03 Тамыз, 2010

Сулы жер нулы жер екен ғой, шіркін!

1086 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қаратаудың етегіне орналасқан Жайылма ауылы өзінің ерекше­лі­гімен өзге елді мекендерге ұқсай бер­мейді. Рас, бұл жердің таби­ғаты оңтүстіктегі кей ауылдарға қара­ғанда қатаңдау, қысы суық және азынаған желі ілуде бір болмаса тынши қоймайды. Жел құтырынған шақта борпылдақ топырағы аспанға ұшып, айнала апалаң-топалаң болатыны да бар. Ондай қолайсыз­дықтарға қарап жатқан ауыл адам­дары жоқ, ма­лын қайырып, егінін егіп, күн­де­лікті тіршілігінен ж­а­ңылыспайды. Ауа райы жайсыздау көрінгенімен ауыл адамдарының мінездері жайдары, жылыұшырай сөйлесіп үйіріп ала кететіндігіне еріксіз сүй­сінесің. Бір кесе шәйді бірге ішкісі келіп, меймандостық таны­тып жатады. Жайылманың жұрты оншақты жылдың көлемі болды, бақша өнім­дерін егіп, саудалауға әбден төселіп алды. Әсіресе, қарбызды ерте көк­темде пленка астында бүр­кемелеп егіп, шілде айының ор­тасында жан-жаққа саудаға шы­ғаруда табыс мол. Кейде, жапа­тар­мағай қарбыз еккен­діктен өнім­­дері түгел өтпей, ысырап болып та жатады. Пенде емес пе, осындай кездері бірге іші­сіп, бірге жесіп жүр­гендердің өздері қарбызы қаржы әкеле бастаған, қолы жүре түскендерді көре алмай, қызғаны­сып қалады. Алайда, бұл бір ұмытшақ кесел сияқты бірер күн­нен соң-ақ, кешегі күңкілдесіп жүргендер бір-бірінің асарына барысып, бір-бірін қолпаштап мәз-мәйрам болысады. Өйткені, төгілген тердің заяға кетпесі анық. Жайылманың тұрғындары би­ылғы жылы атқарушы билік өкіл­деріне риза. “Айналайындар-ай, көрерміз деп тартып кетпей, қайта айналып со­ғып, Жиделіден ке­летін су жүйе­ле­рін жөндетіп берді емес пе. Ау­дан әкімі Бекмырза Еламанов сөз­ге сараңдау болға­нымен іске кел­генде ірі турайтын іскер көрінеді”, дейді ауылдың ақсақалдары. Мәселенің мәнісі мынаған сая­ды: Жайылма елді мекеніне аяқ су Қаратаудың етегінде айнадай бо­лып жатқан “Жиделі” су қой­масынан төмен қарай құлдырай­ды. Турасынан тартқанда 21 ша­қырым болатын су қоймасынан бері қарай бұралаңдаған су жолы аяқ суды же­тектеп Жайылмаға жет­кенше, талай күйді бастан өткерер. Оны анда-санда күтімге алмаса болмайды. Қанша нөпір су дегенмен, оның қаншасы жерге сіңіп, қаншасы буланып аспанға ұшпады деңіз. Осыдан тура 26 жыл бұрын екен-ау, жоғарыдағы су ысы­рабын азайту мақсатында әлгі араға тасарық (лоток) салын­ды. 21 шақырымға са­лынған су құ­рылысы 21 жылға дейін сыр бер­месе, соңғы 5 жыл көлемінде ас­ты­нан су ызы­лтатын “кеселге” ұшырады. Тіп­ті, таса­рық­­тың 22-і үгі­тіліп, бор­дай тоза бастады. Бұл де­генің қы­руар шығын, ағын судың ағысын бәсең­детіп, алға басқан “аяғын” кері тартатын кесір емес пе. Аудан әкімі жылдағы ауыл тұр­ғындарымен дәстүрлі кездесуінде осы аяқ су мәселесін қойын дәп­те­ріне жазып алып кетіп еді, оны аяқ­сыз қалдырмады. 2009 жылы таса­рық су жүйесінің жөндеу жұ­мыс­тарына жобалық-сметалық құ­жат­тар­ға сай 6,5 млн. теңге қаржы бө­лініп, ол толығымен өз мерзі­мін­­де игерілді. Ал биылғы жылы атал­мыш су жүйесінің қалған бө­лі­гін жөн­­деуге 7,8 млн. теңге қар­жы бө­лін­ді Бұл игілікті шаруаны “Иман” ЖШС сапалы жүзеге асырды. Осын­­дай қамқорлықтың арқасында бұрынғы тасарыққа 3 су тоспасы және оншақты кіші су көздіктеріне кіші су тоспалары жапсарластырыла орналас­ты­ры­лып, ағын суды пайдалану мүм­кін­шілігін арттыра түсті. Мұның өзі келешекте Жайылмада 1000 гектар суармалы жерді пайдалануға мүмкіншілік болады деген сөз. Бұл мемлекет басшысының азық-тү­лік қауіпсіздігін қорғау бары­сын­дағы бағдарламасын жергілікті жерде нақты жүзеге асырудың жолы десек жаңылыспаймыз. – Аудан әкімі бір сөзді жігіт екен. Талай мәрте айтылып, орын­далуы қиынға түскен су жүйесін жөндеу жұмысын үн-түнсіз-ақ, бітіріп берді. Ризашылығымыз шексіз, – дейді ауыл ақсақалдары Бимағанбет Зейдалиев және Әшім Мұсатаевтар. “Ертөстігім бір төбе” демекші, өзгелердің көкөніс, бақша еккен­дігі бір төбе де, жайылма­лық­тар­дың егіс егуі бір төбе. Өйткені, тау­дан құлап аққан тау суына суа­рылып, экологиялық таза топы­раққа түскен дән сапалы өнімнің кепілі. Шіркін, Жайылманың қарбызын айтсаңызшы! Нарттай қызарып, дәмі тіл үйіреді-ау. Бүй­рек, бауыр ауруларының зардабын жұла кететін қасиетіне не жетсін. Сонымен бірге мол болғандықтан бағасы да барынша арзан келеді. Міне, осыншама жақсылыққа ке­нелуге қолұшын берген азамат­тар­ға мың алғыс арнаса арттық­тығы жоқ. Істің тетігін тапты деген осы. Биылғы жылы Жайылма ауы­лын­дағы 9 шаруашылық қыруар жерге бақша және көкөніс екті. Оның 180 гектары таза көкөніс. Әсіресе, Әлімбай Шідербаев бас­шылық жасайтын “Шоқымазар” шаруа қожалығы, Бағдат Мұсатаев иелік ететін “ Жиделі” шаруа қо­жалығы, сондай-ақ, Убайда Әби­бул­лаевтың “Бектас” шаруа қожа­лық­тары өнімді еңбек етуде. Қа­зіргі кезде олардың өнімдерін Ақтөбе, Қарағанды, Алматы қала­сынан келген кәсіпкерлер таласа-тармаса саудалап, өз өңірлеріне тасу үстінде. – Өнім жетеді, егу кестесін жүйелі қалыптастырғандықтан өнім сатылап піседі, – дейді төрағаның бірі Бағдат Мұсатаев. Иә, су жүрген жер ну екен ғой, шіркін! Жайылмалықтардың жарқын жүздеріндегі қуаныш адал бейнеттің рахатын көрсеткендей Нұрмахан ЕЛТАЙ, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы.