03 Тамыз, 2010

Әлем өткен аптада

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Санкция сансыратады Иранға қарсы санкцияларды Еуроодақ толық қолдап отыр жә­не оны жүзеге асыруға кірісті. Олар Иран мұнай-газ секторына инвестиция салмайды және осы салада бұл елге технологиялар мен құрал-жабдық сатпайды. Иранның жетекші 40 саясаткері Еуроодақ еліне келе де алмайды. Сондай-ақ Иран банктері – Еуропада, Еуроодақ банктері Иранда қар­жылық аударымдар жасай алмай­ды. Иран басшы­лы­ғы қаншама даурықпа мәлім­де­мелер жасап, санкция өздеріне түк емес деген­мен, ол бұл елдің экономикасына үлкен соққы болып тиеді. Премьер қызметінен кетті Үкімет басшылары қызме­ті­нен кетіп жатады. Оңтүстік Ко­рея премьер-министрі Чон Ун Чхан­ның кетуі қызықтау болды. Бұ­рынғы ел басшылығының үкі­меттің жарты­сын ел астанасы Се­ул­ден оның оңтүстігіндегі Сеч­жон қаласына көшіру жөніндегі жоспарына өзгеріс енгізе алма­ғанына, яғни оны парламентте өткізе алмағанына өзін кінәлі санаған. Астананы ішінара кө­шіруге қазіргі Прези­дент Ли Мен Бак та қарсы. Бұл артық қаржы жұмсауға, әкімшілік сапыры­лыс­қа соқтырады дейді олар. Премьердің бұл қадамы енді парламентті де ойландырар. Генералдарды жыққан жансыз Чехияның әскери барлауы ресейлік бір жансызды әшке­ре­леді. Әшкереленген Роберт Р. Ресейге қашып үлгеріпті. Бірақ өз кезегінде Чехияның жоғары шенді үш генералын жығып кет­ті. Жансызға елдің үлкен ме­кемесінің адамы мағлұмат беріп отырған екен. Мұны естіген соң, президенттің әскери кеңсесінің бастығы Франтишек Грабал, Чехияның НАТО-дағы өкілі Йозеф Сетлак және Бас штаб бастығының бірінші орынбасары Йозеф Прокш дереу қызмет­те­рінен кететіндерін мәлімдеген. Жасамыс әжелер — Жапонияда Міне, ширек ғасырдан бері Жа­пония әйелдер жасының ұзақ­тығы жөнінен бірінші орында келеді. Онда әйелдердің орташа жасы – 86,44 жыл болса, ал ер адамдардың орта жасы 79,59 жыл. Бұл да аз емес-ау, әлем елдері арасында бесінші орында. Елдің денсаулық министрлігі алдағы уақытта бұл елде адам­дардың орташа жасы өсе түседі дегенді айтады. У суға қосылмасын Қытайдың солтүстік-шығы­сын­­дағы Цзилинь провинция­сын­да тасқын су кезінде жер­гілікті екі химиялық кәсіп­орын­ның 7 мың бөшкесі Сунгари өзе­ніне ағып кетіпті. Оның 4 мыңы бос екен де, 3 мыңында тез от ала­тын улы химикаттар бар кө­рі­неді. У суға қосылса, өзен бой­ын­дағы халыққа қауіп. Аталған өзен Ресей мен Қытайдың шека­расындағы Хей­лундзянға (Амур) құяды. Содан Ресей де шошып отыр. Соңғы хабарға қарағанда, бөшкелер негізінен “ұсталған” көрінеді. Жаңбыр жаудан да жаман Пәкстанда нөсер жауын әрқашан болып тұрады. Бірақ дәл осындай алапат жауын соңғы 80 жылда болмаған екен. Жер дүние топан суға айналып кеткендей. Ең жаманы – сол топан судан халықтың біразы қашып құтыла алмапты – соңғы мәліметке қарағанда, 1100 адам суға кетіпті. Сығанның да елі бар Сығандардың жүрмейтін жері жоқ, бұлардың елі жоқ па дейміз ғой. Бар екен. Болгарияның ішкі істер министрі Цветан Цвета­нов­тың мәлімдеуіне қарағанда, оның елі Румыниямен бірлесе отырып, Франциядан қуылған сығандар­ды өздеріне қабылдап алуды қа­рас­тырып жатқан көрінеді. Ал Румы­нияның премьер-министрі Эмиль Боктың пікірінше, Еуро­одақ елдері сығандарды жан-жақты қыспаққа алып, кемсітетін сияқты. Милиционер фашистер Ресейдің Оңтүстік Сахалин қалалық соты ұлтшыл милицио­нерлерге, осында құрылған “Сла­вян одағы” экстремистік қауым­дас­тығының мүшелеріне үкім шығар­ды. Фашист милицио­нерл­ердің жетекшісі саналатын қыл­мыстық іздестіру бөлімінің офи­цері Иван Розенко 4 жылға сот­талса, ұйым­ның тағы бір мүшесі шартты түрде 2 жылға кесіліпті. Жұмсақ жаза оларды райынан қайтара қоймас. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.