш отаған бір арамзаның аты бүкіл бір ауылға тиері де анық. Ор­манды қасақана өртеп жіберетіндер әлі де бар. Күні кеше осы мәселе Үкімет отырысында да айтылды. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Шал­дай мен Бесқарағай ормандары жаздың шіліңгір ыстығында ғана емес, салқын күз айларының өзінде өртке оранып, ел ішін дүрліктір­гені есімізде. Сол кезде “орманды кей­бір дөкейлер, тіпті орман бас­шылары өздері әдейі өртетеді екен” деген қауесет те шығып жүрді. Қос-қостан коттедж салып, қымбат көліктер мініп, аяқ астынан байып шыға келген кейбір орман басшы­лары да жазасыз кетті. Кезінде Шал­­дай ормандарын аралап өз көзі­мен көрген Шерхан Мұртаза аға баста­ған бір топ депутат та естіп-біліп, “бір кілтипан бары рас-ау” деп ой түйіп қайтқан еді. Шер­хан Мұртаза аға осы дүдамал жай­лы өзінің “Ақындар мен әкімдер” деген кітабында жазды да. Таби­ғат­тың сұлулығын, орман байлығын қатыгездікпен қырқып, тегін олжаға кенеліп, өз қоғамына жанашырлық танытпайтындардың ісі елімізге орасан зор шығын келтірді. Өңірде экологиялық ауыр ахуал қалыптаса бастады. Бұған 1997-2007 жылдар аралығында он жыл бойы оты сөнбеген орман өрттерін қосыңыз. Орманның 24 пайызы, яғни 47 мың гектар алқап өртенді. Орман­шылар қаза болды. Үйлер, қора-қопсы жанып кетті. Қалың ағашты аяусыз кесіп, отап жатқандардың да әре­кеті тыйылмады. Кейін Үкіметтің сиреп бара жатқан орман алқабын сақтап қалуды қолға алған дабы­лынан кейін жағдай біртіндеп қа­лыпқа келіп қалды. Іштен шық­қан жау жаман. Өкінішке қарай, “Ертіс орманы” табиғи резерваты аума­ғында орналасқан Шалдай және Бесқарағай орман шаруашы­лық­тарының маңайында отырған кейбір тұрғындардың өздері ата-бабасынан бері пана болып келе жатқан қара орманды аяусыз бал­та­лауға әуестенген көрінеді. Мы­на­дай деректер бар. “Ертіс орманы” шаруашылығы бойынша алғанда былтыр 5427,29 текше метр ағаш ұр­ланған болса, осының 3942,29 текше метрі Шалдай бө­лім­шесіне қарасты орман шаруашылығынан ұрланыпты. Бұдан келген шығын 137400,2 мың теңгені құрайды. Әлгі ағаш ұрлаушыларың “мені неге көрсетесің” деп орман күзетшілерін ұрып тастайтын кездері де болды. Ағаш кесу ісі жалғаса берді. Кү­зет­шілер бұған ең алдымен жергілікті ішкі істер бөлімдерінің қызмет­кер­лері кінәлі десе, тәртіп сақшылары оқиғаны уақытында хабарламайтын орманшылардың өздері кінәлі деп келді. Тексеру көрсеткендей, өткен жылы Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарында 800-ден астам заңсыз ағаш кесу оқиға­лары тіркелген көрінеді. Барлығына болмаса да жартылай қылмыстық іс қозғалыпты. Орман өрттерінің шығуына жол берген басшыларға қарсы жаза қолдануда да осындай үрдіс орын алған. Мысалы, 2008 жылы құқық қорғау органдарына жөнелтілген 145 материалдың небә­рі сегізі қылмыстық іс деп қабыл­даныпты. Ал өткен жылы жіберіл­ген 42 арыз бойынша бірде-бір іс қозғалмаған. Жағдай болса күн санап күрделеніп бара жатты. Не істеу керек? Орман ахуалының осындай ауыр жағдайын осыдан бір жарым жыл бұрын облысқа әкім болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаевтың өзі Елбасына жет­кізуге мәжбүр болды. Облыс әкімі шешуі қиын осы бір түйткілге тоқ­тау қою үшін резерватқа қарайтын орман алқаптарын тікұшақпен ара­лап, өрт пен қарақшылық әре­кеттерден оталып кеткен көрініс­терді өз көзімен көрді. Орман аумағында тұрған шаруашылық құрылымдары мен ағаш кесетін пилорама және шпал кескіштерді лицензиялау да өз кезегінде үлкен проблема тудырды. “Ертіс орманы” резерватының жалпы аумағы 277 мың гектарды құрайды, 16 орман шаруашылығы бар. Табиғат қорғау прокуроры Де­нис Өтебаевтың сөзінше, тіпті, резерват аумағында 2007-2009 жыл­дары өткен жиындарда көтерілген мәселелер, бұйрықтар мен жарлық­тар, қаулылар толығымен іске ас­паған. Орман ко­дексінің талаптары ескерілмеген. Бүгінде орман ша­руа­шылықтары орналасқан Шарбақты және Лебяжі аудандарында тұр­ғындарды мал және өсімдік шаруа­шылығына бей­імдеу жұмыстары іске асып жатыр. Ауылдықтарда “бізді орман асы­райды, ағаш ұр­ласам да күнімізді көреміз” деген көзқарас басым. Бұл ауданда ағаш кесетін 32 құрал бо­лыпты. Ал, ағаш ұрлығын тоқтату үшін Лебяжі ау­да­нында тұрғын­дарға 16 мың гектар жер 49 жылға жалға беріліпті. Облыс басшылығы орманшы­ларға, резерват басшыларына, ор­ман алқаптары орналасқан аудан әкім­деріне қатаң талап пен тәртіп қойды. Біріншіден, облыс аумағын­дағы темір жол бойымен тасымал­да­­на­тын ағаш өнімдері толық ба­қы­лауға алынды. Қазір ағаш өңдейтін құ­ралдардың 50 пайызы жойылды, тек екеуі ғана келісім-шарт бой­ын­ша жұмыс істеп тұр. Облыста “Жай­лау” секілді мал шаруашы­лы­ғын дамы­ту­ға арналған кешенді бағ­дарламалар жасалды, ауылдық­тар қолдарына қой берілді, “ағашты отағанша мал бағыңдар” – көп­шіліктің күнкөріс бағытын өзгер­туге осылай басқаша жол ашылды. Орманшылардың 70 пайызының кәсіби білімі жоқ болып шықты. Осының барлығы орман­ның жағ­дайын ауырлата түспесе, жақсарта алған жоқ. Қылмыстық әрекеттер­дің көп жағдайда ашылмай қалуы да өзінің кері әсерін тигізді. Бұрын үй ауласының ішіне орнатып алған ағаш кесу құралдарын резер­ваттан 100 шақырым қашықтыққа алып кетуге облыс әкімі Бақытжан Са­ғын­таевтың өзі ұсыныс жасады. Бұл мәселе тіпті облыстық мәсли­хат шешімімен бекітілді. Қос орман филиалындағы ағашты заңсыз кесуге қатысы бар деген тұрғын­дар­дың тізімі жасалып, олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызмет­кер­леріне тапсырылды. Сонымен қатар, резерватта 84 жеке кәсіпкер­дің жұ­мыстарының заңдылығы тексерілді. Құрамында ауыл шаруа­шылығы мен орманшылық маман­дары, аудан әкімдері бар арнайы жұмыс то­бы құрылды. Бұл күндері жер­гілікті про­куратура, ішкі істер және әділет ор­гандары да орманды қор­ғауға бел­сене атсалысуда. Осын­дай жұмы­лып, жұмыс істеу нәти­жесінде ре­зер­ватта қалыптасқан ауыр ахуал­ды толықтай өзгертуге мүмкіндік бар. Өткен жылы мысалы, 41 адам жазаға тартылды. Биылғы төрт ай­дың ішінде 14 адам жауапқа тар­тыл­ды. Нәтиже бар ма? Бар. Бұл ағаш отаушыларға үлкен сабақ болды. Қазір өрт оқиғалары азай­ды. Біз осы мақаланы дайын­дау барысында “Ертіс ор­ма­ны” ре­зерва­ты­ның жаңа басшы­сы Қазбек Әме­тов­­пен хабарласқан едік. Жағ­дай­дың тұ­рақ­ты бақылауда екенін, орман іші аман, орман шетінде отырған Шар­бақты, Лебяжі аудан­дарына қарас­ты далалық жер­лерде өрттер бол­ға­нын, оларды бүкіл ау­ыл халқы, орманшы­лар болып сөн­діріп алып отырғандарын айт­ты. Жаңа басшы өз сөзінде орман­ды қорғауға өрт сөндіруші мәши­не­лер, техни­калар, орман ішін ара­лау­ға ыңғай­лы “Нива” сияқты кө­лік­тер­дің керек екенін айтып өтті. Ос­ы жерден қалмақ қосын­дарын естерін жиғызбай қуған Абылайдың жасыл ту ұстаған сар­баздарының бірі – Барлыбай ба­тыр оларға орманды бекініс жа­сауға мұрша бермеген. Сол Абылай қалың орманды қалмақтың қолына бермей, аман сақтап қалған Бар­лыбай батыр сарбаздарына аса риза болған деседі... Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.