03 Тамыз, 2010

Қуаңшылықпен күрес күшейе түсті

579 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ақтөбе өңірінде соңғы он бес жылдықта болмаған құрғақшылық болып тұр. Ала жаздай нәр тамбағандықтан көктемде үлкен үмітпен себілген егін күйіп кетті. Шөптің шығымы да нашар. Бастапқыда қолдағы малды қыста жем-шөппен қамтамасыз ету күрделі болатындай көрінген. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов дер кезінде бұған назар аударып, қуаңшылықтың салдарын жоюдың кешенді шараларын алды, күрделі жағдайдан сүрінбей өтудің бірқатар сенімді қадамдарын жасады. Облыстық мәслихаттың сессиясында облыстың алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген Елеусін Нау­рызбайұлы өзі бас болып басшы азаматтарға, кәсіпкерлерге аз қамтылған отбасыларына жемшөптен көмектесуге шақырған үндеу тастады. Ол өңірдегі қалыптасқан қуаңшылық жағдайға байланысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына құрғақшылықтың салдарын жою және әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға ұсыныстарын жолдап та үлгерді. Облыста және аудандарда қуаң-шылықпен күрес жөніндегі арнаулы штабтар құрылып, мал азығын дайындау мен астықпен қамтамасыз ету бақылауға алынды. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен өткен актив мәжілісіне қала және аудандардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, еңбек ардагерлері шақырылып, мал азығымен және астықпен қамтамасыз етудің қалыптасқан жағдайда қалай шешілетіні тағы бір пысықталды, өзекті мәселені шешудің жолдары әңгіме болды. Жиынды қысқаша сөз сөйлеп ашқан Елеусін Наурызбайұлы шешімі табыл­майтын мәселе болмайтынын, бұл бағытта көп шаруалар жасалып жатқанын жеткізді. Халықтың абыржуына негіз жоқ екенін, басқармалар мен департаменттер басшылары аудандарға бекітілгенін, олардың жұмыстың қаншалықты деңгейде атқарылып жатқанына бақылау жасайтынын айтты. Ауылдарға баратын ақпаратық-насихаттық топ мүше­ле-рінің назарын нақты жағдайға қатысты адамдармен түсінік жұмыстарын жүргізуге аударды. Бүгінгі мәжілісті өткізудегі мақсат облыста осындай түйінді мәселелерді шешудегі шаруалардан хабардар ету, науқандық жұмыстарды жүргізудің бағыттарын кең отырып талқылау екеніне тоқтала келе, алыпқашты әңгімелердің нақты жағдайдан тым алшақ жатқанына назар аударды. Содан кейін активке қатысушылар алдында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаев мал азығын дайындау, егін орағына дайындық және малдәрігерлік шаралардың жүзеге асырылуы жайында баяндады. Ол қыста қардың аз түсуінен, сәуірден бастап шілде айының ортасына дейін жаңбыр жаумағандықтан өңірде қатты құрғақшылық болғанын, көктемде себілген 713,0 мың гектар дәнді дақылдың 523,0 мың гектары күйіп кеткенін мәлімдеді. Бұл барлық егін алқабының 72,0 пайызы жарамсыздыққа ұшырады деген сөз. Оның айтуынша, қалған 208 мың гектардан орта есеппен 2 центнер немесе 41,2 мың тонна астық жиналады деп күтілуде. Егін орағы Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарында және Ақтөбе қаласы маңындағы шаруашылық құрылымдарында жүргізілетін болады. Өзі аласа егіннен шығын болмас үшін комбайндарды қайта жарақтандыру қажеттігіне көңіл аударды. Сондай-ақ көктемгі егіске бөлінген субсидиялардың игерілмей отырғанын сынға алды, аудан әкімдеріне бұл бағытта шұғыл шаралар алу тапсырылды. –Дәнді дақылдармен бірге шабын­дықтардағы шөптің шығымы да нашар. Аудандардың берген есептеріне қарағанда, өткен жылдан қалған пішенді қосқанда қажетті 1159 мың тонна мал азығының 1085 мың тоннасы ғана дайындалды. Бұл қажетті пішеннің 94,0 пайызын құрайды. Тек Байғанин, Ойыл және Шалқар аудандары ғана қажетті шөпті толықтай дайындап алуға есеп жасап отыр, –деді Ерсайын Әжібаев. Үстіміздегі жылғы 14 маусымнан 8 тамыз аралығында облыста мал азығын дайындаудың екі айлығы жарияланды. Мал азығын дайындауда үздік көрсеткіштерге жеткен аудандарды ынталандыру үшін 5,0 млн теңге қаралған. Облыс әкімі жанар-жағармайды 50 пайыз арзандатуға 150,0 млн. теңге және тұрғындарға арзандатып берілетін пішенді дайындауға кететін шығынды субсидиялауға 173,0 млн. теңге бөліпті. Қазір облыста 1743 мал азығын дайындаушылар бригадалары мен звенолары жұмыс істеуде. Алты аптаның қорытындылары шығарылып, Шалқар және Қобда, Ырғыз аудандарының мал азығын дайындаушылары жеңімпаз болыпты. Ерсайын Әжібаев қажетті көлемде мал азығын дайындаудың шараларын алмай отырған аудан әкімдерін сынға алды. Олардың мал санын азайтуға бағыт ұстап отырғанын, бұлай істеуге болмайтынын қадап айтты. Қуаңшылыққа байланысты Үкіметтен 70,0 мың тонна жем бөлу сұралғанымен әзірге мәселе ашық күйінде қалып отыр. Соған қарамастан, аудандардың қанша жем сатып алатыны туралы жоба-жоспарлары жоқ көрінеді. Темір ауданы ғана солтүстік облыстармен жемдік астық сатып алуға келісім жасасыпты. Мал азығын дайындаудың екі айлығының бірінші айында 669,9 мың тонна пішен дайындалған. Соңғы екі аптада жұмыс қарқыны артқан. Дегенмен қолдағы малдың санын кемітпей, қыстатып шығуға қажетті жем-шөпті дайындап алу үшін бұл бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарын күшейту, шөп шабуға комбайндарды қосу, есептен шығарылған алқаптарды құжаттандырып, оларды жайылымға немесе шабындыққа пайдалану және басқа өзекті мәселелер сөз болды. Барлық аудандарда бір тонна пішеннің шектік бағасын белгілеу қажеттігі айтылды. Ол сондай-ақ, облыстағы малдәрігерлік сауықтыру шараларын жүргізу барысымен, мал сою пункттерін салудің жай-жапсарымен де таныстырып өтті. Облыс басшысы бірқатар аудандардың әкімдерін мінберге шығарып, мал азығын дайындаудың барысы туралы есептерін тыңдады, күрделі жағдайдан шығудың жұмыс жоспарларын саралады. Кейбір күмәнді жәйтерді нақтылап, жеткілікті жем-шөп қорын жасаудың қосымша мүмкіндіктерін өзара ақылдасты. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырудың жолдарын анықтап, нақты тапсырма, кешенді кеңес берді. Жоспарларға түзету енгізіп, мал азығын қалай дайын­дайтындықтарын, жемді қайдан алатын-дықтарын, жалпы қазіргі жағдайды ежелей сұрады. Жоба-жоспарлары нақты­ланбаған кейбір әкімдердің есептері араға бір-екі апта салып тыңдалатын болды. Өңір басшысы астық мәселесіне де кеңірек тоқталды. Облыста 65 мың тонна астық жатқанын, Үкіметтен тағы 122 мың тонна астық сұрағанын жеткізді. Мұның тек облыс халқын ұн және нан өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңдеу кәсіпорнының жұмыстарын тоқтатпауға жететініне баса назар аударды. Себебі, көптеген өңдеу кәсіп­орын­дары өз өнімдерін экспортқа шығара­ды. Сондай-ақ, облыста ұн және нан өнімдерінің бағалары тұрақты болатынына сендірді. Нанның бағасын өзгелерден гөрі қымбаттау ұсынып тұрған “Ақтөбенан” кәсіпорнының жұмыс стилін сынға алды. Ал жемдік астық туралы солтүстік облыстардағы әріптестерімен хабарласқанын, келісімге келудің алғышарт­тары бар екенін, оны тұрғындарға арзандау бағамен өткізудің мүмкіндіктері қарасты­ры­­латынын жеткізді. Дегенмен аудан әкімдеріне де осы шаруаларды жүйелей түсулері қажеттігін ескертті. Аудандарға бекітілген өкілдердің ат сабылтып бос уақыт өткізіп қайтпай, түйткілді мәселелерді сол жерде шешуге, көмектесуге тапсырма берді. Ауылдың әр тұрғынының қорасындағы малы жеммен және пішенмен қамтамасыз етілуі басты назарда болатындай жұмыстар жүргізілуі қажеттігін қадап айтты. Ірі шаруашылық құрылымдары мен басшы азаматтарды аз қамтылған отбасыларына тегін жем-шөп түсіріп беруге көмектесуге шақырды. Сондай-ақ, шөп шығымы тәуір аудандардан арзан пішенді жеткізуде ілкімділік жоқтығын да жасырмады. Бұл мәселенің әсіресе, Ақтөбе қаласында шешімін таппай отырғанын сынға алды. Мал санын кемітуге жол берілмейтінін қадап айтты. Мұндай басшылардан қатаң сұралатын болады деп түйді өз ойын. Өңір басшысы мал азығының, жемнің және азық-түліктік астықтың жеткілікті қорын жасау үшін алынып жатқан шараларды, атқарылып жатқан жұмыстарды таратып айтып, облыстағы қалыптасқан жағдайдан толық хабардар етті. Облыста ондай жағдайларды болдырмаудың барлық мүмкіндігі қарастырылып, шаралар алынғанына нақты мысалдар келтірген облыс әкімі Елеусін Сағындықов бұл бағытта Үкіметтің де қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Актив мәжілісінің іскерлік жағдайда өткені соншалық лауазымды азаматтар басшы болудың жеңіл емес екенін кәдімгідей сезініп қалды.Нағыз іскерлік пен ілкімділік көрсететін сындарлы сәттен кім қалай шығады, оны алдағы уақыт көрсетпек. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.