Фото: Ашық дереккөз
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл құжат ел азаматтарының әл-ауқатын жүйелі түрде арттыруға бағытталған нақты шаралар кешенін біріктіреді. Соның ішінде коммуналдық сала қызметкерлерінің, азаматтық қызметшілердің және ауыл шаруашылығы саласы мамандарының жалақысын ұлғайту көзделген.
2026-2028 жылдары халықтың табысы инфляциядан жоғары қарқынмен жыл сайын 2-3%-ға өседі
Бағдарлама аясында еңбекақы төлеу қорының үлесін арттыру, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау арқылы экономиканың тұрақты өсіміне серпін беру көзделген.
Халықтың қаржылық жүктемесін азайту да негізгі басымдықтардың бірі. Осы мақсатта комиссиялар мен түрлі төлемдер арқылы түсетін ауыртпалықты төмендету шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындардың әлеуметтік жобаларын іске асыру арқылы өңірлердегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайту көзделеді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2026 жыл азаматтар табысының тұрақты өсу трендін қалыптастыруда шешуші кезең болмақ.
Сондай-ақ ведомство мемлекеттік деректердің ашықтығын қамтамасыз ету және оларды дұрыс түсіндіру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.