31 Шілде, 2010

Рухани мәдениеттің форумы өтпек

489 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың күзінде, дәлірек айтсақ 18-20 қазан аралығында Астанада Рухани мәдениеттің бүкіләлемдік форумы өтпек. Мұндай шара тарихта тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Форумға түрлі елдердің көзі тірі рухани көсемдері, мәдениет пен өнер майталмандары, саясат және қоғам қайраткерлері, ғалымдар қа­тыс­пақ. Мысалы, форумға мекси­ка­лық жазушы, қоғам қайраткері Габриель Гарсиа Маркес, брази­лия­лық атақты жазушы Пауло Коэльо, ресейлік кинорежиссер, Оскар сый­лығының иегері Никита Ми­хал­ков, жазушы Олжас Сүлейменов секілді тұлғалар шақырылып отыр. Олар бүгінгі заман алдында тұрған мәселелер, адамзат өркениетіндегі дағдарыстар жүйесі төңірегіндегі ойларын ортаға салып, сондай-ақ рухани және мәдени құндылық­тар­дың мәртебесін жоғарылату мақ­сатында ой өрбітеді. Бүкіләлемдік форумды өткізу жө­ніндегі идеяны  “Мир через куль­туру” халықаралық ассоциациясы, “Рухани келісім конгресі” халықара­лық қоғамдық қоры, сондай-ақ еліміздің, Ре­сей­дің, Еуропаның қоғамдық ұйым­да­ры ұсыныс біл­діріп, ол ұсыныс рес­публика басшы­лығы тарапынан қолдау тапты. Адамзаттың зор рухани қуатқа ие өкілдерінің бастарын бір қауым­дастыққа біріктіріп, бір арнаға тоғыстыру, сол арқылы бүкіл әлем елдеріне төзімділік, түсіністік, достық, көр­ші­лік қарым-қатынасты орнату идея­ларын, адам санасында жақ­сы­лыққа деген сенімді жандандырып, қалыптастыруға талпындыратын әлем­дік ұйым құру мақсатымен өт­кізілгелі отырған Рухани мәдениет­тің бүкіләлемдік форумы Елбасы­ның өз ұсынысымен басталып, ті­келей жетекшілігімен өткен Бүкіл­әлемдік рухани келісім конгресінен кейін туындаған. Бұл форум әлем тәжірибесінде алғашқы болып рухани мәдениеттің қос қанаты: діни руханият пен дүниелік руха­ниятты қосуды мақсат етіп отыр. Форум мақсаты БҰҰ-ның биылғы жылды Мәдениеттер диалогы жылы деп жариялаған бағдар­ламасымен ұштастырылып отыр. Венера ТҮГЕЛБАЙ.