Зерде • Бүгін, 08:25

Тұрар мен Жүсіп – қос халықтың ортақ тұлғалары

10 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Кеңес өкіметі қазақ және қырғыз халықтарының өзін-өзі басқару құқын мойындайтынын ресми декрет арқылы жариялап, осы арада нақты қадам жасады. Бұл жағдай, әрине, империя өміріндегі жағымды құбылыс еді. Сонымен қатар орталық үкімет бұл қадамға бара отырып, жергілікті ұлттық саяси басшылыққа толық сенім артудан қаймықты. Оның әрбір еркін де батыл қадамдарына сезіктене қарады. Мұндай ұстанымның астарында кедергі ретінде, біріншіден, шешім қабылдайтын орталық басшылықтағы қызметкерлер мен жергілікті халық арасындағы өркениеттік, діни-мәдени алшақтық жатса, екіншіден, туған жер, оның табиғи және адами ресурсын игеруде, пайдалануда өзара үйлеспейтін мүдделер қайшылығы да бар-тын.

Тұрар мен Жүсіп –  қос халықтың ортақ тұлғалары

Азаттық жолындағы арпалыс

И.Сталин Түркістан республикалары мен Қазақстанды кеңестендіру кезеңінде саяси басшылыққа Голощекин (Шая Ицкович), Каменский (Эйдис), Вайнштейн, Зеленский сияқты жергілікті өмірден хабарсыз «мамандарды» эмис­сарлық қыз­метке тағайындап, оларға көмекке Средазбюро, ОГПУ-дың шығыс бөлімі сияқты органдарды құрал ре­тінде белгілеп, алдымен мынадай екі нәрсені шешуге міндеттеді. Біріншіден, империядағы 1917 жылғы түбегейлі өзгерістер қарсаңы мен азамат соғысы тұсында өрши бастаған жергілікті халықтардың ұлт-азаттық қозғалысын біржола сөндіруді, екіншіден, жергілікті ұлттық басшылыққа социализм құрудың большевиктік «теориясын» меңгеруді «үйретуді» жүктеді.

Әрбір ұлт өзінің мүддесін ұлттық мем­лекет құру арқылы іске асыруға күш салады, ол оның табиғи құқы. Кеңес өкіметі әрбір ұлтқа мемлекеттік егемендік туралы уәде бере отырып, бұл уәдесін орындауға келгенде амбиваленттілік, яғни екіжақтылық ұстанымға көшті. 20-жылдардың орта тұсынан бастап-ақ Тұрар Рысқұлов және Жүсіп Әбдірахманов сияқты ірі мемлекеттік қызметте жүрген саяси тұлғаларда осы жағдайға байланысты ұлттың мемлекеттілік идеясы болашағынан түңілу сезімі пайда бола бастайды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Түр­кістанда орныққан патшалық биліктің терең дағдарысқа келіп тірелгенінің көрі­нісі болды. Көтеріліс жергілікті халық­тар санасында терең сілкініс тудырды. Қара­пайым халықтың ендігі уақытта бұл күйде өмір сүруге болмайтынына көзі жетті.

Тұрар Рысқұлов көтеріліс басталғанда қоғамдық өмірде ысылған, әке-шешеден ерте айырылып, ерте есейген, сауатты 22 жастағы жігіт еді. Көтеріліс басталған бетте-ақ ол Жетісу-Әулиеата өңіріндегі көтеріліс басшыларымен байланыс орнатып, олардың саяси ұстанымынан хабардар болған-тын. Бұл ретте Тұрардың белсенділік танытқанын байқаған жергі­лікті полицейлік мекеме оны қамауға алып, жеткілікті фактісі болмағандықтан босатады. 1926 жылы көтерілістің 10 жылдығына, оның әлеуметтік сипатына байланысты ғылыми дискуссия туындады. Т.Рысқұлов бұл тарихи сілкініс туралы парасатты да орнықты тұжырымдар айтқан авторлар қатарынан табылды.

Жүсіп Әбдірахманов көтеріліс бастал­ғанда 15 жастағы жасөспірім еді. Кейінірек «Хан Тенгри» атты деректі фильм көріп, күнделігіне «Бұл фильм жақын да таныс жолдарды, менің ауыр балалық шағымды есіме салды. 1916 жылы осы өңір арқылы босқындық халде Қытай жақ бетке асқан едік. «Түз асу» аталатын асудан өтіп, Инал­шық аталатын өзеннің жоғарғы саға­сында болған апаттан туған аға-бауы­рымды жоғалттым, осы жерде әкем дерт­ке шалдығып, өмірден озды... Содан бері 14 жыл өтіпті, бірақ жаныма жақын адамдардың бейнесі сол күйінде жадымда қалды. Сол күндерді еске алу маған өте ауыр», деп жазды.

Тұрар да, Жүсіп те 1916 жылдан бір нәрсені анық түсініп, ойларына түйді. Патшалық биліктің қиянатына төзімі тау­сылып, қолына қару алып қарсы шыққан ел ішіндегі жұмысшы-шаруалар ғана емес, жалпы қазақ және қырғыз халықтары болатын. 1926 жылы, яғни 1916 жылғы көтерілістің он жылдығына байланысты Т.Рысқұлов үлкен құлшыныспен көтеріліс туралы ойын қорытып, ғылыми жинақта орыс тілінде «Восстание туземцев в Туркестане в 1916 г.» («Коммунистическая мысль». Кн. 2. Ташкент. 1926) атты мақа­ла жариялап, онда көтерілісті Ресей пат­­шалығының Түркістандағы жарты­ға­­сыр­лық «шектен асқан, тойымсыз қанау» саясатының қорытындысы ретінде қарас­тырып, ал халықтың қарулы қарсылығын сол қанауға берген жауабы ретінде бағалады (Очерки революционного движения в Среденй Азии. Стр. 47–122).

Т.Рысқұловтың 1916 жылғы көтеріліс­тің сипатына берген бағасы, Ресей «импе­риализмін зиянды» құрылыс есебінде қарастыруы реакциялық ұстанымдағы күштердің қытығына тиіп, олардың атынан сөз салған И.Меницкий деген автор Т.Рысқұловтың аталған мақаласын жоғарыдан, үйретушілік ыңғайда сынға алып, империя өмірінде «ұлттық қанаудың болғандығын батыра айту тура еместігін, тіптен саяси тұрғыдан зиянды екеніне» назар аударып, Түркістан империя бюджеті үшін дефицитті аймақ болғандықтан, жалпы бұл мәселені тек қана таптық партиялық көзқарас тұрғысынан қарастыру қажет деген тұжырымын береді (Ив. Меницкий. О характере событий в Туркестане. По поводу ст. тов. Рыскулова «Восстание туземцев в Туркестане» // «Коммунистическая мысль». Кн.2. Ташкент. 1926. Стр. 151–155).

И.Меницкий сынына Т.Рысқұлов дәлелді жауап берген. Бұл арада маңызды нәрсе дискуссияға Ж.Әбдірахмановтың араласып, өз ұстанымын білдіруі еді. Ж.Әбдірахманов И.Меницкийдің 1916 жылғы көтеріліске тек таптық көзқараспен келу туралы тұжырымымен келісе алмайтынын анық та ашық білдірді: «В 1916 же году действующими силами было только туземное население, которое не получило поддержки не только со стороны русского крестьянства, но даже со стороны тех незначительных рабочих, которые были в Туркестане. Да и такой поддержки со стороны русского мужика не могло быть, ибо интересы его, в силу царской клонизаторской политики, были противополжны интересам коренного населения» (Ю.А. По поводу статьи т. Меницкого // В названном журнале. С.155–157).

Ж.Әбдірахмановтың мақаласынан үзіндіні бұл арада әдейі орыс тілінде бердік. Өйткені мақала автордың саяси ұстанымы, кейіннен қырғыз обкомының бюросында талқыға түскенде оппоненттердің аса қатты шүйліккені осы жолдар болатын. Бұл арада маңызды жағдай Т.Рыс­құ­лов пен Ж.Әбдірахмановтың 1916 жылғы көтерілістің сипатына байланыс­ты көзқарастық ұстанымдарының бір жерден шыққаны еді. Екі автордың да көтерілістің антиколониалдық мазмұнда болғанын қорғап шығуы нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі еді.

1926 жылы 12–14 қараша күндері Т.Рысқұловтың басшылығымен РСФСР құ­ра­мындағы автономиялық құры­лым­дардың 49 өкілі (басым бөлігі авто­номия­лық үкімет басшылары) қатыс­қан кеңес өтеді. «Рысқұлов кеңесі» атал­ған бұл форумның басты міндеті Ресей Феде­рациясы құрамындағы ұлттық ав­то­но­миялық құрылымдар мен орта­лық үкімет орындары арасындағы конституциялық-құқықтық қатынастарды жаңа сұранысқа бейімдеу тұрғысынан ұсыныстар беру еді.

Кеңесте сөйлеген шешендердің сөзі­нен орталық билік орындарының авто­но­миялық құрылымдарға қатысты ұста­нымына деген наразылық пен ашу-ыза анық байқалып тұрды. Кеңес жұмы­сына Қырғыз автономиялық облысынан қатынасқан өкілдер (Оразбеков, Әбдірахманов, Тоқбаев) атынан баяндамамен сөйлеген Ж.Әбдірахманов (облыстың атқару комитеті төрағасының орынбасары) партия мен үкіметтің ұлт саясатын сынға алып, партияның ХІІ съезі мен ұлт істері бойынша ІV кеңестің ұлы орыс шовинизмі мен жергілікті ұлтшылдықпен күрес жүргізу туралы шешімін орындау ісінде басымдылық соңғысына беріліп, ал алдыңғысы ескерусіз қалып отырғанына назар аударды. Ал индустрияландыру үде­рісінде Қырғызстан мен Қазақстан сияқ­ты өңірлер метрополиядағы өнеркәсіп ошақтарына шикізат жеткізу көздеріне айна­луға тиіс болып отырғанына нара­зылық білдірді.

1926 жылы Ж.Әбдірахманов бар болғаны 25 жастағы жігіт еді. Дегенмен оның жасаған тұжырымдары мен қызмет­тегі ұстанымынан кемел де қабілетті қайраткерге тән әрекет анық байқалып тұрды. Ал оның өз еліндегі нағыз нәтижелі қайраткерлік қызметі 1925–1933 жылдар аралығына тұс келді. Өкінішке қарай, ол жемісті еңбек атқаруға енді ғана қадам жасаған шағында елінен кетірілді. 

Ағайынды арқа тұтқан босқындар

Қырғыз үкіметінің төрағасы Ж.Әб­дірах­манов 1932 жылдың 25 ақпаны күнгі күнделігіне «Фрунзе қаласының іргесінде аштық пен қайыршылықтан ығысып, біздің жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтар тіккен киіз үйден бүтін бір қалашық пайда болды. Бұл Филипп (бірінші хатшы Филипп Голощекинді атап отыр – авт.) қызметінің нәтижесі» деген жолдарды жазып, ізін ала ойын «тек соның ғана ісі ме?» деген көп мағыналы сұрау тастаумен аяқтайды.

Бұл 1932 жылдың көктемі еді. Үкімет төрағасы тағы бірде «1932 жылдың көкте­мінде қазақтар жаппай қырғыз жеріне қоныс аудара бастады. Көшіп келгендердің біразы аштықтан өлім құшуда. Бұл жағ­дай ел басшыларының біразын, мені де қатты састырды» деп көрсетіп, үкі­мет мүшелерімен пікір алысып «астық өткізу жоспарын орындағанымыз үшін қызметтен алар болса, алсын. Елді қазақ елінің ауыр жағдайына жеткізбей сақ­тайық» деген шешімін айтады.

Қырғыз үкімет орындарының көрсе­туі­не қарағанда аштық қысқан қазақ отбасылары қырғыз жеріне жаппай ауа көшуі 1931 жылдың екінші жартысында байқалған. Бұл үдерістің әсіресе өте қауіпті көрініске айналуы 1932 және 1933 жылдың алғашқы айларында байқалған. 1933 жылы 22 ақпанда Т.Рысқұловтың төрағалығымен өткен отырықшыландыру ісіне байланысты комиссия аштыққа ұшыраған қазақ босқындары туралы мәселені арнайы қарастырады.

Комиссия отырысында баяндамамен сөйлеген қырғыз үкіметінің өкілі Шоруков мынадай факті келтіреді. Бұл уақытта Қазақстаннан қырғыз жеріне босқын ретінде жеткен қожалық саны шамамен 35 мыңға жетіп, олар елдің 20 ауданына орналасқан. Егер орта есеппен әрбір отбасындағы адам санын бес адамнан деп алсақ, онда қырғыз жеріне көшіп келген қазақтардың саны – 175 мың адам шамасында. Тек Қырғызстанның Шу өңіріне жеткен қазақтар саны 10 мың шамасында болған. Бұл сан, әрине, толық емес. Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласының іргесіндегі Беловодскі ауданындағы қа­зақ отбасыларының саны 1933 жылдың сәуірінде 490-ға жеткен.

Біздің қолымыздағы 1933 жылға тиесі­лі архив материалдары сол кез­дегі РСФСР үкіметі төрағасының орын­басары Т.Рысқұлов пен қырғыз үкіме­тінің төрағасы Ж.Әбдірахмановтың Қазақстандағы алапат аштықтан қашып, туыс қырғыз еліне қоныс аудара келген босқындарды ажалдан аман алып қалу әрекетіндегі қайраткер тұлғалардың қызметін куәландыратын жәдігерлер еді.

Т.Рысқұлов 1933 жылы 16 ақпанда Мәскеуден Фрунзе қаласындағы әріптесі Ж.Әбдірахмановқа үкіметтің байланыс арнасы арқылы «Маған жеткен мәліметке қарағанда сіздердің республикада босқын қазақ отбасыларын әкімшілік жолмен кейін көшіру жүргізілуде. Бұл шараны тез арада тоқтатуды ұсынамын» деген тапсырмасын жеткізіп, оның орындалуын хабарлауды өтінеді.

Т.Рысқұлов келесі кезекті телеграммасында қазақ отбасыларын әзірге кейін қайтаруға болмайтынын, өйткені Қазақ­стан өкіметі органдарының оларды қабылдауға ешқандай да мүмкіндігі жоқ екенімен түсіндіреді. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында аштықтан босқан қазақ отбасылары мен олардың балаларына араша түскен Т.Рысқұловтың телеграммалары Фрунзедегі үкімет үйіне үзіліссіз жетумен болды. Оларда қазақ босқындарына көмек ұйымдастыруға байланысты арнайы шаралар жоспарын даярлап, комиссия құрып, атқарылған жұмыс туралы декада сайын есеп беріп тұру өтінілді.

Мәселен, Т.Рысқұлов осы 1933 жылы 18 ақпанда жолдаған телеграммасында «Срочно вышлите подробный доклад о результатах усройства казаков. В дальнейшем высылайте ежедекадные отчеты. Пришлите все решения республиканских органов по этому вопросу» деген үкіметтік тапсырмасын жеткізді.

Өз кезегінде Ж.Әбдірахманов аға-досының жанайқайын түсінушілік­пен қабыл алып, босқындарды өлімнен сақтауға білек түре кірісіп, 16 ақпанда Қыр­ғыз республикасының барлық аудан­­­­дық атқару комитеттерінің төраға­лары мен олардың орынбасарларына жеке тапсырма түрінде тез арада Қырғызстан территориясындағы қазақ босқындары­ның жағдайын жасауға байланысты жос­пар жасап, оларды кәсіп­орындарда, сов­хоз және колхоздарда жұмысқа орналас­тыру жолдарын қарас­тыруды тапсырады. Осы ретте ол атқару комитеттерінің төрағалары мен олардың орынбасарла­рына 20 ақпанда, біріншіден, ауданға кө­шіп келген қазақ қожалықтарының санын жеткізуді, екіншіден, қанша қожалық иелерін жер­гілікті кәсіпорындарға жұ­мыс­қа орналастыруға болатынын, үшінші­­­ден, жер ауа келген босқындар балалары­­ның арнайы құрылған балакомиссия­­лары арқылы қамқорлыққа алынғаны тура­лы мәлімет жеткізуді тапсырады.

Осы жылдың 20 ақпанынан бас­тап Қырғыз үкіметі төрағасының атына оңтүстіктегі Ош, Жалал-Абадтан, солтүс­тік-батыс және солтүстік-шығыстағы Талас, Қарақол және басқа өңірдегі 20 ауданнан қазақ босқындарының саны мен олардың жағдайынан мәлімет беретін материалдар түсе бастайды. Ж.Әбдірахманов 1933 жылдың 9 наурызында Ташкенттегі Ортаазия атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесіне, Астық қоры коми­тетіне қазақ босқындарына бөлінген 68 620 кг бидай мен 4 140 кг тары қорын арнайы ұйымдастырылған ларектар арқылы таратуға рұқсат сұрап телеграмма жолдайды. 

Қиындықтан құтқарған қаулы

1933 жылы 17 наурызда Қырғыз үкіме­ті №132 «Қырғыз елі жеріндегі қазақ босқындары» туралы қаулы қабылдайды. Қаулыда 1) қазақ босқындарын Қырғыз республикасында орналастыруға байланыс­ты Еңбек Халық комиссариатына арнайы тапсырма ретінде суландыру жүйесіндегі құрылыс жұмысына, жол салу және оларды жөндеу ісіне, сондай-ақ өнеркәсіп саласы мен шаруашылық кәсіпорындарына жұмысшылар іздестіру және тартуда оларды бірінші кезекте қазақ босқындары арасынан алу жүктелді; 2) Совхозтрест және өнеркәсіп орындары директорларына қазақ жұмысшыларын жұмыстан босатпау туралы ұсыныс жасалып, жазғы сезондық жұмысқа бірінші кезекте қазақтарды тарту міндеттелді; 3) Еңбек Халық комиссариатына Вахш кәсіпорны сияқты ірі құрылысқа жұмыс­шылар тарту ісінде бірінші кезекте олар­ды қазақ босқындары арасынан қарас­тыру ұсынылды; 4) Егін­ші­лік комис­сариатына Қырғыз еліне қоныс аудара келген қазақ тұрғындарын отырықшыландыру ісіне байланысты шаралар жоспарын даярлап, оған қазақ босқындарын жерге орналастыруға байланысты РСФСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы комиссияға ұсыну үшін орналастырылмақ жер көлемі, қажет материалдар шығындары көрсетілген құжатты тіркеу жүктелді; 5) РСФСР үкі­­ме­тіне жеткізуге Қырғыз Орталық атқа­ру комитеті жанындағы балалар комиссиясы мен Қырғыз Қызыл крест және жар­­ты ай қоғамына панасыз қалған қазақ ба­­лалары үшін «Балалар үйін» ұйым­­дас­тыруға қажет орналасатын ауда­ны, контингенті және қаржылай шығы­ны көрсетілген негіздеме даярлау тапсырылды; ең соңында: 6) осы шешімнің іс жүзінде асуын бақылау аудандық атқару комитеттері, қалалық кеңес төрағаларына және аудандық жұмысшы-шаруа инспекцияларына жүктелді.

Бұл қаулының орындалуы туралы егжей-тегжейлі баяндауды мақала көле­мі көтермейді. Дегенмен бұл арада мы­надай жағдайды ескерткен артық емес. Қырғыз еліне қоныс аудара келген бос­қындарды қамқорлыққа алу қыр­ғыз үкіметіне жеңілге түскен жоқ-тын. Өйт­кені азық-түлік тапшылығы бұл кезең­де қырғыз елінің өз ішінде де негізгі мәсе­леге айналған еді. Соған байланысты екі ел үкіметтері арасында босқындар ісіне бай­ланысты өзара кінә тағу да орын алып жатты.

Осы жағдайға байланысты Шоруков басында «мен қазақ босқындарына байланысты қырғыз үкіметі орындары ешқандай да шара қарастырмастан, тыныш отыр деген сияқты негізсіз айыптаулар айтудан бас тартуға шақырған болар едім» деп көрсетіп, сөзін мынадай фактілер келтірумен жалғастырады: «Біздің тарапымыздан қандай шаралар атқарылды? Орталық атқару комитеті жанындағы Балалар комиссиясы тарапынан бөлінген 100 мың рубльге 150 мың рубль қосып, яғни 250 мың рубльге 6 балалар үйін ашып, оларға 2 мың балаларды орналастырдық. Ересек қазақтар Шу өңіріндегі өнеркәсіп орындарына жұмысқа алынды. Қазақтардың белгілі бір бөлігі шекараға жақын маңдағы туыстарына орналасты. Әсіресе Соқылық және Қарақол аудандары босқын қазақтармен толықты. ...Балалардың біразының ата-анасы жоқ. Қырғызстан соңғы уақытта аязды болып тұр, соған байланысты өлім көп. Фрунзе және Қарақол қалаларындағы ауруханалар ауруларға толы...».

Қорыта айтқанда, 1931–1933 аштық жылдары Жүсіп Әбдірахманов басқарған қырғыз үкіметінің қазақ босқындарына араша түсіп, атқарған қызметі ағайынды екі ел ара-қатынасы тарихының аса маңызды беттері ретінде аталуға лайық. Көрші әрі ағайынды елдердің өзара қатынасы ке­зек­ті рет сыннан өтіп, беріктігін танытты. Бұл үдерісте Т.Рысқұлов пен Ж.Әб­дірах­манов жаңа саяси буынның өкілдері ре­тінде тарих қойнауынан бастау алатын екі ел арасындағы дәстүрлі рухани құн­ды­лықтарды сақтау ісінде кемелдік танытты.

Жүсіп Әбдірахманов – қырғыз бен қазаққа ортақ ұл, яғни ортақ қайраткер. Ол мемлекеттік қызметін Алматыда бастаған. Бар болғаны 19 жасында Түркіс­тан компартиясы Алматы қалалық комитетінің жауапты хатшысы қызметіне сайланған. Осында жүріп, қазақ қызы Гүлбаһрамға үйленіп, бес перзент сүйген. Жүсіп Т.Рыс­құлов, О.Жандосов және басқа қазақ қайраткерлерімен өте жылы, жақын достық қатынаста болды.

Осы ретте мақала авторы қырғыз елі­нің аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері  Жүсіп Әбдірахмановтың өткен ғасырдың 30-жылдары қырғыз еліне көшіп барған қазақ босқындарын өлімнен сақтау ісінде үкімет басшысы ретінде көрсеткен азаматтық ұстанымына қазақ халқының жауабы есебінде ескерткіш орнату туралы «Қазақстан Республикасының Көркем академиясы» қоғамдық қорының бастамасын қолдайды. Қазақстан Республикасының Көркем академиясы – заңды тіркеуден өткен, бүгінде еліміздің аумағындағы осы үлгідегі алғашқы әрі жалғыз қоғамдық ұйым. Аталған қадамның ағайынды екі халықтың өзара достық қатынасына жағымды әсер ететіні анық.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,

академик

Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінде сең қозғалды

Табиғат • Бүгін, 09:45

Айдың арғы беті...

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:10

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:58