Еске салсақ, қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Бейнебақылау камералары күдіктінің Нұрайды аңдып, кейін пышақ жарақатын салғанын тіркеген. 13 қаңтарда 28 жастағы күдікті қаладан шамамен 10 шақырым жерде ұсталды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиғаға дейін қыз бірнеше ай бойы қудалауға ұшыраған. Сондай-ақ оған қатысты қыз алып қашу әрекеті болғаны айтылды. Отбасы полицияға бірнеше рет жүгінгенімен, арыздарының тіркелмегенін мәлімдеген.
Оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, арызды тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сәуір айында күдікті Алматы облысындағы Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға ауыстырылды. Оған қатысты бірқатар сараптама тағайындалып, медициналық бақылау жүргізілген.
Марқұмның туыстары күдіктінің психикалық дертті сылтау етіп, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген болатын. Тергеу аяқталғаннан кейін істің мән-жайына сотта құқықтық баға беріледі.