Президент • Бүгін, 17:02

Екі ел президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Кипр Республикасын еліміздің Еуропадағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі деп атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екі ел президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Фото: Ақорда

«Екі ел арасындағы саяси диалог жыл өткен сайын күшейе түсуде. Қадірлі Христодулидис мырза осыдан 7 жыл бұрын Кипрдің Сыртқы істер министрі ретінде Астанаға арнайы келген болатын. Сол кезде ол Кипр Қазақстанның Еуропа Одағындағы мүддесін ілгерілетуге әрдайым дайын екенін айтқан еді. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Екі мемлекеттің елшіліктері ашылды. Осылайша, өзара қарым-қатынасымыз жолға қойылды. Қадірлі Президент мырзаның Астанаға тұңғыш сапары екі ел арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның да символдық мәні зор», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мемлекеттеріміз ықпалдастықты одан әрі бекемдей түсуге ниетті. Бұл – тараптар мүддесіне сай.

«Кипр Республикасының басшысы осы оң үрдіске зор үлес қосып келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Сол себепті бүгін Жоғары мәртебелі Президент Никос Христодулидис мырзаға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырдым. Бұл награда – қазақ елінің Сізге және бүкіл Кипр Республикасының халқына деген ерекше құрметінің, шынайы ілтипатының белгісі. Құтты болсын! Елдеріміздің өзара серіктестігі нығая береді деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, бүгін Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис елімізге ресми жұмыс сапарымен келді. Президент мәртебелі мейманды Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды. Екі ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Кипр Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Соңғы жаңалықтар