Таңғы сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін жалғасқан думанды басқосу білім ордасының ауласын ұлттық нақышқа толы мәдени кеңістікке айналдырды. Ондағы мақсат – жас ұрпаққа қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен рухани мұрасын таныту, ұлттық бірегейлікті нығайту және Наурыз мейрамының мазмұнын терең ұғындыру.

Мектеп директоры Берікбол Маратұлының айтуынша, бұл күні аулада 42 киіз үй бой көтеріп, әр шаңырақта халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрлері кеңінен дәріптелді. Келушілерге арналған түрлі танымдық әрі ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылып, көпшіліктің қызығушылығын арттырды.

Атап айтқанда, «Көктем сыйы» әшекей бұйымдар көрмесі, «Altybaqan Zone» алтыбақан алаңы, «Наурыз дәмі» ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, «Бәйге» атқа міну аймағы мен садақ ату бұрышы ерекше ықыласқа ие болды. Бұған қоса, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, қозы көтеру, бестас, асық ату, қол күресі, көкпар секілді ұлттық ойындар өткізіліп, қатысушылар белсенділік танытты.

Сонымен қатар «Шеберлік шеберханасы: дала өрнегі» (ағаш ою), «Тақия – ұлт сәні», «Қыш-құмыралар құпиясы» бағыттарында қолөнер сабақтары ұйымдастырылды. «Білім әлемі» кітап көрмесі мен «Табиғат сәні» тал егу акциясы да жұрт назарынан тыс қалмады. Ал «BINOM BARYSY» қазақ күресі сайысы мен «Гүлдер шуағы» флешмобы мерекенің көркін аша түсті.




