Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, отандық білім жүйесін инновациялық және икемді модельге көшіру міндетін қойды. Бұл стратегиялық қадам цифрлық экономика жағдайында бәсекеге қабілетті, жаһандық цифрлық кеңістіктің мүмкіндігін тиімді пайдалана алатын жаңа ұрпақты қалыптастыруға бағытталған. Болжамдарға сәйкес жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу 2030 жылға қарай білім жүйесінің өнімділігін 10–15%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Зерделеп көрсек, цифрлық білімнің ең үлкен артықшылығының бірі – білімнің қолжетімді болуы. Бұрын сапалы білім алуға белгілі бір қалада немесе оқу орнында болу қажет еді. Қазір интернет арқылы әлемнің кез келген нүктесінен үздік университеттердің дәрісін тыңдап, түрлі курсқа қатысуға мүмкіндік бар. Бұл, әсіресе, шалғай ауылдағы оқушылар мен ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін маңызды.
Онлайн оқу дәстүрлі білім формасына қарағанда әлдеқайда икемді. Студенттер сабақ материалдарын өздеріне ыңғайлы уақытта меңгере алады. Сонымен қатар жол жүруге, жатақханаға немесе қосымша шығынға кететін қаражат азаяды. Бұл білім алушылардың уақытын тиімді пайдалануға жол ашады.
Астанадағы №113 Келешек мектебінің информатика пәні мұғалімі Меруерт Орынбайдың айтуынша, бұл жаңашылдықтың тиімділігі әрдайым бірдей деңгейде көріне бермейді. «Бұл құбылысты мұғалім ретінде екі қырынан қарастыру маңызды. Ең алдымен, цифрлық білім – оқытудағы үлкен мүмкіндік. Электронды күнделік арқылы оқушының үлгерімі мен қатысуын бақылау жүйеленді, ата-анамен байланыс нығайды. Ақпараттың ашықтығы білім үдерісін айқын әрі түсінікті етеді. Сонымен қатар онлайн платформалар сабақтың мазмұнын байытып, әр оқушының деңгейіне сай тапсырма беруге жол ашады. Бұл, әсіресе, оқушылардың жеке қабілетін дамытуға ықпал етеді. Цифрлық орта оқушылардың қызығушылығын арттырып, білімді визуалды және интерактивті түрде қабылдауына мүмкіндік береді. Мұғалімге де бұл – уақытты тиімді пайдаланып, шығармашылықпен жұмыс істеуге жағдай жасайтын құрал. Әсіресе тестілеу мен кері байланысты автоматтандыру – педагог жұмысының сапасын арттыратын маңызды факторлардың бірі. Алайда тәжірибеде цифрлық білімнің кейде формальдылық сипат алып кететін тұстары да кездеседі. Кей жағдайда платформалар тек есеп беру немесе «міндетті белгі қою» құралына айналып, оқытудың мәніне терең әсер етпей жатады. Техникалық қиындық, интернеттің тұрақсыздығы немесе мұғалім мен оқушының цифрлық сауатының әртүрлі деңгейде болуы да бұл үдерістің тиімділігін төмендетуі мүмкін. Сондықтан цифрлық білімнің нәтижелі болуы, ең алдымен, мұғалімнің кәсіби ұстанымына байланысты. Егер педагог цифрлық құралдарды тек талап үшін емес, оқушының білімін арттыру мақсатында қолданса, онда бұл сөзсіз мүмкіндікке айналады. Цифрлық білім – технология ғана емес, оқытудың жаңа мәдениеті. Оны дұрыс бағытта пайдалану арқылы ғана біз сапалы әрі заманауи білім бере аламыз», дейді ол.
Цифрлық технология әр оқушының қабілеті мен қажеттілігіне қарай білім алуға жағдай жасайды. Арнайы бағдарламалар оқушының үлгерімін талдап, оның әлсіз және күшті тұстарын анықтай алады. Соның негізінде жеке оқу жоспары құрылып, білім сапасы артады. Бейнесабақтар, анимациялар, интерактивті тапсырмалар және виртуалды шынайылық элементтері оқу үдерісін тартымды етеді. Күрделі тақырыптарды көрнекі түрде түсіндіру арқылы оқушылардың қызығушылығы артып, ақпаратты есте сақтау деңгейі жоғарылайды.
Қазіргі еңбек нарығында цифрлық сауат аса маңызды құзыреттің бірі саналады. Білім алу барысында оқушылар компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеуді, ақпарат іздеуді, онлайн коммуникация жасауды және деректерді талдауды үйренеді. Бұл дағдылар олардың болашақ кәсіби өмірінде үлкен артықшылық береді.
Цифрлық платформалар бағалау, құжат жүргізу, оқу материалдарын тарату сияқты көптеген үдерісті автоматтандырады. Мұғалімдер оқушылардың үлгерімін нақты уақыт режімінде бақылап, олардың қажеттілігіне жедел жауап бере алады. Нәтижесінде, оқыту сапасы жақсарады. Цифрлық білім адамның өмір бойы білім алуына мүмкіндік береді. Кәсіби біліктілікті арттыру, жаңа мамандық меңгеру немесе жеке қызығушылықтарды дамыту үшін онлайн курстар мен білім платформаларын пайдалану кеңінен таралған. Бұл қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Шынында, цифрлық білім – қазіргі заманның маңызды жетістігінің бірі. Ол білімге қолжетімділікті кеңейтіп, оқыту сапасын жақсартып, жеке тұлғаның мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасайды. Болашақта цифрлық технологиялардың одан әрі дамуы білім жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, қоғамның тұрақты дамуына қызмет етері сөзсіз. Сондықтан цифрлық білімді тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.