Көрме • Бүгін, 08:20

Ғұмар мен «Қазақстан»

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

11 наурыз алғашқы ұлт баспасөзінің бірі – «Қазақстан» газетінің шыққанына –115 жыл. Дәл осы күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ғұмар Қараш – ұлт руханиятының жетекшісі» атты көрме залы ашылды.

Ғұмар мен «Қазақстан»

Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН

Көрмеде ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ағартушылық қозғалысы, Ғұмар Қараштың қайраткерлік өмірі барынша толық қамтылған. Сонау 1911 жылы «ұйқыда жатқан қазаққа» бірі – қанат, бірі – құйрық болып әуелі «Айқап» журналы, іле шала «Қазақстан» газеті жарыққа шыққан еді. Бұл оқыған қазақ зиялыларының талай жыл қажыр-қайратын сарп еткен жоспар-жобасының нақты нәтижесі болды.

Соның ішінде әуелі Ордадан, кейін Орал қаласынан басылып, еліміздің әр түкпіріне тараған «Қазақстан» газеті іркіліп-тоқтап – екі жарым жылдай шығып тұрды. Ол жерде жарияланған мақалалардың көбінің мән-мағынасы әлі күнге дейін өзекті.

«Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басында ұлт болашағы жолында күрескен зиялылардың алдыңғы қатарында тұратын тұлға. Ол өз заманында айналасында әбден мойындалған ақын-ағартушы еді. Бірақ большевиктер билігі ұлтын сүйген ұлыларды кешірмеді. Ғұмар Қараштың өзі жоқ болса да, оның еңбегі кітап бетінен жойылды. 1947 жылы 21 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» қаулы шығарып, Ғұмардың өлеңдерін мектеп бағдарламасынан, барлық қолданыстан шығарды. 1953 жылы Сталин өлгенге дейін де бұл тақырыпқа қайта-қайта соғып, қатарында Ғұмар да бар ұлт зиялыларының есімін атауға, ел жадында жаңғыртуға тыйым салып отырды», дейді музей директоры Жантас Сафуллин. Бұл көрменің мақсаты да осы әділетсіздіктің орнын толтыру, көрнекті ақын, ойшыл-философ, ағартушы, ғұлама-ахун Ғұмар Қараштың (1874–1921) есімін кеңінен ұлықтап, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған еді.

Көрме 18 постерден – Ғұмар Қараш­тың ата-тегінен, туып-өскен ортасынан бастап, өмірінің барлық кезеңін қамтыған бөліктерден құралған. Мұнда Ғұмардың білім алған ұстаздары, өскен ортасы, Бөкейліктегі зиялылар барынша толық қамтылған. Әсіресе ұлттық баспасөз тарихындағы елеулі кезең – «Қазақстан» газетінің шығуы туралы кеңінен баяндалған. 

Жантас Сафуллиннің жетекшілігімен 2013 жылы түсірілген «Қазақстан» 1911–1913» атты деректі фильм көрсетілді. Жиналған жұрт әсіресе Ғұмардың туған немересі Нәдия Бұрханқызының бейнесұхбатынан ерекше әсер алды. 2018 жылы жарыққа шыққан «Ғұмар Қараш» үштомдық кітабының тарихына қанықты.

Әрине, Ғұмар аласапыран заманда өмір сүрді, есімі жарты ғасырдан астам уақыт тарих тозаңының астында қалды. Музей көрмесіне қоятын, ел назарына ұсынатын қомақты дүние, қолға ұстар жәдігер аз еді. Соған қарамастан музей ұжымы бірнеше айға созылған зерттеу, ізденіс жұмысының арқасында Ғұмар Қараштың қайраткерлік ғұмырын, күреске толы өмірін толық қамтитын экспозицияны шығара алған.

Отаршылдық пен отаншылдықтың айқасқан кезеңінде халқы үшін аянбай еңбек етуді азаматтық парызы санаған, қазақтың әдеби мұрасы және шығармашылық қырларын терең зерттеуге зор үлес қосқан көрнекті тұлғаның толыққанды өмірбаяны әлі жазылған жоқ. Бұл көрмеде әсіресе Ғұмардың бұрын көп айтыла бермейтін діни-ағартушылық қызметіне де барынша назар аударылған. Ғұмардың Уфа мүфтилігінде Қазақ ісін жүргізетін қази қызметінде жүріп әріптесі, Орал облысының қазиы Қайыршаһ Ахметжановпен бірге 1918 жылы шығарған «Жолбасшы» кітабы туралы да айтылды.

Сондай-ақ Ғұмардың «Ғалия» медре­сесінің шәкірттерімен қарым-қатынасы, баспасөз саласындағы қызметі, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналын шығаруы, өмірінің соңғы кезеңіндегі ағартушылық істері, кеңсе ісінде, ғылым саласында қазақ тілін қосу секілді бастамалары тура­­лы ақпарат қамтылған. 

Көрмеде Ғұмар Қараштың көзі тірісінде жарық көрген 11 еңбегінің екеуі – 1911 жылы Уфада шыққан «Өрнек» кітабының, 1918 жылы Уфаның «Шарқ» баспасында басылған «Тұрымтай» кітабының түпнұсқасы қойылған. Мұның алғашқысы – Нәдия Қарашеваның жеке қорынан алынса, екінші кітапты Көктерек ауылында тұратын Теміржан Қажығалиев ақсақал тапсырған екен.

Шын мәнінде көрме Ғұмар Қараштың атында болғанымен, бұл жерде ХХ ғасырдың басында жасаған Бөкейлік зиялылар шоғыры – Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ишанғали Меңдіханов, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сәлімгерей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Сейітқали Меңдешов, Алма Оразбаева, Нұғман Манаев, Шафхат Бекмұхамедов т.б. көптеген тарихи тұлғаның қызметінен хабар береді. Сонысымен де биыл аталып жатқан Бөкей хандығының 225 жылдық мерейтойымен астасып, мән-маңызы өсе түскен.

 

Батыс Қазақстан облысы