Сұхбат • Бүгін, 12:23

Астананың қай аудандарында санитариялық бұзушылықтар жиі тіркеледі?

40 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астанада қоғамдық тамақтану орындарына бақылау санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл тексерулердің басты мақсаты – халық денсаулығын қорғау және санитариялық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету. Осы орайда Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевпен сұхбаттасқан едік.

Астананың қай аудандарында санитариялық бұзушылықтар жиі тіркеледі?

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

 Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану орындарындағы тексерістердің заңды негізі қандай? Жалпы, бұл жұмыстар жоспарлы кестеге сәйкес пе әлде жоспардан тыс жүргізіле ме?

– Қоғамдық тамақтану объектілеріне бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Бақылау бірнеше нысанда жүргізіледі: профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеру.

Тексерулер екі түрге бөлінеді: біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру және жоспардан тыс тексерулер. Жоспарлы тексерулер тәуекел дәрежесіне байланысты жүргізіледі: жоғары, орташа және төмен тәуекел объектілерінде тексеру жиілігі әртүрлі (жоғары тәуекелде – жарты жылда 1 рет, орташа – 2 жылда 1 рет, төмен – 3 жылда 1 рет).

Сонымен қатар жоспардан тыс тексерулер бұзушылықтар анықталған жағдайда немесе шағымдар мен жедел хабарламалар негізінде жүргізіледі. Тексеру жоспары тәуекел деңгейі мен түрлі объективті және субъективті критерийлерді ескере отырып автоматты түрде қалыптастырылады.

Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев

Жоспардан тыс тексерулер жүргізуге қандай факторлар негіз болады?

– Жоспардан тыс тексерулер бірнеше негіз бойынша жүргізіледі. Оларға жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың нақты зиян келтіру фактілері бойынша түскен шағымдары жатады. Сонымен бірге жұқпалы аурулар немесе улану жағдайлары тіркеліп, бір объектімен байланысты 3 және одан да көп жағдай анықталған кезде жедел тексеру тағайындалады.

Бұдан бөлек, мониторинг нәтижелері мен бақылау барысында анықталған бұзушылықтар да жоспардан тыс тексеруге негіз бола алады.

Астанада 2025 жылдың қорытындысы бойынша және биылғы жылдың басынан бері қанша объект тексерілді? Соңғы уақытта тағамнан улану жағдайлары тіркелді ме?

– 2025 жылы қоғамдық тамақтану объектілеріне қатысты 75 тексеру жүргізіліп, 53 объектіде заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 44 айыппұл салынып, жалпы сомасы 14 млн теңгеден астам қаражат өндірілді, сондай-ақ 24 жедел шара қолданылды.

2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында 9 тексеру жүргізіліп, 6 нұсқама берілді, 5 айыппұл салынып, 3 материал сотқа жолданды.

Тағамнан улану жағдайларына келсек, 2025 жылы ішек инфекциясымен 3 топтық сырқаттану тіркеліп, 49 адам зардап шекті. Ал 2026 жылдың есепті кезеңінде тағамнан улану жағдайлары тіркелген жоқ.

Астанада арнайы рұқсатсыз жұмыс істеген тамақтану орындары анықталды

Қоғамдық тамақтану объектілерінде қандай заң бұзушылықтар жиі анықталады?

– Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау кезінде ең жиі кездесетін бұзушылықтарға объектілердің рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеуі (қорытынды немесе хабарламаның болмауы), жобалық қуаттылықтың сақталмауы және өндірістік процестердің дұрыс ұйымдастырылмауы жатады.

Сондай-ақ желдету жүйелерінің талапқа сай болмауы, қызметкерлерді міндетті медициналық тексерулерден және гигиеналық оқытудан өткізбей жұмысқа жіберу жиі анықталады. Тағам дайындау технологиясының бұзылуы да кездеседі: шикізатты дұрыс ерітпеу, қайта мұздату, сақтау мерзімдерін сақтамау, таңбалаудың болмауы.

Бұдан бөлек, тауарлық көршілестік қағидаларын бұзу, шикі және дайын өнімдерді бірге сақтау, құрал-жабдықтарды дұрыс таңбаламау, дезинфекция мен жеке гигиена талаптарының сақталмауы, сондай-ақ өндірістік бақылаудың толық жүргізілмеуі жиі тіркеледі.

Тағам дайындау блогында (ас дайындау аймағында) қандай негізгі санитариялық талаптар бар?

– Тағам дайындау аймағында санитариялық қағидаларға сәйкес технологиялық процестің ағымдылығын сақтау маңызды, яғни шикізат пен дайын өнімдердің, сондай-ақ таза және лас ыдыстардың араласуына жол берілмеуі тиіс.

Үй-жайлар санитариялық талаптарға сай болып, оңай жуылатын және дезинфекцияланатын материалдардан жасалуы қажет. Қауіпсіз жабдықтар қолданылып, шикізат пен дайын өнім үшін бөлек технологиялық және тоңазытқыш жабдықтар, сондай-ақ арнайы таңбаланған құралдар пайдаланылуы керек.

Сонымен қатар өнімдерді сақтау температуралық режимдері мен тауарлық көршілестік сақталады. Қызметкерлер жеке гигиена талаптарын орындап, медициналық тексеруден өтеді және тағам дайындау барысында өндірістік бақылау жүргізіледі.

Өнімнің жарамдылық мерзімі мен сақтау температурасы қалай бақыланады?

– Өнімдердің жарамдылық мерзімі мен сақтау температурасы өндірістік бақылау аясында және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау барысында тексеріледі. Бақылау өнімді қабылдау кезінде және сақтау процесінде жүргізіліп, тек жарамдылық мерзімі өтіп кетпеген, дұрыс таңбаланған өнімдер ғана қабылданады.

Сақтау кезінде тауарлық көршілестік қағидалары сақталып, шикізат, жартылай фабрикаттар және дайын өнімдер бөлек орналастырылады. Температуралық режим тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтар арқылы қамтамасыз етіліп, термометрлер мен арнайы журналдар арқылы тұрақты түрде тіркеліп отырады.

Құрғақ қоймаларда температура мен ылғалдылық гигрометрлермен бақыланады. Жарамдылық мерзімі өткен немесе сақтау талаптары бұзылған өнімдер айналымнан алынып, сатуға жіберілмейді.

Қызметкерлердің медициналық кітапшалары қаншалықты жиі тексеріледі?

– Қызметкерлердің медициналық тексерулерден өтуі өндірістік бақылау аясында объектінің жауапты тұлғасы тарапынан тұрақты қадағаланады, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тексеру барысында бұл талаптардың сақталуын тексереді.

Қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметкерлері жұмысқа қабылданар алдында міндетті медициналық тексеруден өтеді, ал кейіннен әр 6 ай сайын мерзімдік тексеруден өтіп отырады.

Шикізат пен дайын өнімдерді бөлек сақтау талаптары сақтала ма?

– Иә, бұл талап барлық қоғамдық тамақтану объектілері үшін міндетті. Дегенмен, тәжірибеде кейбір жағдайларда оның сақталмауы кездеседі.

Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын жүргізу жиілігі қандай болуы тиіс?

– Бұл жұмыстар Денсаулық сақтау министрінің № 68 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидаларға сәйкес жүргізіледі.

Дератизация жұмыстары, егер басқа талаптар көзделмесе, үй-жайларда 2-3 айда 1 рет, ал аумақта жылына 4-6 рет жүргізіледі. Кеміргіштер көп болған жағдайда өңдеу жиілігі айына 1 ретке дейін арттырылады, ал олардың ұзақ уақыт бойы болмауы кезінде өңдеу жиілігі қысқартылады.

Дезинсекция жұмыстарын жүргізу жиілігі энтомологиялық көрсеткіштерге байланысты анықталады.

Оралда дәмханадан өрт шықты

Анықталған бұзушылықтар үшін қандай әкімшілік шаралар қолданылады? Айыппұл мөлшері қандай? Қайталанған бұзушылықтар үшін қандай қатаң шаралар қарастырылған?

– Санитариялық талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Егер бұзушылық адам денсаулығына зиян келтірмесе, жеке тұлғаларға, лауазымды тұлғаларға және кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл салынады (мөлшері субъект санатына қарай әртүрлі).

Ал егер бұзушылық адам денсаулығына зиян келтірсе, айыппұл көлемі айтарлықтай өседі және қосымша ретінде қызметті уақытша тоқтату немесе өнімді тәркілеу сияқты шаралар қолданылуы мүмкін. Қайталанған бұзушылықтар кезінде де қатаң әкімшілік шаралар қолданылады.

– Жалпы тексерілген нысандардың қанша пайызы бекітілген талаптарға салғырттық танытып отыр және олардың ішінде қызметі уақытша тоқтатылған немесе мүлдем жабылғандары бар ма? Сондай-ақ елорданың қай аудандарында санитариялық бұзушылықтар жиі тіркеледі?

– Иә, 2025 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауына байланысты 6 қоғамдық тамақтану объектісіне қатысты жедел шаралар қабылданып, олардың қызметі уақытша тоқтатылды. 

Бұзушылықтардың анықталуы нақты ауданға емес, қоғамдық тамақтану объектілерінің санына, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және түскен шағымдарға байланысты. Дегенмен, Есіл, Нұра және Алматы аудандарында объектілер көп болғандықтан, бұзушылықтар да жиірек тіркеледі.

2025 жылғы мәлімет бойынша, тексерілген 75 объектінің 53-інде бұзушылықтар анықталған, бұл шамамен 70,6%-ды құрайды.

Щучинсктегі дәмханада жарылыс болды: 7 адам қаза тапты

Көбіне қандай өнім түрлері тәуекел тобына жатады?

– Қоғамдық тамақтану объектілерінде тез бұзылатын өнімдер тәуекел тобына жатады, себебі олардың ылғалдылығы мен ақуыз мөлшері жоғары болып, микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады. Оларға көп компонентті салаттар, соусты салаттар, фарш және одан жасалған өнімдер, дайын гарнирлер, кремді кондитерлік өнімдер, сондай-ақ жұмыртқа және одан жасалатын тағамдар жатады.

Кәсіпкерлермен қандай профилактикалық және түсіндірме жұмыстары жүргізіледі?

– Бұзушылықтардың алдын алу және санитариялық мәдениетті арттыру мақсатында Департамент бірқатар профилактикалық шараларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, кәсіпкерлер үшін оқыту семинарлары өткізіледі, санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілер мен ресми парақшаларда ақпарат жарияланады.

Сонымен қатар жаппай іс-шаралар ұйымдастырылып, санитариялық ережелерді түсіндіретін ескерткіштер таратылады, әңгімелер мен дәрістер өткізіледі. Өндірістік бақылаудың жүргізілуі де қадағаланады.

2023 жылғы санитариялық қағидаларға сәйкес, кәсіпкерлерде өндірістік бақылау бағдарламасы болуы, лабораториялық зерттеулер жүргізілуі және есептілік уақтылы ұсынылуы тиіс. Осы талаптардың сақталуы профилактикалық бақылау аясында тексеріліп, кемшіліктер анықталған жағдайда ұсыныстар беріледі.

Мысалы, 2025 жылы бұзушылықтарды жою бойынша 129 ұсыныс берілген.

Қызмет көрсету сапасы төмен немесе улану фактісі болған жағдайда азаматтар қайда жүгінеді?

– Санитариялық ережелер бұзылған немесе тағамнан улану жағдайы орын алған кезде азаматтар Департаментке немесе оның аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгінеді. Өтінішті жеке түрде немесе e-Өтініш жүйесі арқылы беруге болады, онда объектінің атауы көрсетіліп, жағдай сипатталып, растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс.

Ал қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер Департамент құзыретіне кірмейді.

Қоғамдық тамақтану объектісін таңдағанда тұтынушылар нені ескеруі тиіс?

– Тұтынушылар ең алдымен санитариялық жағдайға мән беруі керек: тазалық, жағымсыз иістердің болмауы. Ыдыстар мен құралдардың таза және бүтін болуы да маңызды.

Қызметкерлердің сыртқы келбеті, санитариялық киімі және гигиенаны сақтауы да назарда болуы тиіс. Сонымен қатар тағамның сыртқы түрі, иісі мен сапасына көңіл бөлу қажет. Егер тағамның сапасына күмән туса, оны тұтынудан бас тартып, объект әкімшілігіне жүгінген жөн.

– Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар