Қазақстан • Бүгін, 09:50

Парасатты қоғам – басты меже

5 мин
оқу үшін

Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы бекітілген еді. Аталған стратегиялық құжатты іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында бірнеше ауқымды міндет көзделген. Соның ішіндегі ең басты бағыттардың бірі – қоғамда жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік ахуалын орнықтыру. Атап айтқанда, бұл қадам әлеуметтік құндылықтарды жаңғырту мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруды, мемлекеттік аппараттың парасаттылық қағидаттарын нығайтуды, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында әділдік пен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыру шараларын толық қамтыды.

Парасатты қоғам – басты меже

Сыбайлас жемқорлық – дәрімен емдейтін дерт емес. Қоғамдық ортаның қалыпты дамуына кедергі келтіріп, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпке төтеп берудің тетігі – халықтың өзінде. Олай болса, дерттің алдын алып, оның қоғамға таралу жолдарын кесіп, ұлғаюына жол бермеу – ортақ міндет. Бұл бағытта жемқорлықпен күреске қоғам белсен­ділерін кеңінен тартып, ел болып атсалысып, жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесін қорғауға зор үлес қосып, келешек ұрпақ тәрбиесінде жаңылмайтынымыз анық.

Адалдық, заңдылық және прагматизм әрбір азаматтың ішкі құндылығы мен мызғымас сеніміне айналуға тиіс. Қоғам сыбайлас жемқорлықты түйткілді мәселелерді жеңілдетілген жолмен шешудің кепілі ретінде қабылдаудан арылып, лауазымды қызметті жеке бас­тың достық қарым-қатынасы мен про­текционизм (таныс-тамырлық) мүд­десімен ұштастырмауы шарт. Осы рет­те жемқорлыққа бой алдырғандар қатаң қоғамдық айыптауға ұшырауы керек. Парасаттылық экожүйесін қа­лып­тастыруда сыбайлас жемқорлық кө­ріністеріне мүлдем жол бермейтін, жаңа көзқарасы мен сындарлы өмірлік принциптері бар өскелең ұрпақты тәрбиелеу айрықша рөл атқарады. Сондықтан да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында құқық­тық мәдениетті арттыру, тәрбие мен білім беру шараларын жүйелеу, сол арқылы жаңа буын өкілдерінің санасында жемқорлықтан абсолютті бас тарту психологиясын орнықтыру басты міндет ретінде айқындалған.

Жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» таныту – заман талабы. Бүгінде білім беру ұйымдары өз қызметін жүзеге асыру кезеңінде сыбайлас жемқорлықтың кез келген нысаны мен сипатынан толық бас тарту қағидатын берік ұстанады. Осы орайда оқу орындарында жемқорлықтың алдын алу және оған тосқауыл қою шаралары мынадай негізгі бағыттар арқылы іске асырылады:

Тәрбиелік және ақпараттық қолдау: Ұжым ішінде түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп, білім беру үдерісіне қатысушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы тәрбие сағаттары мен танымдық кездесулер ұйымдастырылады.

Құқықтық хабардарлық және бел­сенділік: Білім беру ұйымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама ережелері кеңінен насихатталады. Мекеме тарапынан қызметкерлер мен білім алу­шы­лардың сыбайлас жемқорлыққа қар­сы стандарттар мен рәсімдерді қалып­тастыруға белсенді қатысуы барынша құпталады.

Сараптама және мониторинг: Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде сараптама жүргізіліп, білім алушылар, оқушылар мен қызметкерлер арасында жасырын әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырылады.
Азаматтық қоғамды тарту: Білім беру ұйымдарында әртүрлі институционалдық нысандар арқылы азаматтық белсенділікті дамытуға қолайлы жағдай жасалады.

Басшылықтың есеп беруі (Қоғам­дық бақылау): Білім беру ұйымы басшы­ларының есеп беру қағидаты заңды түр­де іске асырылады. Осы арқылы қоғам белсенділерінің (жастар ұйымдары, мектептегі өзін-өзі басқару органдары, қамқоршылық кеңестер) рөлі артып, олардың маңызды шешімдер қабылдауға және мекемедегі өзекті мәселелерді басқару ісіне тигізер ықпалы күшейтіледі.

Осылайша, еліміздің білім беру мекемелерінде, мектептер мен колледждерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кешенді жүйесі қалыптасып келеді. Ол оқу орындары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және ықтимал жемқорлық тәуекелде­рінің алдын алу тетіктері арқылы уақыт талабына сай үнемі жетілдіріліп отырады. Ең бастысы, әрбір азаматтың өз іс-әреке­тіне құқықтық әрі моральдық тұрғыдан есеп бере алуы және заңсыздықтарға ешқандай ымырасыздық танытуы сыбайлас жемқорлықты қоғам өмірінен біржола аластатудың бірден-бір кепілі болмақ.

Нұрбол ДҮЙСЕБЕК,
Т.Бигелдинов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар