Сурет: olympic.kz
- Қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева (51.30 ұпай) «FIDE Women’s Circuit» рейтингінде көш бастады. Ослодағы «Norway Chess Women-2026» турниріне дейін ол төртінші орында тұрған еді. Екінші, үшінші сатыға қытайлық Чжу Цзиньэр (39.83) мен үндістандық Вайшали Рамешбабу (29.70) жайғасты. Ерлер арасында алғашқы екі орынды Өзбекстанның қос өрені – Нодирбек Абдусатторов (56.17) пен Жавохир Синдаров (57.70) олжаласа, үздік үштікті америкалық Фабиано Каруана (54.58) түйіндеді. Бұл рейтингтің басты ерекшелігі – маусым қорытындысында алдына жан салмаған ойыншы бірден «Үміткерлер турниріне» жолдама алады.
- «World Boxing» федерациясы ерлерден кейін әйелдердің де рейтингін жаңартты. Еліміздің құрама командасы мүшелері арасында 70 кг салмақтағы Наталья Богданова ғана көш бастап тұр. Назым Қызайбай (48 кг) мен Аида Әбікеева (65 кг) – 2, Надежда Рябец (80 кг) пен Дина Исламбекова (+80 кг) 3-орында. Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарында мына бұрымдылар бар: Алуа Балқыбекова (51 кг) мен Виктория Графеева (60 кг) – 4, Елдана Тәліпова (+80 кг) – 5, Әйгерім Сәттібаева (48 кг) – 8, Гүлсая Ержан (80 кг) – 9, Валентина Хальзова (75 кг) – 10-орын.
- Жапонияда «WR Women’s Chess Tour 2026 – Tokyo Asian Leg» турнирінің бірінші кезеңі аяқталды. Рапидтен өткен сайыста Алуа Нұрман күміс медаль иеленді. Ширек және жартылай финалда болгариялық Антоанета Стефанова мен ресейлік Катерина Лагноны ұтқан ол шешуші сында үндістандық Вайшали Рамешбабуге есе жіберді.
- Шорт-тректен еліміздің ұлттық құрама командасының бас бапкері болып Азамат Сұлтанәлиев тағайындалды. Коньки спортының тізгінін Александр Жигин ұстады.
- Көркем гимнастикадан Овьедо қаласында ұйымдастырылған Испанияның клубтық чемпионатында Ақмарал Ерекешева қос қола медальға қол жеткізді. Қазақ қызы «таспа», «шығыршық» жаттығуларында көзге түсті.
- Римдегі Гран-при турнирінде отандық таеквондошылар тегіс ұтылды. Бәсекеде Самирхон Абабакиров (68 кг) пен Бейбарыс Қаблан (+80 кг) ширек финалға дейін жетсе, қалғандары алғашқы айналымдардан аса алмады.
- Түркістанда байдарка мен каноэ есуден жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі өз мәресіне жетті. Жарыста еліміздің құрамасы 41 жүлде (20 алтын, 17 күміс, 4 қола) олжалады.