Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кейінгі жылдары егіс құрылымын әртараптандыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Кейінгі үш жылда майлы дақылдардың көлемі алты есеге көбейіп, 715 мың гектардан асты. Мал азығы дақылдарына да жеткілікті назар аударылып отыр. Бұл мақсаттағы дақылдар 166,5 мың гектар алқапқа орналастырылса, картоп пен көкөніс алқаптарының көлемі де кеңейе түсуде.
«Жауапты науқанда ұйымшылдықпен өткізуге диқан механизаторлардың күш-жігерлерін жұмылдырумен қатар материалдық-техникалық базаның қапысыз дайындығы септігін тигізді. Егістік алқаптардың құнарын жақсарту мақсатында 330 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдаланылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтылған», дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Кейінгі жылдары рекордтық өнім алып, маңдай терлерінің өтеуін көріп жүрген диқандар биыл да үмітті. Көктем жауын-шашынды болды. Жерде нәр бар. Ал бар жұмыстың толайым атқарылуы мемлекеттік көмекке де байланысты. Аграршыларды қолдауға жеңілдетілген несие мен субсидия түрінде 235 миллиард теңге қаражат бағытталып отыр. «Кең дала – 2» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы 840 ауыл шаруашылығы құрылымы тауарын өндірушілерге 122 миллиард теңге қаражат бөлінді.
Машина-трактор паркін жаңалау жұмысы одан әрі жалғасып келеді. Жыл басынан бері диқандар 789 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 610 техника сатып алу туралы келісімшарт жасалды. Қосымша қолдауды «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асыратын форвардтық сатып алу тетігі көрсетіп отыр. Биыл жалпы көлемі 4,2 миллиард теңгеге 38 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен келісім-шарт жасалды. 3,3 миллиард теңге көлеміндегі 55 өтінім қаржыландырылды. Бұл 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көктемгі егіс аяқталғанымен ақық дән аялаған диқандар келесі науқанды бастап кетті.
Ақмола облысы