«Ауылымызда кезінде халық көп еді. Бұрын таңертең мектепке шыққан балалар көшеге сыймайтын. Анау үйден он бала шықса, мынау үйден төрт бала мектепке шығатын», дейді Әсипа әже жан-жағындағы бос тұрған үйлерді нұсқап.
Бүгінде Аршаты орта мектебінде 32 оқушы білім алып, 20 педагог еңбек етеді. Ұстаздардың басым бөлігі – жоғары білімді мамандар. Білім сапасы 74 пайызды құрап, аудан мектептерімен салыстырғанда жақсы көрсеткішке ие. Биыл мектепті 4 түлек аяқтаса, келер жылы бар болғаны 28 оқушы ғана қалады. Бірінші сыныпқа қабылданатын бала жоқ. Бұл дегеніміз, ауылдағы жас отбасылар санының аздығымен байланысты. Дегенмен, мектепке жас мамандар келіп жатыр. Биыл қатарға Динара Шаймарданова мен Назыкеш Түркістанова сынды жастар қосылды. Олардың бірі информатика, математика пәндерінен сабақ берсе, екіншісі, педагог-ұйымдастырушы қыз-метін атқарады.
Айта кетерлігі, мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Мектеп ұжымының айтуынша, 1972 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу қажет. Қазіргі таңда жылу батареялары мен терезелер ауыстырылған. Ал электр желілерін жаңарту үлкен мәселе болып тұр.
Айтқандай, ауыл түлектері мектепке демеушілік жасап, қоршауы жаңартылды, мектепке су тартылған. Алдағы уақытта спортзалға да су кіргізу жоспарланып
отыр.
Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, білім ордасындағы шағын орталықта 7 бала тәрбиеленіп жатыр. Оқушылар болса, облыстық, аудандық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл – ұстаздар еңбегінің жемісі.
Білім ордасының басшысы – Жанерке Құрметжанова. 20 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог ретінде ұжымды алға жетелеп отыр. Осындағы жас мамандардың бірі – тарих пәнінің мұғалімі Ақжол Мейірбекұлы. Ол Аршатыда туып-өсіп, жоғары білім алған соң, туған ауылына оралған. Оның айтуынша, мұғалім болу – бала күнгі арманы. Қазіргі таңда 6–10 сыныптарға сабақ беріп, оқушыларын түрлі білім бәйгесіне даярлап жүр.
«Арманым – осы мектептің дамуына үлес қосу, туған ауылымда еңбек ету. Жастарға да айтарым, ауылда қалып, туған жерді көркейтуге атсалысайық», дейді жас ұстаз Ақжол Мейірбекұлы.
Бүгінде Аршаты мектебінің алдында үлкен міндет тұр. Яғни оқушы санын арттыру, ауылға жаңа отбасыларды тарту. Осы бағытта ауылдық округ әкімі көші-қон жәрмеңкелеріне қатысып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді. Нәтижесі уақыт еншісінде. Аршатыдай аршалы мекен иен қалмауға тиіс.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы