Мәдени-спорттық бастаманың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас буынның дәстүрлі спорт түрлеріне қызығушылығын арттыру болды.
Жекпе-жек сарайында өткен шара барысында 3000-ға жуық оқушы «Алтын сақа» атты әсерлі флешмобқа қатысты. Балалар арнайы қойылым арқылы асықтың «алшы» түсу бейнесін және «Алтын сақа» жазуын құрап, ерекше композиция жасады. Музыка ырғағымен орындалған би қимылдары флешмобтың мазмұнын аша түсті.

Бағдарламаның жүргізушісі ретінде «Айдар» атты жасанды интеллект қолданылды. Флешмоб аяқталған соң, ол елордадағы барлық білім беру ұйымдарында – балабақшалар мен мектептерде асық ойынын бастау туралы белгі берді.
Осы сигналдан кейін қала бойынша бір уақытта 18 мыңнан астам бала асық ойнауға кірісті, бұл шараның ауқымын айқын көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлттық ойындардың тәрбиелік мәнін түсіндіруге, сондай-ақ балалардың дәстүрлі спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
