Бал Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы бекітілген «Наурызнама» онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай ұйымдастырылды.
Іс-шарада мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етіп, еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүріне, қазіргі қоғамдық дамуына ерекше назар аударылды. Дипломаттар үшін жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл іс-шара табиғат жаңарып, молшылық артатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің мән-мағынасын терең түсінуге сеп болды. Қонақтар арқан тартыс, асық ату, басқа да ұлттық ойындарға қатысып, қазақ мәдениетін жақынырақ тани түсті.
Іс-шарада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биылғы Наурыз мерекесі ел үшін маңызды кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
«Биылғы Наурыз еліміз үшін маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Күні кеше өткен республикалық референдумда халқымыз жаңа Ата заң үшін таңдау жасап, ел дамуының жаңа бағытын айқындады. Халқымыз әділетті, прогрессивті, білім мен ғылымға, инновацияға негізделген болашақ үшін дауыс берді. Заң мен тәртіп сақталатын, баршаға тең мүмкіндік беретін әділетті қоғам қалыптастыру жолында тарихи шешім қабылдадық. Референдумға белсенді қатысқан халық ел тағдырына бейжай қарамайтынын, ертеңге деген жауапкершілікті терең сезінетінін көрсетті. Бұл – бірлігі бекем, болашағына сенімді қоғамның айқын көрінісі. Еліміз үшін уақыт талабына сай жасалған бұл тарихи қадам мемлекеттік жүйені институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашады. Бұл – Қазақстанның демократиялық даму жолындағы тағы бір маңызды белесі. Осылайша, Қазақстан жаңа дәуірге, жаңа кезеңге нық қадам басты. Бұл Наурыз мейрамының жаңару мен жаңғыруды білдіретін терең рәміздік мәнімен үндесіп жатыр», деді Аида Балаева.
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституцияда қоғам дамуының жаңа құндылықтары бекітілгенін атап өтті. Алғаш рет тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті ұлықтау мемлекет дамуының негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды.
«Ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи сабақтастықты үзбеу және мәдени кодты келер ұрпаққа аман жеткізу – конституциялық нормалардың түпкі мәні. Өйткені мәдени мұра – өткеннің естелігі ғана емес, елдің рухани тірегі, қоғамды біріктіретін құндылықтардың негізі.
Азаматтардың тарихи және мәдени мұраға қамқорлық жасау міндетінің бекітілуі де қоғамның мәдени жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар еліміздің даму жолы «бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйенетіні» Жаңа Конституцияның преамбуласында анық бекітілді. Бұл қағидаттар Қазақстан қоғамының басты тіректерінің бірі болып қала береді және көпэтносты, көпконфессиялы еліміздің тұрақты дамуының берік негізін қалыптастырады.
Еліміз қай кезде де халықтар арасындағы достық пен өркениеттер диалогін дамытуға басымдық беріп келеді. Осы ретте достық пен татулықтың алтын көпіріне айналған дипломатиялық корпус өкілдеріне ерекше алғыс білдіргім келеді.
Қазақстанда қызмет атқарып жүрген шетелдік елшілер біздің мәдениетімізге, дәстүрімізге, тілімізге зор қызығушылық танытып қана қоймай, оларды халықаралық аренада насихаттауға да үлкен үлес қосып жүр. Сондықтан бірлігімізді бекемдеуде баршаңыздың еселі еңбектеріңіз айрықша зор деп білемін», деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.
Іс-шарада Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев құттықтау сөз сөйледі. Ол Наурыз мерекесінің мәдени дипломатиядағы маңызды рөлін атап өтіп, бұл мейрам халықтарды жақындастырып, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтатынын айтты. Әлібек Бақаевтың пікірінше, жаңару мен жасампаздықты білдіретін бұл мереке – халықаралық ынтымақтастық пен татулықтың жарқын көрінісі.
Мерекелік бағдарлама аясында қонақтарға қазақ өнерінің алтын қорынан музыкалық шығармалар шырқалып, халық ертегілерінің желісімен қойылым көрсетілді. Сонымен қатар киіз үй құру әдісі көрсетіліп, қазақтың ұлттық биін үйрететін шеберлік сабақтар өткізілді, қазақы дастарқан мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Кеш соңында ұлттық аспаптарда түрлі музыкалық шығармалар орындалды.
Меркелік іс-шараға Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінен 70-тен астам елші мен өкілдік басшысы, дипломат және халықаралық ұйымдардың мүшелері қатысты. Олардың қатарында БҰҰ жүйесі, ЮНИСЕФ, ДДҰ, Халықаралық көші-қон ұйымы, ЕҚЫҰ және Дүниежүзілік банк өкілдері бар.