Жыл басындағы мәліметке сүйенсек, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 57 434 адам тіркелген. Оның ішінде 31 055 азамат халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.
Осы санаттағы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында облыста әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, сонымен қатар дайын пәтерлерді сатып алу тетігі де кеңінен қолданылып жатыр. Өткен жылы облыста жалпы көлемі 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 157,9 мың шаршы метрі немесе 20,5 пайызы бюджет қаражат есебінен, ал 79,5 пайызы жеке меншік қаражаты есебінен салынған.
Бюджет есебінен 18,4 млрд теңгеге 2 190 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысымен 1 050 пәтерге арналған 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жеке қаражат есебінен 1 056 пәтерлі 39 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту мақсатында 21,5 млрд теңгеге 1 425 пәтер сатып алынды.
2026 жылы өңірде жалпы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жылдың қаңтар-ақпан айларында 82,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 20,3 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 2 035 азамат баспанамен қамтылады. Оның ішінде 680-і халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері.
Биыл 15,4 млрд теңгеге 2 941 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 1 685 пәтерге арналған 35 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 350 тұрғын үйді сатып алу көзделіп отыр.