03 Тамыз, 2010

Адамдарға ажал әкелген апат

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“Апат айтып келмейді” дейді атам қазақ. Жуырда Жамбыл облысы аумағындағы 20 адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы осы сөзді еріксіз қиналыспен тағы бір еске түсірді. Осыған орай өт­кен сенбіде Ішкі істер министр­лігінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдері үшін арнайы шұғыл бри­финг ұйымдастырды. – 31 шілдеде шамамен таңғы сағат бес жарымда Мерке қаласынан 10 шақырым жердегі Алматы – Ташкент тас жолының 339-ыншы шақырымында Шым­кент қаласынан Алматыға бет ал­ған “Мерседес-бенц” қалааралық автобусы “Норт-бенц” маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Кө­ліктер соқтығысқан кезде өрт туындап, нәтижесінде көліктер толығымен жанып кеткен. Оқиға орнында 20 адам, оның ішінде автобустың 18 жолаушысы, авто­бус жүргізушісі және жүк көлігінің жүргізушісі қайтыс болды. Алдын-ала деректер бойынша автобуста 49 жолаушы болған. Мерке аудандық орталық ауру­ханасына 23 жолаушы жеткізіліп, оларға медициналық көмек көр­сетілді. Олардың алтауы, оның ішін­де төрт Өзбекстан азаматы әр­түрлі дене жарақаттарымен ауру­ханаға жатқызылды. Көлік құралдарының иелері және қайтыс болған жүргізу­ші­лердің жеке бастары анықталды. Сонымен қатар қайтыс болған жолаушыларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Министрлік басшылығының тап­сыр­масы бойынша ІІМ Жол поли­циясы комитеті төрағасының мін­детін атқарушы полиция полков­нигі Николай Калашников осы өңірге аттанып кетті. Қазіргі уа­қытта оқиға орнында Жамбыл об­лысы ІІД-нің тәжірибелі қызмет­кер­­лерінен құралған арнайы тергеу тобы жұмыс істеуде. Жол-көлік оқиғасының себептері анықталуда. Алдын-ала деректер бойынша жүк көлігінің жүргізу­шісі рөлде қалғып кетіп, қарсы келе жатқан автобуспен соқты­ғысқан. Жүргізілген талдауда көрсе­тіл­гендей, техникалық қауіпсіз­дікті және жүргізушілердің жұ­мыс уақыты мен демалыс ре­жі­мінің сақталуы үшін автокөлік кәсіпорындары мен жүк және жолаушыларды тасымалдау кө­лік­тері иелерінің жауапкершілігін заңнамалық деңгейде күшейту қажет делінген ІІМ-нің баспасөз қызметінің берген мәлімет­терінде. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.