Фото: Ашық дереккөз
Құжатқа сәйкес, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып қала береді. Кезектен тыс сайлау институты алынып тасталуына байланысты, оны сайлау рәсімін, ант беру тәртібін және өкілеттіктерді орындау кезеңін реттейтін нормаларға нақтылау енгізілді.
Заңда Мемлекет басшысының бірқатар маңызды тағайындау өкілеттіктері де бекітілген. Атап айтқанда, Президент Бас Прокурорды, Конституциялық Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық Банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке тағайындау құқығын бекітеді.
Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша Жоғарғы Сот Төрағасын тағайындайды. Құрылтайдың келісімі бойынша Президент Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.
Сонымен бірге Вице-Президент институтын енгізу көзделіп, оның құқықтық мәртебесі айқындалды. Вице-Президент Құрылтай, Үкімет және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Құжатта Президенттің Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты өкілеттіктері де реттеліп, мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейту көзделген.
Айта кетейік, 8 мамырда Мәжіліс депутаттары «Президент туралы» конституциялық заңды бірінші оқылымда қабылдаған болатын.