03 Тамыз, 2010

Қазақстанда электронды қызмет көрсетудің жайы қалай?

585 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Уақытпен үндескен үрдіс Біріккен Ұлттар Ұйымы әзірлеген элек­трон­­ды үкіметке жаһандық дайындықтың жыл сайынғы рейтингі бойынша Қазақстан Ресей (59-орын), Беларусь (64-орын) және Украина (54-орын) елдерін артта қалдырып, әлемдік рейтингте жоғары сатыға көтерілу арқылы бірқалыпты алға басушылықтың айқын нышандарын танытуда. Елде 70 мыңға жуық (заңды да, жеке де тұлғалар) “Е-үкімет” қызметін пайдаланушылар тіркелген. Азаматтардың электронды мемлекеттік жо­ба­ларға “электронды қатысуы” көрсеткіші бой­ынша классификациялауда Қазақстан 0,5270 индексімен (24-орын) әлемдік орташа дең­гейден айтарлықтай алға шығып, 2008 жыл­­­мен (106-орын) салыстырғанда 18-орында тұр. Әлем елдерінің электронды үкіметті пайда­лануға дайындық деңгейін бағалау БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік даму депар­таментінің қызметі аясында жүзеге асыры­лады. Ол жыл сайын әлемдегі 192 ел бойынша осы технологиялардың әлеуеті мен даму мүм­кін­діктерін көрсететін есепті жариялап отырады. БҰҰ рейтингі көшбасшыларының алғашқы бестігінде бұрынғысынша Оңтүстік-Шығыс Азия­ның, Батыс Еуропа мен Солтүстік Аме­риканың, Корея, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Нидерланды сияқты жетекші елдері тұр. Қазақстан рейтингінің көтерілуіне жалпы пайдаланымдағы ақпараттық жүйелер мен желілерді модернизациялауға және жаңаларын енгізуге бағытталған тиімді технологиялық саясаттың тұрақты түрде жүргізіліп отыруы, сол сияқты, қазіргі заманғы және жоғары сапалы қызметтер рыногының дамытылуы өзінің оң ықпалын тигізді. ІCT-Marketіng зерттеу компаниясының жыл сайынғы жүргізетін зерттеулеріне сәйкес, 2009 жылдың соңында 3,16 миллион адам немесе Қазақстан Республикасы халқының 19,8 пайызы интернет қызметін пайдаланған. Осылайша, оның алдындағы бір жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 30 пайыздан астамға ұлғайған. Мәселен, 2008 жылдың соңында ең болмағанда айына бір рет интернет қызметін пайдаланатын тұрақты интернет аудитория Қазақстан қалаларында интернет пайдаланатын ересек адамдардың 84 пайызын құраса, бұл сан өткен 2009 жылдың соңында 92 пайызды құраған. Интернет пайдаланылатын негізгі орын бұрынғысынша үйлер, яғни пәтерлер болып қалып отыр. Егер 2008 жылдың қазан айында 70 мыңнан асатын тұрғыны бар қалалардағы ересек интернет пайдаланушылардың 56 пайы­зы интернетті өз үйлерінде қолданса, 2009 жылдың соңында бұл көрсеткіш 61 пайызға жеткен. Оның есесіне жұмыстағы интернет 2008 жылғы 17 пайыздан 2009 жылы 14 пайызға төмендеген. Мемлекет пен азаматтар үшін “Электрон­ды үкімет” қызметін ұсынуда да елеулі нә­ти­желер бар. “Электронды үкімет” порталы тұ­рақ­ты жұмыс істеуде, сол сияқты, оны дамыту ісі де одан әрі жүргізілуде. 2009 жылдың өзін­де 15 түрлі қызмет қосымша іске қосылған. Оған қатысушылар қатары қазіргі кезде 1,6 миллион адамнан асып отыр. Бүгінде пор­тал­да барлығы 59 электронды қызмет жүзеге асырылып, оларды 45 мыңнан астам адам пайдаланған. Мәселен, электронды қызмет арқылы сот­­талмағандығы туралы, жылжымайтын мүлік­тің бар немесе жоқ екендігі туралы, ӘДК мен СТН туралы анықтамалар алуға болады. Бұ­лар­ды электронды-сандық қолтаңбаның кө­мегі арқылы ғана жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының 28 Тір­кеу орталығы ашылды. Бүгінде Ұлттық куә­лан­дырушы орталықтың 53 мыңнан астам элек­тронды-сандық қолтаңбалары шығарылды. Орталық мемлекеттік органдардың элек­тронды мемлекеттік қызметтерін дамытудың сыртында, жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызмет көрсетуді дамыту жөнінен де елеулі жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, 2009 жылдың қарашасында “Е-әкімдік” жүйесі тәжірибелік пайдалануға қосылды, ол қазіргі уақытта 5 электронды сервистер ұсыну арқылы Павлодар облысы әкімдігінде сынақтан өтуде. “Электронды үкімет” мәселелері және инфрақұрылымның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінен нормативтік актілер пакеті әзірленіп, элктронды қызметті қар­қынды алға бастыру жолымен мемлекетті да­мы­туға бағытталған Шеберлік-жоспар бекі­тіл­ді. “Электронды үкіметтің” жаңа компо­нент­терін құру және дамыту жөнінен де белсенді жұмыстар жүргізілуде. 16 әкімдік, оның ішінде Астана мен Ал­маты қалалары бар, Электронды құжат айна­лы­мының бірегей жүйесіне қосылды, ве­домствоаралық құжат айналымы орталығына модернизациялау жұмыстары жүргізілді. “Электронды үкіметтің” Төлем шлюзін дамыту шеңберінде екінші деңгейлі банктер­мен интеграция жолға қойылып, төлем кар­талары және ағымдағы банктік шоттарды пайдалана отырып төлем төлеудің тетіктері жүзеге асырылды. Сол сияқты, төлем карталары, банктік шоттар және СМС арқылы мобильді оператордың қыс­қа нөмірі бойынша төлем төлеу тетіктері де қарастырылды. Екінші дең­гейлі төрт банкпен қызметтестік жолға қойылды. Олардың қатарында Казком­мерцбанк, БТА, Нұрбанк және Ресей жинақбанкі сияқты қаржы ұйымдары бар. Қазірдің өзінде төлем шлюзін пай­далана отырып Салық комитетінің 120 түрлі салықтары мен Әділет министр­лігінің қызметтеріне ақы төлеуге болады. “Электронды үкімет” пен электронды қызметті дамыту бағыты бойынша 2009 жылдың желтоқсан айында Астана қа­ласында қанатқақты аймақта “Е-нота­риат” Бірегей нотариалдық ақпараттық жүйе инвестициялық жобасы өнеркә­сіп­тік пайдалануға қосылды. Ол нотариус­тардың тиімді жұмысын және олардың республикалық, аумақтық нотариалдық палаталармен, Әділет министрлігімен, халықпен арадағы тиімді жұмысын қамтамасыз етіп, сапалы да уақытылы нотариалдық қызмет көрсетуге әрі нотариалдық іс-қимылдардағы есептілік­­тің нақтылығын қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болады. 2010-2012 жылдары бұл тәжірибе бүкіл республикаға тара­тылады деп жоспарланып отыр. Атал­мыш жобаның жүзеге асуы мәмілелер жасаған кезде заңды және жеке тұлғалардың құжаттарын, жылжымайтын және жылжый­тын мүліктерді, сондай-ақ жер учаскелерін салыстыру мен тексеру есебінен алаяқтықтың орын алу тәуекелдерін төмендетпек. Өткен жылдан бастап “Е-лицензиялау­дың” Мемлекеттік мәліметтер базасын құру жөнінен жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде жүйеге 10-шақты мемлекеттік орган қосылды, биылғы жылы тағы да осынша меморгандар қосылатын болады. Жоба толығынан 2012 жылы аяқталады деп күтілуде. Қазірдің өзінде лицензияр мемлекеттік органдар лицензия­ларды электронды түрде беруді қолға алды. Мемлекеттік электронды сатып алулар порталы қазіргі таңда еліміз бойынша ең көп пайдаланылатын порталдардың бірі болып отыр. Автоматтандырылған интеграцияланған “Электронды мемлекеттік сатып алулар” ақпараттық жүйесі тапсырыс берушілер мен өнім жеткізушілердің мұқтаждарын бірегей ақпараттық ортада үйлестіре отырып, “Электронды үкіметтің” жалпы бейнесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Мемлекеттік сатып алуларды электронды жолмен жүзеге асыру осы саладағы сыбай­ластық заң бұзушылықтарды болдырмауға, процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етуге, сонымен бірге, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге жағдай туғызып, шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізуіне жол ашатын болады. Уақытпен үндескен қызмет түрінің бүгінгі таңдағы даму көкжиегі міне, осындай. Бұл бағытта қазірдің өзінде қомақты табыстарға жетіп отырған Қазақстанның болашақта бұдан да зор асуларды аларына күмән жоқ. Оған бүгінгі қол жеткізілген жетістіктердің өзідері-ақ дәлел бола алады. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. Электронды жүйенің мүмкіндіктері мол Жақында Жоғарғы Сот аппа­раты басшысының орынбасары Болат Сақалов Шығыс Қазақстан облыстық сотына арнайы қызмет сапарымен келді. Оның мақсаты – “Сот істерінің анықтамалығы” атты жаңа электронды жүйенің тұсаукесерін өткізу. Аталмыш ша­раға облыстық сот алқаларының төрағалары, аудандық соттардың, соттар әкімшісінің, облыстық соттың қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар тұсаукесерге құ­қық қорғау органдарының, про­куратураның, ШҚО бойынша ҚРБП ҚС және АЕКБ-ның, өзге де мемлекеттік органдардың, ад­во­­­ка­тураның, бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өкілдері шақы­рылды. Соңғы жылдары Жоғарғы Сот Қазақстанның сот жүйесіне жаңа ақ­параттық технологияларды ке­ңінен және жоспарлы түрде енгізу жұмыстарын жүргізуде. “Элек­трон­ды үкімет” бағдарламасы ая­сында барлық соттарда “ҚР сот органдарын бірыңғай автоматтан­дырылған ақпараттық-талдау жүйе­­сі” бағдарламасы орнатыл­ған. Аталған бағдарлама сот жүйе­сі ішін­де де, сол сияқты оның сыр­­тын­да да электронды құжат ай­на­лы­мын қамтамасыз ете оты­рып, сот істерін жүргізуді бір жүйеге келтіріп отыр. – Бағдарламаның авторы және оны әзірлеуші Жоғарғы Со­т аппа­раты басшысының орын­ба­са­ры Болат Сақаловтың қажыр­лы еңбегінің арқасында сот жүйе­сі жаңа техникалық жетістіктерді пайдалану арқылы дамудың жаңа сатысына ауысып, қарқынды жұ­мыс істеуде. Қазіргі уақытта сот оты­рыстары дыбыс-бейнежазу жүйесін пайдалану арқылы өткі­зіледі, бейнеконференцбайланыс жүйесі ойдағыдай жұмыс істеуде, – деп атап өтті Шығыс Қ­а­зақ­стан облыстық сотының төрағасы Мұ­хамеджан Пақырдінов тұсау­кесер рәсімінде. Сонымен қатар, облыстық сот­­тың төрағасы Мұхамеджан Па­­қырдінов, Елбасымыздың рес­пуб­лика судьяларының V Съе­зін­де ақпараттардың айқынды­лы­ғы мен тұрғындардың қолже­тім­ділігі, сот жүйесінің жариялы­лығы мен ашық­тығына үлкен мән берген, сон­дықтан сот жүйе­сін барлық жер­де ақпарат­тан­дыру аталған мін­деттердің жүзеге асуы­на алғы­шарт болады деп аталған шараның тұсауын кесті. Болат Сақалов қатысушы­лар­ды жоғарыда аталған бағдарлама ая­сында “Сот істері анықтамалы­ғы­ның” негізгі жұмыс істеу қағи­да­ла­рымен таныстырып, Шығыс Қа­зақ­стан облыстық сотының рес­ми сай­тында осы қызметтің тех­ни­ка­лық мүмкіндіктерін көр­сет­ті. Бо­лат Сақалов әлемнің көп­теген елдерінің арасында сот жүйесіндегі іс жүргізу тек қана Қазақстанда толық түрде элек­тронды (қағазсыз) жүйеге ауыс­қанын атап өтті. Шараның соңында қатысу­шы­лар Болат Сақаловқа оның бел­­сенді азаматтық ұстанымы, жо­ға­ры отансүйгіштік қасиеті үшін, қолданыстағы электрондық бағ­дар­­ламаға жаңалықтар енгізу арқылы сот өндірісін ақпараттық және технологиялық қолдаумен қамтамасыз еткені үшін алғыс­тарын білдіріп, еңбегіне табыстар тіледі. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.