03 Тамыз, 2010

Жүзден жүйрік

581 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жамбыл Фазылов – Алматы қаласының “2010 жылдың үздік дәрігері” атанды Қалалық денсаулық сақтау бас­қармасы жыл бойына атқарыл­ған істеріне есеп беріп, жетістікке жеткен әріптестеріне құрмет көр­сетуді, кәсіби байқау өткізуді дәс­түрге айналдырған. Биылғы бай­қау да табысты өтіп, нәтижесі бой­ынша “2010 жылдың үздік дә­рігері” жүлдесін қаладағы 76 мем­лекеттік аурухана мен емханалар арасында №5 қалалық клини­ка­лық аурухана дәрігері Жамбыл Фазылов жеңіп алды. Бір айта кетерлігі, бұл байқау­дың жыл сайынғы талабы күшейе түсуде. Мәселен, биылғы байқау негізінен төрт кезеңнен тұрды. Біріншісі, қатысушы өзі жұмыс жасайтын емдеу мекемесі ұжымы­ның жалпы жиналысында байқау­ға қатысуға лайықты деп танылуы керек болса, екінші кезеңде Ден­саулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау және фарма­цевтикалық қадағалау комитеті базасында теориялық деңгейін анықтау үшін тестік емтихан тап­сырды. Онда байқауға қатысқан 40 үміткердің 6-уы ғана қал­ды­рылды. Үшіншісі – дәрігердің мануальді деңгейін анықтау мақ­сатында Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универ­си­тетінің симуляциялық орталық базасында 6 кезеңнен сүрінбей өтті. Соңғы асу Алматы қаласы ден­саулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетов бас­таған комиссия мүшелерінің алдында “Мен көшбасшымын” деген жоба аясында өзін таныс­тыру, тәжірибелік деңгейі, қандай жаңа инновациялық тәсілдерді қолданғаны туралы 10-15 минут­тық есебін ұсын десек, сол ко­миссия мүшелерінің шешімімен Жамбыл Фазылов бірінші орынға лайықты дәрігер деп танылды. – Адам баласы бас иетін кәсіп иелерінің бірі – дәрігерлер. Денсаулығының, өмірінің қадірін білетіндер өздеріңізді қашанда құр­мет тұтады. Арларыңыз ақ ха­латтай кіршіксіз таза, жүректе­рі­ңіз мейірімді болсын, – дей келе салтанатты жиында жүлдегерлерді марапаттаған қала әкімі Ахметжан Есімов Алматыда жеті денсаулық сақтау кешенін салу жоспарлан­ғанын, дағдарысқа қарамастан 2010 жылы денсаулық сақтау саласына 27,2 млрд. теңге қаражат бөлініп отырғанын, бұл өткен жыл­ға қарағанда 1,5 есе артық еке­н­дігін атап өтті. Бір айта кетерлігі, бөлінген қаржының нақ­ты нәтижесі арқасында қалада өлім саны азайып, бала туу көрсеткіші өскен, сонымен қатар еркектердің орташа өмір сүру жа­сы 4 жылға, әйелдердікі 1,5-ке артқан. Ал жеңімпазымыз жайлы айтар болсақ, Жамбыл аталмыш аурухананың балалар жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігері, медицина ғылымдарының канди­даты. Жалпы, бұл бөлімше бала­лардың туа біткен бет аймағын­дағы ауытқулары, ерін және таң­дай жырықтары, туа біткен есту жолының болмауы, жақ сүйек­те­рінің жүре пайда болған ауытқу­лары, дамымай қалуы, әр түрлі қатерсіз ісіктер, сонымен қатар тістен пайда болған, жұмсақ және сүйек тіндерінің жарақаты ауру­ларын емдейді. Бөлімшенің жаңа инновациялық тәсіліне келсек, ол кезінде Қазақстан мен Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінде тұң­ғыш рет құлақ жолын ашу опера­циясын ұсынып, бүгінде практи­када кеңінен қолдануда. Міне, бұл отандық дәрігерлердің қолда бар технологияларды қолдана отырып, қол жеткізген жетісті­к­терін қай жағынан болса да мақтануға тұрарлық үлкен еңбек деп бағалауымыз керек. Жаңалыққа, ізденуге жаны құмар жас маман өз саласында инновациялық тәсілдерді белсен­ді өндіруге атсалысуда. 1994 жы­лы Ұлттық медицина универси­те­тін, одан екі жылдық клини­калық ординатураны бітірген соң аталмыш оқу орнының балалар жа­сындағы стоматология кафе­дра­сының ассистенті әрі бөлім­ше дәрігері болып қызмет атқа­рып келеді. 2002 жылы канди­дат­тық диссертациясын ойдағыдай қор­ғаған жас ғалымның келеше­гінен әлі күтеріміз көп. Бір айта кетерлігі, білікті ұй­ым­дастырушы, кәсіби маман, ме­дицина ғылымдарының канди­да­ты Жанат Қасымжанова басқа­ра­тын №5 клиникалық аурухана­ның дәрігерлері соңғы жылдары бәй­ге­нің алдын бермеуде. Жоға­ры са­натты дәрігер Ұлбала Әділ­ха­нова 2007 жылы Алматы қала­сы мен республиканың үздік дә­рігері атанса, 2009 жылы А.Аман­ғалиев пен М.Әуелбаев өз сала­сында республика бойынша 3-ор­ын­ды иеленді, ал “Үздік мейір­бике” жүл­десін 2008 жылдан бері қол­дан бермей келеді. “2010 жыл­дың үздік медбикесі” марапа­ты атал­мыш аурухананың мед­би­кесі Мәдина Баеваға бұйырған еді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.