Сурет: qazaqtimes.com
Наурызда қасиетті Жер-ана аппақ мамық көрпесін ысырып тастап, жасыл желекті көйлегін киеді. Күннің көзі күлімдеп, ғалам мейірімді бір ананың кейпіне еніп, тіршілік атаулы жаңарып, жаңғырады. Ақ жаулықты аналарымыз қыстан қалған жылы-жұмсағын қазанға салып, наурызкөже пісіріп, мәре-сәре боламыз. Осылай төл жаңа жылымыз босағамызды аттап, адамзат атаулы шат-шадыман күйге енеді.
Қазақтың абыз ақсақалы, белгілі этнограф-ғалым, марқұм Жағда Бабалықұлымен бірнеше мәрте кездесіп, сұхбат алған едік. Сол кезде атамыз 1970 жылдары Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың архивінен ескі бір жырды кездейсоқ қолға түсіргенін, араб әрпімен жазылған сол жырда Нұх пайғамбардың кемесі күн мен түн теңескен күні Қазығұрттың басына тоқтағаны, Нұх пайғамбардың кемеге мініп аман қалған барша тіршілік иелеріне жаңа өмірдің басталуын тойлауға әмір бергені жазылғанын айтатын. Алаштың абыз ақсақалы «этнограф ғалымдар осы аңызды індете зерттеп, әлемдік өркениет үшін Наурыздың егесі қазақ екенін дәлелдеуі керек» дейтін.
Қалай десек те, Наурыз мерекесінің тарихы тым тереңде жатыр. Көне тарихи деректерге сүйенсек, Наурызды ерте заманда Таяу Шығыста өмір сүрген «халдей» деген атаумен белгілі қауым да тойлаған. Олар айдың толуына қарап, әр айдың ұзақтығын 28, 29 немесе 30 күн етіп белгілеп, тіпті кейбір жылдары уақыт айырмашылығын теңестіру үшін қосымша он үшінші айды енгізіп, күнтізбе жасағаны туралы деректер бар. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, қазақтың халықтық күнтізбесі мен көне халдейлік уақыт есебі арасында ұқсастық көп. Өйткені сол замандардан-ақ Таяу Шығыс пен Еуразия даласын мекендеген халықтар өзара мәдени-рухани тұрғыда қарым-қатынас жасаған.
Халдейлер де күн мен түн теңелуін жаңа өмірдің, жаңа үміттің басталуы деп білген. Біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда халдейлердің жерін ежелгі парсылар жаулап алып, олардың күнтізбелік жүйесін қабылдады. Осы кезеңнен бастап көктемгі жаңа жыл мерекесі парсы мәдениетіне де дендей енді. Осылай парсылардың жыл басын білдіретін «жаңа күн» ұғымы, «ноу» – жаңа, «руз» – күн деген сөздері қолданысқа еніп, «наурыз» атауы
қалыптасты. Яғни Жағда Бабалықұлының пікірінше, Наурызды тойлау мәдениеті парсылардан бізге емес, бізден оларға сіңген. Демек, түркілердің қара шаңырағына ие болып қалған қазақ халқы табиғаттың жаңаруы мен тіршіліктің қайта жандануын ықылым замандардан бері тойлап келеді.
Жағда Бабалықұлы «Жұмыр жерді топан су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрттың басына кеп қайырылады, дәл сол уақыт күн мен түннің теңескен мезгілі екен» деген сөзінің растығын мына бір дерекпен дәйектейтін. Өткен ғасырдың аяғында Ресей ғалымдары «Топан су іздері» деген ғылыми зерттеу жүргізіпті. Олар Тәжікстандағы Памир тауының 3 мың метрлік биігінен тасқа айналған акуланың сүйек қаңқасын тауып, 12 644 жыл бұрын Орталық Азияны топан су басқанын анықтаған. Яғни осы мәліметке арқа сүйеп, Наурызды тойлау осыдан табаны күректей 127 ғасыр бұрын Тұран жерінен басталды деуге толық негіз бар.
Бұл аз болса, біздің заманымызға дейінгі І ғасырда сақтардың Наурызды қалай тойлағанын Квинт Курций Руф (Ескендір Зұлқарнайынның Шығыс жорығында) егжей-тегжей жазған. Сонымен қатар қытайдың ескі жазбаларында ғұндардың Тәңір құтылары күн мен түн теңелген күні таудың басына көтеріліп, енді шығып келе жатқан күнге бетін бұрып, екі қолын аспанға жайып, өзіне, еліне Тәңірден тілек тілейтіні туралы деректер сақталған.
Рас, қалай дегенмен Тұран мен Тұрпан, яғни түркі мен парсы халықтары мыңдаған жыл бойы бір-бірімен қарым-қатынас жасады. Осылайша, Тұран даласындағы жұрттың наным-сенімге құрылған мерекесі небір уақыттың сынынан өтіп, бірде парсыға ауысып, бірде түркіге тән болып, мыңдаған жыл бойы адамзатпен бірге жасап келеді. Тек, 1926 жылы кеңес өкіметінің «сыңар езу саясаты» Наурыз мейрамын ислам дінінің сарқыншағына балап, тойлауға басы бүтін шектеу қойды. Десек те, 1988 жылы бірқатар ұлт зиялыларының бастамасымен төл Жаңа жылымыз өз халқымен қауышты.
Тәңірден бұл қауышудың мәңгілік болуын тілейміз!