Қазіргі таңда Алматы еліміздің ІЖӨ-нің 30-ға жуық пайызын қамтиды. Мұнда венчурлық инвестицияның 50 пайызы мен мыңнан астам стартап шоғырланған. Қалада 30-дан астам жоғары оқу орны, 80-нен аса кәсіптік-техникалық колледж бар. Ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың саны 200-ге жуықтайды. Еліміздің ғылыми әлеуетінің 70 пайызы және бизнестің 30 пайыздан астамын иеленіп отырған алып шаһар ғылым мен бизнесті интеграциялауда орасан зор әлеуетке ие десек болады. Ендігі кезекте іскерлік қаласын ғылыми-технологиялық, инновациялық кластер деңгейіне жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта биыл жыл соңына дейін Алматы әкімдігі мен MOST Holding IT-стартаптар мен жетілген IT-компаниялар үшін мамандандырылған «Almaty AI Hub» ашуды жоспарлады. Жобаның мақсаты – толыққанды экожүйе құрып, қаланы өңірлік IT-хабқа айналдыру. Оның барысында білім беру, жұмыс кеңістігі мен қаржыландыру тетіктерін дамытып, сарапшылар кеңесін ұйымдастыру көзделген.
Жақында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қалаға келген іскерлік сапары аясында «Almaty AI Hub» орнын анықтап, инфрақұрылымын жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ стартаптарға тартымды кеңістік құру мақсатында еліміздің оңтүстік-шығысындағы AI-экожүйесін дамыту орталығының маңызын, шаһардың заманауи цифрлық стандартты игеруде көшбасшы болуы қажеттігін атап өтті.
«Ғылымды коммерцияландыру одағы» РҚБ вице-президенті, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Алматы аймақтық инновациялық кеңесінің мүшесі Жұмабай Ділмановтың айтуынша, еліміздің Орталық Азияда цифрлық модельдеу орталығына айналу мүмкіндігі жоғары. Ал іскерлік қаласында ғылыми-технологиялық, инновациялық кластер құруға толыққанды негіз бар.
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жаңа технологиялық бағыттың дені ғылыми орталықтар мен университеттердің айналасында қалыптасады. Дәл осы ортада кейін ұлттық және халықаралық деңгейдегі ірі жобаларға айналуы мүмкін идеялар туады. Бүгінде цифрлық модельдеу, суперкомпьютерлік есептеулер және цифрлық балама технологиялары ғылыми-технологиялық дамудың маңызды бағытына айналып отыр. Әсіресе Орталық Азия елдері үшін бұл сала айрықша маңызға ие. Сонымен бірге өңірдің табиғи жағдайы күрделі, инфрақұрылым жүйесі ауқымды болғандықтан, су ресурстары, климат, көлік, энергетика және экология салаларында ғылыми негізделген болжамға сұраныс артып келеді. Осындай жағдайда жоғары өнімді есептеулер мен үлкен деректерді талдау бағытында жұмыс істейтін ғылыми орталықтарды дамыту стратегиялық мәнге ие болуы ықтимал. Мұндай орталықтар ғалымдарды, инженерлерді, IT компанияларды және индустриялық серіктестерді күрделі цифрлық модельдеу жобаларына біріктіруге қабілетті. Бұл үрдісте жоғары оқу орындарының рөлі ерекше. Ғылыми мектептері, зертханалары және зерттеу инфрақұрылымы бар университеттер жаңа технологиялық экожүйелердің қалыптасуына негіз болады. Болашақта мұндай бастамалар ғылым мен технологияның дамуына ғана емес, сонымен қатар өңірдегі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарының қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан суперкомпьютерлік есептеулерді, цифрлық модельдеуді және цифрлық егіздер жобаларын дамыту еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтетін маңызды фактордың бірі, – дейді Ж.Ділманов.
Әзірше, қалада IT-стартаптарға бірыңғай кеңістік жоқ. Бір жағынан, олар шашыраңқы орналасқан. Бірыңғай кеңістік құру бәсекелестікті ынталандырып, мамандандырылған ортаны жылдам қалыптастырады. IT-кәсіпкерлікті қолдау үшін көзделіп отырған «Almaty AI Hub»-тың әлеуеті зор болмақ. «Almaty Investment Initiative» іскерлік кездесуінде Алматы әкімдігінің цифрландыру басқармасының бастығы Олжас Жаңабек «MOST Holding»-пен бірлескен жобаның ерекшелігіне тоқталды. Мақсаты – стартаптарды дамытумен қатар шешімдерін нарыққа енгізу. Көлік жүйесінен бастап, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді технология көмегімен шешуге ықпал ету. Оның айтуынша, көптеген дамып келе жатқан нарықта стартаптар қанатқақты жоба деңгейінде қалып қояды. Сондықтан қала экономикасын дамытуда инновацияны жұмыс құралы ретінде қолдануға нақты қадам жасалып жатыр.
«MOST Holding» басшысы Павел Коктышевтің айтуынша, «Almaty AI Hub» жаңа венчурлық экожүйесінің мультипликаторы 300 млн долларды құрауы мүмкін. Салынған әрбір доллар қалалық логистиканы дамытудан бастап, қонақжайлылық өндірісі мен жаңа жұмыс орнын құрудан бюджетке түсетін түсімді арттырады. Бұл идеяны іске асыруға деген талпыныстан туындап отыр. Әдетте инвесторлар стартаптардың алғашқы кезеңіне инвестиция салуға құлшына бермейді. Мұндай үлгі халықаралық тәжірибеде де бар.
Сондай-ақ «Most Holding»-пен бірлескен бастамада Алматы әкімдігінің цифрландыру басқармасы инновацияларды дамыту тәсілін жүйелі түрде дамыту, жекелеген жобаларды қолдаудан бастап, толыққанды инвестициялық хабты қалыптастыруға дейінгі межені қарастырады. Жобада 250 стартапқа арналған екі жылдық акселерациялық бағдарлама бар. Осы уақыт ішінде стартапқа инвестиция тарту, сыртқы нарыққа бағдарлау көзделген. Қала әкімдігі көлік, туризм, экология, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау сияқты басым бағыттарды дамытуда бағдарламаның орталық үйлестірушісі және тапсырыс берушісі саналады. Екі жыл ішінде тоғыз акселерация қорытындысына сәйкес MOST IT Hub 60 млн доллар инвестиция тартуды, 45 жобаны экспортқа шығарып, 15 жобаны Алматыда сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл стартаптар «AlmatyAI Hub»-та тіркеледі. Сонымен бірге Астанадағы Финтех-хабта резиденттерге салық жеңілдіктері, өнімдердің белгілі бір санаттары бойынша және шикізат импортына қосымша құн салығынан босатуға қолдау көрсетілмек. Ал «Astana Hub»-та тіркелген 2 мың стартаптың 800-ден астамы Алматыға тиесілі. «Almaty AI Hub» технологияларды экспорттаумен қатар кәсіпкерлік дағдыларды да импорттайды. Мұндай қадамдар дамыған иновациялық хабтар тәжірибесіне тән. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда көптеген отандық стартап шетел нарығын бағындырып жатыр. Егер инвестициялық қолдау болса, іскерлік қаласында Кремний алқабындағыдай Қазақстан тәжірибесіндегі инновациялық орталықты дамытуға әбден болады.
АЛМАТЫ