Маман • Бүгін, 07:58

Алғыс арқалаған жандар

4 мин
оқу үшін

Медицина қызметкерлері жайында сөз қозғала қалса, ауыл-аймақтардағы жұрттың денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мамандар туралы аз айтылатыны шындық. Біз баяндағалы отырған Тереңкөл аудандық ауруханасында адам жанының арашасы болуды өз өмірінің басты мұратына айналдырған жандар еңбек етеді.

Алғыс арқалаған жандар

Мейірбикелер – науқасқа шипа сыйлайтын, жүрек жылуын төгіп, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер болатын жандар. Осынау игілікті жолға саналы ғұмырын арнап, медицина саласында ұзақ жыл бойы аянбай тер төгіп келе жатқан білікті маманның бірі – Любовь Ряжко.

Любовь Александровна 1986 жылы Павлодар медициналық училищесін «мейір­бике» мамандығы бойынша тәмам­дайды. Сол жылы қазіргі Тереңкөл аудандық ауруханасында еңбек жолын бастап, 30 жылдан астам уақыт бойы бір ғана мекемеде тапжылмай қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол өзін білікті, жауапты әрі ізгі ниетті маман ретінде көрсете
білді. 

«Бүгінгі медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Ауылдық жерде болсақ та, кәсіби білім мен дағдыларымызды үздіксіз жетілдіріп, біліктілікті арттыру кур­­­­­­­­­­­­­­­­­с­­­­­­­­­­­­­­­тарынан тұрақты түрде өтіп тұрамыз. Бұл медициналық көмекті жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі күні аурухананың жалпы кешендік бөлімшесінде анестезист-мейіргер болып еңбек етудемін», дейді ол.

Л.Ряжко жоғары кәсібилігі, емделу­шілерге деген ерекше қамқорлығы мен мамандығына деген адалдығы арқылы әріптестері арасында ғана емес, көпшілік арасында да шынайы құрметке ие болған жан. Көпжылдық қалтқысыз қызметі, денсаулық сақтау саласын дамытуға сіңірген есепсіз еңбегі лайықты бағаланып, «Денсаулық сақтау ісі­не қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Любовь Александровна жұ­байымен бірге ша­ңы­рағының шаттығын еселеп, өнегелі отбасы атанып отыр. Маманның айтуынша, бүгінде мейіргерлік қызметке өзгерістің қажеттігі күннен-күнге айқын сезілуде. Еңбектерінің баға­лануы, жеке мамандыққа айналуы күн тәртібіне шығып, мемлекеттік деңгейде қарастырылуы соны айғақтайды.

с

Тереңкөл ауруханасында ұзақ жылдан халықтың құрметіне ие болып келе жатқан тағы бір медицина қызметкері – Светлана Двинянина. 1989 жылы Павлодар медициналық училищесін тәмамдап, арнаулы орта медициналық білім алып шыққан соң бірден аудан орталығына келіп, ауруханаға жұмысқа орналасады. Мейіргер      ретінде өзінің бүкіл еңбек жолында үнемі кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылып, міндетіне ерекше жауапкершілікпен қарап, білімін тоқтаусыз жетілдіріп келеді. Еңбекқорлығының арқасында 1996 жылдан бастап жұмысын рентген-лаборант ретінде жалғастырды. Бұл қызметте жинақтаған мол тәжірибесін, қырағылығы мен жоғары біліктілігін толықтай көрсете білді.

«Ұзақ жылғы қызмет барысында тәжірибелі маман ретінде бірнеше рет біліктілікті арттыру курстарынан өттім. Заманауи диагностика­лық технологияларды меңгеріп, өз білімімді үнемі дәлелдеп отыруға тура келеді. Кәсіби жетістіктерім  көптеген сертификатпен, дипломмен, өзге де марапатпен бағаланды», деп атап өтті маман.

Светлана Петровна іскерлігі мен еңбек­қорлығы, кәсібіне деген адалдығы арқасында әріптестері арасында зор абырой мен құрметке ие болды. Емделушілер оны мейірімділігі мен әр адамға ерекше ықыласпен қарайтын қамқорлығы үшін қадірлейді. Аяулы жан кәсіби биіктерді ба­ғындырып қана қоймай, отбасында да ардақты ана атана білді. Тәрбиелеп өсірген қызы да анасының ізін басып, ізгі мамандықты таңдаған. Бүгінде ол аудандық аурухананың жалпы кешендік бөлімшесінде мейіргер болып еңбек етіп, әулеттік дәстүрді лайықты жалғастырып келеді.

 

Павлодар облысы,

Тереңкөл ауданы

Соңғы жаңалықтар

Халық неге несиеге тәуелді?

Қоғам • Бүгін, 17:18