Туынды осыдан алпыс алты жыл бұрын кенепке түскен. Бүгінде Ә.Қастеев музейінің қорында сақтаулы тұрған қолтаңбаны шебер мұнда өз қолымен табыстапты. Арада жарты ғасыр жылжыса да, картинадағы бояу үйлесімі, композициялық шешімдердің нақтылығы талғампаз көрерменнің көңіліне қона кетеді.
Үңілген сайын туындыда үнсіз тіл қатқан бір арман барын аңдайсыз. Суретші қилы кезеңде үзіліп қалған Наурыз мейрамының қайта қанат жаюын, ұлт жадындағы ұмыт бола бастаған салт-дәстүрдің қайта жаңғыруын қалағандай. «Дастарқандағы» әр бояу, әрбір пішін сол сағыныштың салқар үнін жеткізеді. Қызыл түстің қуаты – жоғалған жылулықты қайтаруға ұмтылса, кенептегі ақ оюлардың айқындығы – тазаруға, жаңаруға шақырған ишара іспетті көрінеді. Иә, солай. Суретші уақыттың өтпелі кезеңдеріне қарамастан, ұлттық болмыстың қайта түлеуіне сенген. Сол сенім кенеп бетінде өмір сүріп, бүгінгі ұрпаққа жетті.
Туынды тек тұрмыстық көріністі бейнелеумен шектелмейді. Халықтың жан әлемін, дархан көңілін, дәстүрге деген адалдығын бояу тілімен сөйлетеді. Дастарқан тек ас ішетін орын емес, ол – адамдарды жақындастыратын, көңілдерді табыстыратын киелі кеңістік екенін еске салады. Майлы бояумен өрілген әрбір элемент арқылы суретші «береке» ұғымын материалдық деңгейден рухани деңгейге көтереді. Осы ойымызды өнертанушы Балжан Заманбекованың мына пікірі қуаттайды.
«Кенеп кеңістігі кездейсоқ құрылмаған. Мұндағы басты композициялық өзек – молшылықтың рәмізіне айналған бауырсақтар. Олар жай ғана тағам емес, Наурыздағы ырыс-несібенің, үйге құт-береке шақырудың белгісі. Суретші оларды орталыққа орналастыру арқылы өмірдің өзегін – тоқшылық пен бірлікті алға шығарады. Домалақ пішіндердің қайталануы уақыттың айналымын, жыл мезгілдерінің алмасуын еске түсіреді. Бұл – Наурыздың философиясымен үндес. Картинадағы қызыл түс ерекше символикалық салмақ арқалайды. Бұл – жылылықтың, тіршіліктің жаңғыруының түсі. Қыстың ұзақ суығынан кейін келетін көктемнің алғашқы шуағындай әсер қалдырады. Ал ақ ою-өрнектер – тазалық пен жаңа бастаманың белгісі. Осы екі түстің үйлесімі – ескі мен жаңаның тоғысын, өмірдің қайта түлеуін көрсетеді. А.Ғалымбаева көрерменді тек эстетикалық әсерге емес, мәдени танымға жетелейді. Ақ пен қызылдың диалогі – өмір мен дәстүрдің, қуаныш пен сабырдың үндестігі. Суреттегі заттық әлем де терең символикаға ие. Дастарқан үстіндегі әрбір деталь – жай ғана тұрмыстық бұйым емес, ұлттық жадының бөлшегі. Кесе, құман, ағаш ожау – бәрі де уақыт үнін жеткізетін куәгерлер іспетті. Олардың орналасу тәртібі де кездейсоқ емес, кеңістікке тереңдік беріп, көрермен назарын бір нүктеден екіншісіне жұмсақ бағыттайды. Бұл – классикалық натюрморт дәстүрі мен қазақы дүниетанымның үйлескен тұсы. Жұмсақ жарық бауырсақтардың алтын түстес реңін айқындап, олардың «жылы» фактурасын сездіреді. Ал көлеңкелер артық драматизмге бармай, керісінше тыныштық пен үйлесім әсерін күшейтеді. Суретші үшін бастысы – әсер емес, шынайылық пен жылылық. Сондықтан бұл картинада айқай жоқ, бірақ терең сыр бар», деп толғанады Балжан Заманбекова.
Халқымыз қай-қай мәселені болсын дастарқан басында отырып кеңескен. Себебі дастарқан басында айтылған әңгіме де ас секілді сіңімді болған. Аруана дүниеге сауын айтып Наурыз келгенде әр үйдің есігі айқара ашылып, мол дастарқан жайылған. Бұл күні өкпе-реніш ұмытылып, ағайын-туыс, көрші-қолаң бір қазаннан ас ішкен. Кенептегі кең жайылған дастарқан да дәл осы бірліктің көркем көрінісі. Оған қарап отырып өткенімізге үңілеміз, бүгінімізді байыптаймыз, болмысымызға бойлаймыз. Наурыз – ішкі жаңарудың, рухани тазарудың мерекесі екенін сезінеміз. Ал Айша Ғалымбаева осы ұлы сезімді бояу тілімен сөйлетіп, бізге аманаттап кеткендей. Қазақтың бай дастарқаны – береке бесігі дерсіз...
АЛМАТЫ