31 Шілде, 2010

Қауіпті дерттен сақтанайық

786 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Туберкулез адамзатқа оның қоздырғышы ашылғанға дейін белгілі болған. Египеттегі археологиялық зерт­теулер кезінде ішкі органдары туберкулезбен зақым­далған адамның мумиясы табылған. Мумияның жасы 2 мың жыл деп есептелген. Қазіргі күнде де туберкулез таяқшалары өзін ұмыттырмай отыр. Ауру деңгейі өте жоғары, ал егер өлім туралы айтсақ әр минутта дүниежүзінде туберкулезден бір адам өледі. Туберкулез ауруынан эпидемиологиялық жағдай емхана бойынша да, қала бойынша да қиын болып отыр. Туберкулез ауруымен ауыратын науқастар саны­ның көбеюі тек әлеуметтік-маңызды аурулар есебінен ғана емес, белсенді науқастардың контин­гентіндегі туберкулездің мультирезисті нысанының меншікті салмағының өсуімен анықталып отыр. Туберкулез ауруын анықтау бактериоскопиялық диагностикаға, рентген-флюоролық тексеруге негізделген. Емханада қақырықты микроскопиялайтын бинокулярлы микроскоптармен жабдықталған зертхана бар. 2009 жыл ішінде емхана бойынша 470 флюоросы оң тұлғалар анықталды, солардың ішінде 111 туберкулез ауруымен ауыратын науқастар болып шыққан. 2010 жылдың 6 айы ішінде 41 адамнан туберкулез ауруы анықталған. 2009 жылдың осы мерзімінде 38 адам есепте тұрады. Туберкулез бактериялары ауа арқылы таралады. Олар туберкулезге шалдыққан ауырған науқастардың өкпесінде өсіп, таралады. Осыдан клеткалар тобының қабынуы, одан кейін бұзылуы басталады, өкпенің ыдырауы, атап айтсақ миллион бактерия орналасатын тесік пайда болады. Солардың ішінен туберкулез бактериялары жөтелу, түшкіру, әңгімелесу кезінде қоршаған ортаға бөлінеді. Туберкулез бактериялары ауада бірнеше сағат болуы мүмкін. Ал егер туберкулез ауруының ашық түрімен (жұқпалы) ауыратын науқас ұзақ уақыт бойы дұрыс желденбейтін ғимаратта болса, ауада таралған бактерияларды сол жерде жүрген басқа адамдар жұтады. Бұл туберкулездің ауа-тамшылары арқылы жұғатын басты жолы. Сондықтан ешкім туберкулезді жұқтырудан сақтандырылмаған. Өйткені ауа бәрімізге ортақ. Туберкулезді кез келген жаста жұқтыру мүмкін, әсіресе организмі әлсіз балаларға қауіпті. Егер туберкулез ауруымен ауыратын науқаспен ұзақ уақыт және жиі байланыста болсаңыз жұқтыру қаупі өседі. Коха таяқшасымен күрестегі ең басты көмекші – иммунды жүйе. Оны әлсіздендіретін кез келген фактор организмді инфекция алдында қорғансыз етеді. Солардың ішінде ұйқының қанбауы, шаршау, стресс, физикалық жүктемелер және таза ауада болмау, дұрыс тамақтанбау (әсіресе аш болу), созылмалы инфекциялар және әрине ЖҚТБ, лейкоздар. Қауіптің және бір факторы – шылым шегу. Коха таяқшаларының орналасатын сүйікті орны – өкпе. Ол жерде олар белсенді көбейіп, өкпе клеткаларын бұзады. Сонымен қатар бацилла қанды сорып, организмді улайтын уды тудырады. Осыдан туберкулездің алғашқы белгілері пайда болады – әлсіздік, тершеңдік, безгек. Организмді әлсіздендіретін факторлардан аластай отырып, туберкулез ауруынан өзіңізді және басқаларды мынадай жолмен қорғай аласыз: дұрыс тамақтану, еңбек, демалу ережесін сақтау, таза ауада көбірек болу, шылым шекпеу, ішімдікке әуес болмау, ғимаратта тазалық ұстау, жеке ыдыс, гигиена заттарын қолдану, т.б. Отбасында туберкулезбен ауыратын науқасты анықтаған уақытта міндетті түрде дәрігердің кеңесін орындау қажет. Профилактикалық негізді айтсақ, ол өзіне әлеуметтік-профилактикалық және санитарлық-гигиеналық іс-шаралар бойынша тұрғындардың өмірін және тұрмысын сауықтыру жағдайларын, физикалық мәдениетті және спортты үйлестіреді. Балаларды және жасөспірімдерді БЦЖ вакцинасы­мен иммунизациялау туберкулездің алдын-алуда маңыз­ды рөл атқарады. Туберкулинді қолдану арқы­лы өткізілетін жаппай алдын-алу тексерулер – ауруды ерте анықтауға мүмкіндік беретін Мантуға реакцияны қою, флюорографиялық зерттеулер жатады. Өзіндік емдеумен айналыспаңыз. Ауру неғұрлым ерте анықталса, сіздің ағзаңызға соғұрлым аз залал тиеді, тезірек және толықтай сауығуға мүмкіндік береді, айналадағыларға да тиісінше инфекция аз таралады. Гүлмира ЖҰМАНБАЕВА, “7-қалалық емхана” МКҚК бас дәрігерінің МҚСБ жөніндегі орынбасары. Астана.