31 Шілде, 2010

Академик Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ: Арманым — жақсы ғылыми еңбекпен әкеме ескерткіш орнату

914 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
– Әбдімәлік Нысанбайұлы, ғылым саласындағы қызметіңізге елу жыл толған екен. Сізді осы елеулі оқиғамен құттықтай отырып, өзіңіздің ғылым жолындағы шығармашылы­ғыңыз­дың қайнар бастаулары, ғалым бо­луыңызға ықпалын тигізген кісілер туралы білгім келеді. – Қазақтың кең даласы рухани қазынаға дархан екені белгілі. Оның әрбір қырында өзіндік тұнып тұрған тарих бар. Оларды елеп-екшеп, шынайы тұстарын, ақтаңдақ­тарын айқындай алсақ, онда сан ғасырлық рухани байлығымызды бағалағанымыз. Міне, халқымыздың жадында сондай өзіндік сүбелі орны бар өлкесі болып саналатын Сыр өңі­рін­дегі Қарауылтөбе ауылында өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғында дүниеге келдім. Кезінде әкемді бұрынғы кеңестік саяси жүйе “халық жауы” деп әділетсіз жала жапқандықтан, тотали­тарлық режімнің қыспағының қандай бола­тынын жастайымнан сезініп өстім. Кейін ол кісінің ақталуына қол жеткізгеніме тағдырға ризалы­ғымды білдіремін, бұл ғұмырда адам үшін әділдік пен әділеттіліктің орны ерекше екен. Әділдікке қарай ұмтылу – менің өмірлік қағи­датыма айналған еді. Жас­тайымнан арманым жақсы ғылыми жұмыс пен тартымды еңбектер жазу арқылы әкеге ескерткіш орнату. Менің өмірде азамат болып қалыптасуыма, кейін ғылым жолына түсуіме Қатира апам мен Рысты әжемнің сіңірген еңбегі зор. Сондықтан оларды әр кезде құрметпен еске аламын. Ал енді өзім көптеген қазақ жастары сияқты білім мен ғылымның ордасы болған Алматыға жетуге асықтым. Сөйтіп, 1960 жылы жолдамамен еліміздің Ғылым академиясының қабырға­сында, нақтырақ айтсақ, алдымен Химия ғылымдары институтында, содан кейін Философия және құқық институтында ғы­лымдағы еңбек жолымды бастадым. Содан бері ғылым кеңістігінде қызмет атқарға­ныма 50 жыл толған екен. Осы жарты ғасыр­лық үздіксіз ғылыми ізденістер мен ақиқатқа ұмтылыстардың мен үшін қиын­дығы да, қызығы да мол болды. Ғылым саласында қазіргі кезеңге дейін ғылыми қызметкерлік лауазымның төменгі сатыла­рынан институт директоры және Қазақ энциклопедиясы бас редакторы дәрежесіне дейінгі қызметтердің барлығын атқарып шықтым. “Математикадағы ақиқаттың табиғатын ашудағы сәйкестік принципінің маңызы” атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны көрнекті ғалым, профессор И.В.Кузнецовтың ғылыми жетекшілігімен Мәскеуде 1964 жылдың аяғында қорғадым. Ол кездегі ғылым саласындағы диссертация­лық қорғаулар қазіргі кезеңдегімен салыс­тырғанда, әлдеқайда күрделірек болатын. Мектеп пен институтты қазақ тілінде бітіріп, еліміздің бұрынғы астанасында орыс тілінде математиканың күрделі философиялық-дүниетанымдық және логикалық-әдісна­малық мәселелерін зерттеу оңай шаруа емес болатын. О.А.Жәутіков, Б.А.Розенфельд, А.Н.Колмогоров сияқты атақты математик-ғалымдардың лекциялары мен көмектері көп септігін тигізді. Сол кезеңдегі еліміздегі философия саласындағы Б.М.Кедров, Ж.М.Әбділдин, Қ.Х.Рах­матуллин, Э.В.Ильен­ков, В.С.Степин, В.А.Лекторский сияқты көрнекті мамандармен ғылыми-шығармашылық қарым-қатынаста болып, нағыз кәсіби шыңдалу мектебінен өткеніме қуаныштымын. Кейінірек, 1975 жылдың басында “Математикалық білімді синтездеу мен дамытудың диалектикалық-логикалық принциптері” атты тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Шын­туайтына кел­генде, кейінгі шығармашылық табыстарға жастық шақта қордаланған сапалы білім мен дағдылар үлкен теориялық іргетас болды. Міне, соның арқасында үздіксіз ғылыми ізденістер жасаудың көптеген қыр-сырларын меңгеріп, қазіргі уақытқа дейін ондаған монографиялар мен жүздеген мақалалар жаздым. Олардың ең таңдаулылары қазіргі кезеңде әлемнің 25 тілінде жарық көрді. Бұл менің қазақ жеріндегі философиялық ойлау мәдениетінің өркендеуіне, Қазақстан Рес­пуб­ликасының жаңа тарихи кезеңдегі ор­нық­ты дамуына, өзінің рухани тәуелсіз­дігін нығайта түсуіне қосқан үлесім деп білемін. – Халықаралық аренада жарық көрген еңбектеріңіз және ғылыми жаңалықтарыңыз туралы нақтырақ айтып өтсеңіз. Жалпы халықаралық деңгейде Қазақстан ғылымы­ның таныла түскені оның бәсекеге қабілеттілігін көрсетпей ме? – Жалпы мәдениеттің бір көрнекті салалары ғылым мен философия болып табылады. Біз ғылым және соның негізінде техника мен технологияны жан-жақты дамыту арқылы ғана өркениетті елдердің санатына қосыла аламыз. Жаппай бәсеке­лестік белең алған заманда өзімізді ешқан­дай әлеуметтік және экономикалық қыспақтардан қорықпай, лайықты деңгейде ұстай аламыз. Рухани қауіпсіздікті нығай­тудың бір векторы – еліміздегі ғылымның дамуын сапалы деңгейге көтеру екені анық. Әрине, түрлі ғылыми орталардың қаржысына біздерді шақыруын құп алып, халықаралық конференциялары мен конгрестерінде ғылыми баяндамалар жасап, журналдарында мақалаларымызды жария­лап, кітаптарымызды жарыққа шығарып отырса, онда Қазақстан Республикасындағы ғылым деңгейі мен қазақ халқының рухани кеңістігі туралы әлем халықтары тереңірек және кеңірек таныса түсетініне шүбә келтіруге болмайды. Ал енді менің жеке шығармашылығыма келетін болсақ, онда Ресейдегі дүние жүзіне танымал “Вопросы фило­софии”, “Социо­логи­ческие исследования”, “Фило­софия образо­вания”, Америка Құрама Штаттарындағы “Культурное наследие и социальная трансформация” сияқты журналдарда мақалаларым жиі шығып тұрады. Мен олардың халықаралық редакциялық кеңес құрамында мүшемін. Сонымен қатар қазіргі кезеңде Новосібір қаласындағы Ресей Ғылым академиясының Философия және құқық институтымен және Минскідегі мемлекеттік университетпен тығыз шығарма­шылық байланысым бар. Жақында үш елдің әлеуметтік саясатын салыстырып зерттеуге арналған үлкен екі томдық монография жарық көрді. Ал енді АҚШ, Түркия, Иран, Қы­тай және т.б. елдерде бірнеше іргелі мақалалар мен монографиялар жарық көріп, қазақтар мен жалпы Қазақстанның философиясы мен саясаттану саласы кеңінен әлем кеңістігінде насихатталды. Ғылым саласындағы шығар­ма­шылығымды шетелдіктер де лайықты бағалауда. Мәселен, 2005 жылы Анкарада “Түркі әлемі сыйлығының” иегері атанға­ным есте қалды. Қытайдың Ухань қала­сын­дағы Ғылым және технология универ­сите­тінің “шақырылған профессоры” атағы бе­ріл­гені біздер үшін қуанышты хабар болды. – Өзіңіз басқаратын ғылыми-зерттеу институтында ғылымды ұйымдастырушы, осы мекеменің басшысы болғаныңызға биыл 20 жылдан асқан екен. Енді осы екі міндеттің өзара байланысы туралы айта кетсеңіз. – Иә, ғалым болу өзінше қиын дүние екені ежелден белгілі. Ғылыммен айналы­суды  “инемен құдық қазғандай” деп бағалаған халықпыз ғой. Жалпы қазіргі заманда кез келген ұжымға басшы, жетекші болудың өзі оңай шаруа емес. Философия және құқық институтына 1990 жылы 17 мамырда баламалы демократиялық сайлау арқылы директорлық қызметке келгенім рас. Ғылыми қызметкерлер ұжымы үш үміткер­дің ішінде маған сенім білдіргені мені үлкен жауапкершілікке итермеледі. Міне, сол тарихи кезеңнен бері қазіргі Философия және саясаттану институтының жетекшісі болып келемін. Институтымыздың қабырға­сында кезінде заңтанушы ғалымдармен бірігіп өткерген өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші және 80-ші жылдарғы ғылыми ізденіс­термен, шығармашылықпен айналысулары­мыз да есте қалыпты. “Теорияны құрудың диалектикалық-логикалық принциптері” атты жаңа көлемді монография үшін біздер 1974 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші сыйлықтың иегері атандық. Одақта белгілі болған академик Жабайхан Әбділдин басқарған диалектикалық логика мектебінің қалып­тасуына үлесімді қосқаны­ма қуаныштымын. Сол мектептің негізін са­лушылардың бірі ретінде бір топ ға­лымдармен бірге 1984 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болдым. Еліміздің тәуелсіздігіне қол жеткізген алғашқы жылдары қоғамдағы барлық салалар сияқты ғылымның жағдайына да оңай тиген жоқ. Бұрынғы тоталитарлық мемлекет ыдырап, гиперинфляция күшейіп, жағдайымыз өте нашарлап тұрған 1991-1996 жылдары институтқа басшылық жасау өте қиын болды. Директорлық қызметтің өзі ғылыми-ұйымдастыру, зерттеудің стратегия­сы мен әдіснамасын өзгерту мәселесімен ті­келей байланысты. Сондықтан менің ал­дым­да негізгі философиялық бағыттар мен ғылыми кадрлардың негізгі құрамын институт қабырғасында сақтап қалу проб­лемасы тұрды. Сонымен бірге ескі фило­софияны өзгертіп, жаңа заманның рухани ахуалына лайықты жаңа философияны қалыптастыру қажет болды. Ондай қиын­дықтарды төзімділікпен жеңе білдік. Қазіргі кезеңде жағдай жақсарды, институтымызда 20-дан аса ғылым докторы, 25-тен аса ғылым кандидаты табысты жұмыс атқаруда. Шағын типографиямыз бар, “Адам әлемі”, “Әл-Фараби” деп аталатын екі бірдей халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми журналдарымыз әр тоқсан сайын жарыққа шығып тұрады. Оларда қазіргі заманның күрделі теориялық және қолданбалы мәсе­лелері бойынша мақалалар жарияланады. Сонымен қатар біз өзіміз орындаған ғылы­ми жобаларымызды уақытылы ұжымдық және жеке монография ретінде шығарамыз. Сонымен қатар и­нститутта философияның үш мамандығы бойынша докторлық диссер­тациялар қорғалатын Диссертациялық кеңесіміз бар. Қысқаша айтқанда, еліміздегі философия мен саяси ғылымдарының биік теориялық деңгейінің сақталуына, оның үнемі өрбіп, дамып отыруына, осы салалар бойынша білікті ғылыми кадрлардың дайын­­далуына үлес қосып келе жатқан ғы­лы­ми мекемеміз еліміздің рухани тәуелсіз­дігін нығайта түсу үшін қажет деген ойда­мын. 2003 жылдан бері біздің мамандары­мыз қолданбалы-сараптамалық зерттеулер­мен де айналысып, мемлекетіміздің рухани және практикалық өміріне көмегін тигізетін ғылыми ұсыныстар, сараптамалар жасап келеді. Бұл теория мен практиканың өзара үндесе бастағанының белгісі деп ойлаймын. Ғылым дамуының жаңа тарихи кезеңге сәйкес келетін келбеті осындай. – Қазіргі кезеңдегі ғылымдағы дәстүрлер жөнінде ой қозғайтын болсақ, онда жалпы бұл салада жаңашылдық пен дәстүрлер бір-бірімен астасып жатпай ма? Бұрынғы философия мен қазіргі философияның өзара ұқсастығы мен айырмасы қандай? – Кез келген жаңа дүние қоғамда орнын тауып, шынайы түрде беки алса, онда ол бірте-бірте әлеумет үшін дәстүрге айналады. Ал ескірген дәстүр әрқашанда жаңа құбы­лыстарға орнын беруге мәжбүр болады. Бұл өмірдің өзіндік диалектикасы. Кешегі ком­мунистік үстемдікке, идеологияға қызмет еткен философия қазіргі кезеңде адамның әлемді еркін рухани игеруінің саласына айналуға талаптануда. Дегенмен, ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі адамзаттың философиялық мәселелері ретінде қойған іргелі дүниелерден ауытқып кетуге болмай­ды. Мәселен, адами өмірдің мәнін, адам болмысын іздемеген, оны түсіндіруге, зер­делеуге тырыспаған философия философия емес, құр ақылгөйсушілік болып табылары анық. Сондықтан философияның ең негізгі мәселесі адам мен әлемнің қатынасы, адам, оның дүниетанымы, құндылықтары, бостандығы мен құқықтары мәселесі. Ал адамның өмірінің мәні оның руханиятымен тікелей байланысты. Қазақ халқының тарихи дәстүрлі және қазіргі руханиятының бастауларына әлеуметтік-мәдени және тарихи-философиялық пайымдаулар жасау маңызды болғандықтан өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында институтымызда алғаш рет қазақ философиясының тарихын зерттейтін арнаулы бөлімнің ашылуына күш салдым. Өйткені, философиясы жоқ халық болмайды. Әдетте, қазақ халқы дарынды фи­лософ халық деп есептеледі. Қазақ хал­қын­да Еуропадағыдай рационалды, жүйелі түрдегі философия болмаған деушілер де табылды. Дегенмен, қазіргі кезеңде филосо­фия­ның бір ғана кейіпте болмайтындығын әлем зиялылары мойындай бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен мемлекет­тік “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асырудың барысында көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философия­лық мұрасын 20 том шамасында біршама жинақтап алғанымызға қуанамыз. Әлемдік философияның озық үлгілерінің 20 том түрінде алғаш рет қазақша сөйлей бастағаны да елеулі оқиға деуге тұрарлық. Сонымен бірге Әл-Фарабидің он томдық шығармалар жинағы қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрді. Енді біз өзіміздің тілімізде елу томдық философиялық мұрасы бар халықпыз. 2010-2011 жылдарда “Қазақтың этикасы мен эстетикасы”, “Фарабитану” және “Тәуелсіз Қазақстан философиясы” атты үш том қазақ тілінен ағылшын тіліне аударылып жарық көрмек. Биыл әлемдік және ұлттық фило­софиялық мұра негізінде “Батыс фило­софиясы” және “Шығыс философиясы” атты студенттерге, магистранттарға, докторанттарға арналған көлемді екі оқу құралы жарық көрді. Бәсекеге қабілетті адам болу, толық, рухани жағынан жетілген адам қалыптастыру бүгінгі күннің өскелең талабы. Ал енді қазіргі кезеңде барлық елдерде қоғамдық ғылымдар жаһанданудың әртүрлі қырларын зерттеуге бет бұруда. Өйткені, жаһандану объективті үдеріс ретінде өмірдің барлық қатпарларына еніп келеді. Жаһанданудың жақсы жағы да, теріс жағы да бар екені белгілі. Жақсысы – біз тәуелсіз мемлекет ретінде оқшауланып қалмаймыз, әлемдік интеграцияның барлық көріністерін тікелей сезінеміз, мәдениетаралық қатынас­тар­дың бел ортасында болып, үнемі өркениеттік сұхбатта боламыз. Теріс жағы – жаһандану кез келген ұлттық ерекшелікті басып-жаншып, сұрықсыздандыра түседі, бұқаралық мәдениет барлық әлеуметтік кеңістікте басым болуға ұмтылады. Енді ғана ұлттық жаңғыру жолына түскен халықтар үшін бұл үдерістердің зияндылығы осындай кейіпте байқалады. Жалпы толеранттылық, соңғы он жыл бойы негізін қалыптастырып келе жатқан жаңа өзара түсінісу философиясы қазіргі заманның орнықты дамуына қызмет ететін философиялық жүйе болмақ деген ойдамын. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік орнықтылық, алға қарай сеніммен жылжу, жедел даму әрбір адамның өмірін мазмұнды етуге қо­лай­лы жағдай жасары анық. Сондықтан қа­зіргі заманның жаңа интегралдық фило­софиясы – адамға бет бұрған, адам мүддесін қорғайтын философия болуы тиіс деген пікірдемін. – Қазақ диаспорасы мәселесі еліміздегі теориялық және практикалық жағынан алғанда өзекті проблемалардың қатарына жатады емес пе? Кезінде диаспоратануды ғылыми айналымға тұңғыш рет енгізген де сіз болатынсыз... – Еліміздің тәуелсіздігі жарияланған кезде алғашқылардың бірі болып “диас­поратану” деген ұғымның ғылыми айналым­ға енуіне үлес қостым. Міне, енді қазіргі кезеңде етек-жеңімізді жинап, шетелдік кеңістікте өмір сүріп жатқан бауырлары­мызды ішке тартып, рухани-мәдени жағынан біртұтас халыққа айналуға қадам жасап жатқандығымыз қуантады. Еліміздің тәуелсіздігін нығайта түсуімен қатар Елбасы Н.Ә.Назарбаев алыс және жақын шет елдердегі қазақ диаспорасына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақ жерінен кезінде әртүрлі себептермен көшіп кеткен және көшуге мәжбүр болған қандастарымыз қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетімізге орала бастады. Халықаралық деңгейде “репатриант” деп аталатын бұл құбылыстың қазіргі жаһандану заманында өзектілігі арта түсуде. Ал енді ғалымдар тұрғысынан жасалған әрекеттерге келетін болсақ, онда жалпы бұл мәселе біздің институттың ауқымында ғылыми жоба ретінде екі рет кешенді түрде зерттеліп, “Қазақ диаспорасы: мәселелері және болашағы” деген тақырыпта ұжымдық монография формасында жарық көрді. Екінші кітап Еуразиялық интеграция ауқымындағы қазақ диаспорасы мәселесіне арналды. Әрине, диаспора мәселесінің әлі де көптеген әлеуметтік-философиялық, құн­дылықтық-дүниетанымдық және практика­лық тиімді шешімін табуға тиісті тұстары баршылық. Мәселен, қандастарымыздың азаматтық алуы мен квота мәселесі өзінің күрделі екенін байқатуда. Әрине, бұл мәселелерге біржақты қарауға да болмайды. Ең негізгі тұғырнамалық бағдар – қазақ халқының біртұтас ұлтқа айналуының сан қырлы тетіктерін іске қосуға тырысуымыз қажет, соның бір қыры әлемдегі қырықтан астам елдердегі бес миллионнан астам халқы бар қазақ диаспорасы мәселесі. – Тәуелсіз елге қазіргі заманда рухани тірек болатын өзіндік ұлттық идеямен бай­ланысты қазақ философиясы қажет емес пе? – Ұлттық идея халық үшін барлық тарихи кезеңдерде маңызды рухани күш болғаны белгілі. Ал енді бұл құбылыстың түпкі мәніне, құрылымына назар аударатын болсақ, онда ол ең алдымен өзінің рухани кіршіксіздігімен, болашаққа деген арман-тілегімен айрық­шалануы тиіс. Өткен ғасырларда өмір сүрген даналарымыз халық­ты үнемі рухани-адамгершілік бағдарларға шақырып отырған. Әл-Фараби замандас­тарына “қайырымды, ізгілікті қаланың” қажеттілігін айтса, Жүсіп Баласағұн қоғамда әрбір адамның әділетті болуын көксеген, Абай пендеге арнап “Адам бол!” деп нақты кеңесін берген, Шәкәрім болса ар-ұяттан, ұжданнан әлеуметтік болмыстың, адам өмірінің түп қазығын іздеген. Осы айтыл­ғандарға орай, қазіргі заманда еліміздің азаматтарына құндылықтық бағдар болатын, болашақтың жарқын жолын анықтайтын ұлттық идея қажет екеніне күмән келтіруге болмайды. Басқаша айтқанда, оның сипат­тамасын ұлттық идеологияның нақтыланған, тарихи кезеңге бейімделген рухани моделі іспетті феномен деп беруге болады. Ұлттық идея Қазақстан жағдайында жергілікті тұрғындарды ғана жарқын болашаққа жетелейтін бағдар, көшбасшы ой-тұжырым ғана емес, сонымен бірге ол алыс және жа­қын шет елдердегі қандастарымыздың жү­регін жібітетін, көңілдерін биікке барынша көтеретін, рухани деңгейде әрқайсысына демеу болатын қасиетке ие болуы керек. Жалпы ұлттық идеяға деген зәрулік қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде бекер туындамайды. Ұлттық идея, негізінен, жас ұрпаққа, жас мамандарға, жас отбасыларға алға қарай жылжуға ауадай қажет құдіретті әлеуметтік-рухани күш болуға тиіс. Қазақ философиясы еліміздің рухани тәуелсіздігі­нің көрінісі, ел бірлігінің рухани тірегі. Рухани дамудың негіздері толық қаланбаған елде идея сан қилы бағытта өрбиді, ал ол мемлекетте өмір сүретін барлық азаматтар­дың игілігіне, мүддесіне қызмет етсе құба-құп. Егер әр түрлі этностық, діни, әлеумет­тік топтарды бір-біріне қарама-қарсы қоюды, олардың ірге жігін ашуды мақсат еткен жалпы мемлекеттік идея болса, онда ол түбінде сол елдің ыдырауына, мемлекет­тің құлдырауына әкеліп соғады. Біздің жағдайда өзінің белгілі бір маңыздылығын сақтайтын трансұлттық, құрлықтық сипат­тағы идея – еуразиялық идея болып табы­лады. Ол идеяның негізгі бағдары – мәдениаралық ықпалдасу, әртүрлі салалар­дағы комму­никацияны тереңдете түсу және бұрыннан қалыптасып қалған сан түрлі құндылықтар шеңберінің іргесін сөкпеу деп түсіну керек. Бұл идеяның сонымен қатар саяси үдеріс деңгейінде де өзіндік көрінісі бар. Өйткені, түбінде бірнеше ғасырлық тарихи жолымыз ұқсас елдермен байла­нысты жандандырып отыру игілікті іс және ол көптеген тарихи-мәдени, әлеуметтік сабақтастықты қамтамасыз ететін фактор деген ойдамын. Қазақстан Республикасы­ның қазіргі кезеңдегі ұлттық идеясының өзіндік бір нұсқасын төмендегідей тұжы­рымдауға болады: “Бастауларды ұмыт­пастан, біз бірлесіп әрбір қазақ­стандықтың игілігі үшін күшті, өркениетті және демократиялық Қазақстанды құрамыз”. Бұл ой-тұжырым­ның үш маңызды іргетасы бар екенін байқаймыз: біріншіден, ол рухани бастау­ларды, халықтың тарихи мұрасын ұмытпауға шақырады; екіншіден, әрбір қазақстандыққа ортақ игілік болатын бірлік мәселесін көтереді; үшіншіден, Қазақстанның бәсекеге қабілетті өркениетті, демократиялық ел болуына ұмтылыс жасау қажеттілігі айтыла­ды. Бұл тұжырымның өміршеңдігі мен оның халықтың көңілінен шығар-шықпасын уақыт көрсетері анық. – Сіздің жетекшілігіңізбен құрылған халықаралық деңгейдегі ғылыми мектепте ғылыми еңбектер жазған көптеген шәкірт­теріңіз бар. Отбасыңыздың мүшелері де ғы­лымға жақындығымен танылады. Енді осы мәселелерге тоқталсаңыз. – Философия, мәдениеттану, саясатта­ну, социология ғылымдары бойынша қазіргі күнге дейін менің ғылыми жетекшілігіммен 65 ғылым докторы, 100-ден астам ғылым кандидаты білікті маман ретінде дайындал­ды. Олардың ішінде отандастарымыздан басқа Ресейдің, Түркияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның азаматта­ры да бар. Қазіргі таңда олар өз елдерінде ғылым мен білім салаларында табысты қызмет атқаруда. Осылай халықтар арасын­дағы байланыс негізінен ғылым мен білім, мәде­ниет пен рухани салада өрбісе, онда ортақ руханилығымызды дамыта түсеріміз анық. Жалпы осы руханилық мәселесін күн тәрті­біне толыққанды қоя білуіміз керек, оны тереңірек ғылыми мәселе ретінде зерттеуіміз қажет. Профессор Серік Нұрмұ­ратовтың басшылы­ғымен “Қазақ рухания­ты­ның қа­лыптасуы мен дамуының тарихи-философия­лық және этномәдени негіздері” атты қыз­ғылықты жоба зерттелуде. Менің оқушыла­рым диалектика, онтология, таным теориясы, философиялық антропология, аксиология салаларының іргелі мәселелері­мен де айналысады. Жеңгелеріңіз Зейнеш Әшенқызы ғұмы­рымда тамаша жар, өмірлік серік болып отыр. Ол да ғылым саласында көптеген жылдар бойы жемісті еңбек етті. Химия ғы­лымдарының кандидаты. Сол кісінің арқасында ғылым мен білім саласында, жалпы шығар­машылықта көптеген жетістіктерге жеттім деп айта аламын. Тағы айта кететін нәрсе: ол тек ұлым мен қызымның аналары ғана емес, сонымен қоса немере­лерімізді де жақсы тәрбиелей алды. Соның айғағы болар, жалпы отбасымыз ғылым жолын таңдаған орта болып табылады. Ұлым Назар заң ғылымдарының кандидаты, қы­зым Динара философия ғылымдарының кан­дидаты. Ол қазіргі уақытта өзінің отбасымен Ыстамбұл қаласында тұрады. Халықаралық деңгейде аудармашылықты шебер меңгерген маман. Бес немереміз бар. Үлкеніміз Шыңғысхан Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің аспирантурасын үздік бітіріп, экономика саласы бойынша ғылым кандидаты атанды. Ортаншы немере Данияр Қазақ гуманитар­лық-заң университе­тін үздік бітірді. Қазір қалалық прокуратура қызмет­кері. Айжан Лондонның түбіндегі Рединг уни­вер­ситетінде “Болашақ” бағдар­ла­ма­сы бо­йын­ша жоғары оқу орнын өте жақсы бітіріп келгеннен кейін ғылыми-зерттеу саласында қызмет атқаруда. Одан кейін кішкентай Әмір мен Дәмір өс­іп келеді. Яғни, ғылым мен білім менің от­басым үшін түбе­гейлі мәні бар рухани құн­ды­лықтар болып табылады. Менің арманым қазақ хал­қының әрбір азаматының өмірлік ұс­танымы өрке­ниетті елдердегідей деңгейге жетсе екен дей­мін. Сонда ата-бабамыз көксеген Жер-ұйықты Қазақстанда өз қолымызбен жасай аламыз. Халық пен мемлекет тарапынан еңбегім жоғары бағаланды. Елбасының Жарлығымен Қазақстан ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, Президенттің бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты, “Достық” және “Парасат” ордендерінің иегері атандым. – Рахмет, Әбеке! Мерейлі тойыңызбен тағы да құттықтаймыз! Шығармашылық шабытыңыз шарықтап, халқымыздың жоғары руханияты мен мәдениеті арқасында еліміздің бірлігі арта түссін! Әңгімелескен Серік НҰРМҰРАТОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.