03 Тамыз, 2010

Бағаны тұрақтандыру басты бақылауда

765 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Cоңғы кезде еліміздің кейбір аймақтарында азық-түлік бағалары күрт көтеріліп, толғақты мәселелер туындауда. Әсіресе, нан бағасына байланысты алып-қашпа әңгімелер көпшілікті елеңдетіп отыр. Ағым­д­а­ғы жылғы құрғақшылық бір­сы­пыра аймақтардағы егістіктің етек жаюына кері әсерлерін тигізіп, егін шығымын, яғни бидай өнімін азайтпақ деген де болжам бар. Осы бір толғақты сауалдар алтын күздегі егін орағында өз жауаптарын алатын болар. Сыр аймағы халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы өңірде 160,2 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Ол өткен жылмен салыстырғанда, 5,6 мың гектарға артық. Айта кетейік, ағымдағы жылғы ауқымды жұмыстар нәтижесінде биылғы жылы мол өнімге негіз қаланды деп айтуға әбден болады. Әсіресе, Сыр маржаны – ақ күріштің шығымы көпшілік көкейіндегі күдікті сейілтіп, үмітті оятып отыр. Сыр­дария өзеніндегі судың мол­дығы ақ күрішті алқапты суландырып отыруға толық мүмкіндік берген. Демек, Сыр аймағы тұрғын­да­ры­ның күрішке деген сұраныстары биылғы жылы да қамтамасыз етіл­мек. Күріш бағасы да тұрақтайтын болар. “Қазагромаркетинг” акцио­нер­­лік қоғамының бізге берген деректеріне жүгінер болсақ, Сыр аймағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағалары өткен айлармен салыстырғанда, біршама төмендеген. Атап айт­қанда, Сыр жерінде макарон өнімдері – 3,3, сиыр еті – 0,3, жұмыртқа – 7,3, сүт – 7,8, картоп – 10,6, пияз –4,2, қияр – 18,5, қызанақ – 40,5, алма 12,5 пайызға арзандаған. Ал, ұн, күріш, жылқы және қой еттері бағалары тұрақты бағада тұрған көрінеді. Аса маңызды, яғни көпшілік күнделікті тұтынатын азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақ­са­тын­да “Қызыл­ордаа­гросервис” МКК-нің қаражаты есебінен 20,0 млн. теңге қаржы қаралған. Осы қаржы арқылы көршілес Оңтүстік Қазақ­стан облысынан арзан бағаға картоп және көкөніс өнімдерін көптеп тасымалдауға көңіл бөліп отыр. Өйткені, Сыр аймағына қарағанда Оңтүстік Қазақстанда көкөніс өнімдері әлдеқайда арзан көрінеді. Сондықтан да бүгінгі күнге дейін облысқа 105,4 тонна картоп, 8,5 тонна пияз, 3,5 тонна қырыққабат және өзге де көкөніс өнімдері жеткізілген. Бұл өнімдер алдағы уақытта да тұрғындар сұ­ранысына сай тасымалдана бермек. Сөз орайы келгенде айта ке­тейік, Сыр аймағында нан өнімдері қымбаттаған жоқ. Бұған септігін тигізген жақында облыс орта­лы­ғындағы “Шапағат-сүт” ЖШС жа­нынан тәулігіне 30 тонна нан және нан өнімдерін шы­­ғаратын зауыт­тың іске қосылуы болар. Кә­сіпорын нан бағасын тұрақтандыру мен оның сапасын жақсартуға мейлінше жол ашып отыр. Содан да қала тұрғын­дарының сұранысы күн санап көбейе түсуде екен. Бұл кәсіпорын бүгінде облыс орталығы тұр­ғындарының 63,3 пайызын қамтамасыз етіп отырған сыңайлы. Нан және нан өнімдері баға­ларын тұрақтандыруда, яғни қым­бат­татпауда еліміздегі “Азық-түлік ке­лісім-шарт” корпорациясы ар­қылы жоспарлы жұмыстар жүр­гі­зілуде. Қазақстанның астықты өңір­лерінен Сыр бойына қолайлы бағада ұн өнімдері жеткізілмек. Әрине, бұл өнімдер нан өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлерге оң­тай­лы бағалармен беріліп, олар тұ­тыну­­шыларға қолайлы бағамен ұсынады. “Қызылордаагросервис” мемле­кет­тік коммуналдық кәсіпорнының директоры Қ.Тоғызбаевтың бізге берген деректеріне жүгінер болсақ, соңғы жылдары Сыр аймағының ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілеріне асыл тұқымды мал және ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеуге және қайта өңдеуге қажетті құрал жабдықтарды техникаларды лизинг жолымен алып беру ба­ғы­тында қомақты жұмыстар жасалуда екен. Яғни, өткен жылы кәсіпорын қолдауымен 8 инвестициялық жоба қолға алынған. Осы жобалардың басым бөлігі ағымдағы жылы іске қосылады деп күтілуде. Осының нә­тижесінде күріш дақылының жаңа сорттарын шығару, оны аудан­дастыру және өндіріске енгізу мақсатында нақты жұмыстар жүзеге асырыла бастады. Сондай-ақ жұ­мыртқа өнімдерін көптеп өндіру, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында да бірсыпыра игі істер қолға алынуда. Мал тұқым­да­рын асылдандыру бағытында да нақты тірліктер жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде елімізде азық-түлік бағаларын бақылауға алуға және оны тұрақтандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Осыған орай, сыр аймағында да жоспарлы да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Сыр аймағында да азық-түлік бағасын бақылау және тұрақ­тандыру басты назарда қала бермек. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.