03 Тамыз, 2010

Тарих тылсымынан сыр тартып...

567 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылы “Мәдени мұра” республикалық бағдар­ламасының аясында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық пар-тиясы “Киелі мұрамызға тағзым” акция­сын бастаған болатын. Осыған орай партияның Жамбыл облыстық филиалы көне тарихи жәді­гер­леріміз бен ескерткіштерді сақтау және жаңғырту, түркі мәдени кешендерін әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыру, ең бастысы туристік орындарға айналдыру мақсатында далалық семинар ұйымдастырды. Екі күнге созылған семинарға қатысқан “Нұр Отан” халықтық-демо­кратиялық партиясы облыс-тық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, “Меркі жастары”, “Шу жастары” ком­му­налдық мемлекеттік қа­зыналық кәсіпорындарының белсенділері, Меркі және Шу аудандарындағы “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшылары, жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өкілдері Меркі ауылы аймағында орналасқан балбал­тастар мен мүсіндерді, Шу ауда­нының Жайсаң алабындағы көне түркі ескерткіштерін аралап көрді. Оларды аталмыш тарихи жәдігер­лермен Ә.Марғұлан атындағы Архе­ология институтының қыз­мет­кері, тарих ғылымдарының док­то­ры Айман Досымбаева бастап жүрді. Семинарға қатысушылар ең алдымен екі жарым мың жылдық тарихы бар, қола дәуірінен сыр шертетін “Меркі – 1” қорға­нының тарихымен танысты. Келесі бағыттардың да жоспар­лары осында айқындалды. Бұдан соң қатысушылар келесі нысан “Меркі - 8”, яғни Сұрат ескерт-кіштеріне табан тіреп, әрқайсысы бір-бірінен 2-3 метр қашықтық сала орналасқан көптеген қойтастарды тамашалады. А.Досымбаеваның айтуынша, мұндағы ескерткіштер қойтастарға түрлі өрнектер салынуымен ерекшеленеді. Бұл туралы 2003 жылғы “Тараз. Жамбыл облысы” энциклопедиясында ғалым былай деп жазыпты: “Ескерткіштер қатарында тасқа түсірілген көне түркі руналық жазулармен бірге маньчжур жазуы және түрлі таңбалар бар. Көне түркі жазуы бір қойтасқа, таңбалар мен петро­глифтер оннан астам қойтасқа түсірілген. Тастағы суреттерде көбіне таутекелер бейнеленген”. Соның біріне түсірілген алғашқы руналық жазулардың мағынасы – “Менің ата-бабамның киелі жері” немесе “Бабамның киелі тауы” деген ұғымды білдіреді екен. Бұл тарихи нысан VІ-VІІ ғасырларға жатады, яғни 1400 жыл бұрынғы ескерткіштер қатарынан саналады. Ал, мұндағы басты мәселелердің бірі – аталмыш орын жайлы қысқаша мәлімет жазылған тақтайша орнату. Себебі, еш­қандай дерегі жоқ, бірақ тарихи маңызы зор орын аяқ астында жатыр. Тарихи ескерткіштерді тама­шалаған топтың келесі бет түзеген бағыты Сақ қорғандарының бірі – “Ақшешек сайы” болды. Меркі шипажайының маңайында орна­ласқан “Ақшешек сайында” оннан аса қорым бар екенін көпшілік біле бермейтіні де анық десек, одан сәл жоғарыда қазба жұмыс­тарының орны жатыр. Онда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген А.Досымбаеваның айтуынша, тау-шатқалдарда 78 тас мүсін бар. Олардың тең жартысында ер, өзгесінде әйел кісі бейнеленген. ХVІІ-ХVІІІ ғасыр­ларға жатқы­зы­латын нысанды кейде “Кене­сарының Шу аймағы” деп те атайтын көрінеді. Мұнан кейін семинарға қаты­сушылар Аспара қаласының орнында болды. Аспара – орта ға­сырдан сақталған көне ша­һар­лардың бірі. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан дерек көздерінде бұл қала жайлы мәліметтер Қытай және араб жазбаларында кездеседі. Сонымен қатар, ХІV ғасырдың соңы мен ХV  ғасырдың басында мұнда Әмір Темір әскерлерінің тұрғандығы анықталған. Төрт жағынан биіктігі 30-35 метр дуалдармен қоршалған қамалдың ішінде шамамен осыдан 500 жыл бұрын қарапайым халық ғұмыр кешкен. Осындай көне қалалардың бірі – Меркі. А.Досымбаева: “Меркі бір кездері үлкен қала болған және оның дәурен құрған кезеңі кейбір деректердегідей VІІІ-ХІІІ емес, VІ-ІХ ғасырлар”, – дейді. Бұл сондай-ақ, батыс Түрік қаға­на-тының астанасы болған, сол себепті ел басшысы да осында өмір сүрген. Сөз етілген жайттарға бай­ланысты археолог онда бірер жыл­дар жүргізген зерттеу жұ­мыс­тарының нәтижесінде мәліметтер картасын жасапты. Өкініштісі, кезіндегі үлкен қаланың бір бөлігінің үстіне бүгінгі таңда түрлі ғимараттар салынып кеткен. Екі күндік семинардың алғашқы күні осында тәмамдалды. Іс-шараның екінші күні қа­ты­сушылар Шу өңірінде орналасқан түркі ескерткіштерімен танысты. Олар, ең алдымен, Хиям қор­ға­нында болды. Нысан адамның және табиғат құбы­лыстарының әсерінен бұзылып, қирап, әбден тозығы жеткен ескі қамал екен. Бірақ, қабырғаларының біраз бөлігі әлі де ап-анық көрінетіндей сақталыпты. Семинарға келгендер Жайсаң алабындағы 27 ескерт-кіштің біразын аралады. Олардың барлығы да VІІ-VІІІ ғасырларға жататын, бүгінде мемлекет қорғауына алынған жәдігерлер болып саналады. Аталған орын­дарда негізінен тас мүсіндер, соған балама ретінде саналатын стелла тәріздес баған тастар орна­тылыпты. Биіктіктері де әртүрлі болып келген ескерткіштер жер­ленген адамның халық арасындағы беделін, дәре­жесін білдіреді екен. Ал, сыртына төрт жақтаулы қабырға тәріздес қоршау салынған және іші тола тас. Бірақ, бұл зират болмаған, тек сол маңайдағы жерленген адамдарға құран оқып, мал соятындай зиярат орны болған, тас саны сондай зиярат етіп, сыйынып, тілек тілеген адам санын білдіретін көрінеді. Тарихи орындарға жасалған екі күндік семинардың соңғы нүктесі Қасқырсай, Балталы жерінде қойылды. Мұндағы тау-тастың беткейіне қашалып салынған барыс, бұқа мен бұғының 100-ге жуық суреті, осы сайдан көптеп кездесетін таңбалар мен жазбалар бір кездері өмір сүрген баба­ларымыздың тұрмыс-салтынан сыр шертері сөзсіз. Осы жерде семинарға қатысушылар алған әсерлерімен бөлісті, мұндай ша­ралар алдағы уақытта жиі ұйымдастырылып тұрса деген ойларын да айтты. Альмира ОМАРОВА,  журналист. Жамбыл облысы, Меркі, Шу аудандары. Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЕВ.