04 Тамыз, 2010

"Шексіз әуен" жастар орталығы ұлттық өнеріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүр

648 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Талантты жас өнерпаздардың басын біріктіріп, олардың өнер­леріне шабыт беріп, шығарма­шылықтарына бағыт сілтеп жүрген өнер ұжымдары, Құдайға шүкір, елдің бас қаласы – Астанада же­терлік. Ансамбль дейсіз бе, би тобы дейсіз бе, саз мектептері дейсіз бе, әйтеуір өнердің сан қырын ашатын өнер орталықтары шетінен ашылып жатыр. Өнерді алға қарай жыл­жытатын, жас таланттардың таны­луына елеулі ықпал етіп жүрген мұн­дай өнер мектептері мен орта­лықтарының ашылуы ата-аналар мен балаларды қуантып жатса, екінші жағынан ұлттық мәдениет пен өнерімізді насихаттаудың да өзіндік сара жолы. Осы орайда Франция, Египет, Испания, Біріккен Араб Әмірлігі, Индонезия сынды мемлекеттерде ұлттылығымызды дәріптеп, рухани қазынамыз болып саналатын төл өнерімізді таныстырып жүрген, өз­дері шағын болса да 23 рет шет­елдерге шығып, түрлі байқаулар мен фестивальдарға қатысып, ел абыройы мен қазақ атын әйгілеп жүрген Астана қаласы №2 балалар саз мектебінің жанынан құрылған “Шексіз әуен” атты жастар орта­лығының қазақ өнеріне сіңіріп жүрген еңбегін айтпасқа болмас. Бір айта кететін жайт, өткен жылы осы өнер ұжымының бір ай бойы Францияда өткен үш бірдей халықаралық фестивальдарға қа­тысып, үлкен абыройға кенеліп қайтқандарын жазған болатынбыз. Ал енді, мінеки, биылғы, яғни 2010 жылы “Шексіз әуен” жастар орталығы Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен І ха­лықаралық “Арсена” мұсылмандар фестиваліне қатысып қайтыпты. “Жүздері жарқын, түстері жы­лы, қонайқжай Индонезия халқын көргенде өзімізді, қазағымызды көр­гендей болдық. Бізді жылы қар­сы алып, ерекше ілтипат білдіріп жатты. Фестиваль салауат айтудан басталып, сосын имам Құран ба­ғыштады. Осындай жүректің ең бір абзал, ең бір пәк сезімі – Аллаға деген пендесінің махаббаты бойы­мызға керемет жігер бергендей бол­ды. Сол кезде өнер ұжымындағы домбырашы, жыршы, әнші, тер­ме­ші балалармен қоса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы Гүл­мира Мағзұмова жетекшілік ететін “Рауан” бишілер тобы, Көкшетау қалалық филармониясының таны­мал әншілері Майра Есмұқанова мен Бисара Макенова, Астана қа­лалық филармониясының домбы­ра­шылары да болды. Бәріміз қо­сылып, халқымыздың әнін айтып, биін билеп бердік. Өзге елдерден келген өнерпаздардың бізге деген ықыластары да ерекше болды. Бір жағынан олардың біздің ұлттық өнерімізге деген ілтипаттарын кө­ріп, біз де риза болдық. Осы фес­ти­валь аясында қала шеруі ұйым­дас­тырылды. Шеру кезінде әр мемлекеттен келген делегаттар өздерінің мемлекеттік туын ұстап, әнұрандарын шырқады. Қаланың әсем жерлерін аралап, бас имам­ның тек қазақстандық деле­гаттарға арналған кездесуіне қатысып, бас имамның өзі басшылық ететін медресесінде болып қайттық. Со­нымен қатар Джакарта қаласының бас имамы бізді үйіне шақырып, түс­кі ас берді. Біз үшін де бұл үл­кен абырой болды. Балалар Джа­кар­та қаласында өнер көрсетіп қана қоймай, осы қаладағы ең ірі хайуа­наттар бағында болып, әлемдегі сирек кездесетін жануарларды өз көздерімен көріп қайтты. Үнді мұхитының суына қаңтар айында суға түсу балалар үшін ешқашан да ұмытылмайтын оқиға болғаны анық”, – деп Джакарта қаласында өткен фестивальдың тынысымен “Шексіз әуен” жастар орталы­ғы­ның директоры Оспан Сүлейменов бізді таныстырып өтті. Жемісті басталған жыл нәти­желі жеміспен өз жалғасын тауып келеді. Осы жақында ғана “Шексіз әуен” орталығының ұжым мүше­лері Қытай Халық Республика­сын­да өткен “Шыңжаң халықаралық балалар фестиваліне” қатысып қайт­ты. Қазақстан, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Түркіменстан, Қырғызстан сынды 7 мемлекет қатысқан халықаралық балалар фестивалінде де қазақтың халық әні шырқалып, ұлттық биі көрер­мен­дердің көзайымына айналып, төл өнеріміз жиналған жұртшылық қауымды сүйсіндірген көрінеді. №2 саз мектебінің жанынан құрылған бас-аяғы 20-дан астам ғана мүшесі бар өнер орталығының төл өнеріміз бен мәдениетіміздің өсіп-өркендеуіне, әлем халықта­рына қазақ атын таныту жолында өз үлестерін қосып жүргеніне біз де шексіз ризамыз. Қадамдарына нұр жауып, өркендері өссін жас өрен­дердің! Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.