Оқиға • Бүгін, 20:20

Таразда полициядан қашқан жасөспірімнің кесірінен бір адам қаза тапты

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз қаласында 15 жастағы жасөспірім Audi көлігімен полициядан қашамын деп, жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Egemen.kz  Жамбыл облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Таразда полициядан қашқан жасөспірімнің кесірінен бір адам қаза тапты

Фото: kris.p.taraz

Полиция мәліметінше, патрульдік қызметкерлер жол ережесін бұзған Audi көлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полицияның заңды талабына бағынбай, қашып кетуге тырысқан. Ол жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген.

Қуғын кезінде жүргізуші көлікті басқара алмай, электр желісінің бетон бағанына соғылған. Жол апаты салдарынан көліктегі бір жолаушы қаза тапты. Тағы екі жасөспірім жарақат алды.

Көлік тоқтатылғаннан кейін рөлде 15 жастағы жасөспірім отырғаны анықталған. Оның жүргізуші куәлігі болмаған. Жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ жасөспірімнің көлікке қалай қол жеткізгені тексерілуде. Тергеу аясында көлік иесінің де әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Полиция ата-аналар балаларына дұрыс бақылау жасауға міндетті екенін еске салып, құқық қорғау органдарының талабына бағынбау ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін айтты.

Айта кетейік, мамыр айының басында ШҚО-да жантүршігерлік жол апаты болып, үш жас азамат оқиға орнында көз жұмды.
 
Түркістан облысында жол апатынан үш оқушы мерт болды. 
 
Қостанай облысында да жол апаты болып, 4 адам қаза тапты.
Соңғы жаңалықтар