Наурызнама • Бүгін, 08:50

Ұлыс пен ырыстың негізі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ұлыстың тойы – ырыстың тойы» деп тегін айтылмаса керек. Жошы ұлысы шегінде бағамдасақ, ұлыс деген – үлкен мемлекет. Ішіне ірілі-уақты елдер, кіші халықтар кірігіп кеткен біртұтас құрылым. Кезінде бұл тұрғысында Мұхтар Мағауиннің жазғанын да білеміз. Түріктер осы мемлекет ұғымын «дәвләт» дейді. Біздіңше – дәулет.

Ұлыс пен ырыстың негізі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Расында, өз алдына еңселі мемлекет­тің салтанат құрып, онда ұлыс тойын той­лап жатса, дәулет емей немене? Қазақ бір-ақ ауыз сөзбен түйеді мұны. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» дейді. «Ел түзу, ырыс-несібесі мол болсын» дегені. Осы екі жолда мемлекет те, молшылық та, тұтастық та тұр. Бұның жарқын мысалы бір Отан, бір шаңырақ ұранын көтерген бүгінгі Қазақстан емес пе?

Бір шаңырақ астында салтанат құрған Отанымыз миллиондаған шаңырақтан құралады. Ата-баба жолын ұстаған қазақ баласы әулетімен дамыған. Отбасымен көркейсе, Отанның да іргесі беки түсерін ежелден пайымдаған ұлт. «Отан отбасынан басталады» деген жалғыз ауыз сөз кейде маған бүкіл адамзат туыстығының туын көтеріп тұрғандай көрінеді. Халқымыз теңін тауып қосылған жастар бір-бірімен некелесіп, жеке шыққанда, «шаңырақ көтерді» деп марқаяды. Той жасайды. Өйткені жаңа шаңырақ көтеріліп, тағы бір отбасы дүниеге келіп жатыр ғой.

Біздің қуаныштың бәрі осы сипатта өрбиді. Ұрпақ тойы мен ұлыс тойы ғана бар. Туған күн, жуған күндер келсе, кейін төтеден қосылды. Қазақ әуелі екі жас қосылғанда шаңырақ көтергенін тойлайды, одан кейін дүние есігін ашқан сәбидің қуанышы, сосын осы жыл басы Наурызды мейрамдайды. Ұлыс күні әр отбасы бір шаңырақ астында қауышады. Отбасының қызық-қуанышы елдік сипат алатыны да осы мейрам. 17 наурыз – Шаңырақ күнінің көп тағылымының бірі ғана бұл. 

д

Қазақтың әр сөзінде отбасы мейірімінің шуағы бар. Қай ақынның жыры болсын, отбасындағы татулық пен береке-бірлікке бас иеді. «Ата-анадай елжірер күннің көзі» деген хакім Абайдың лебізіне теңдес сөз бар ма? Алласы адамзатына қиған ең ұлы сезім махаббаттың өзінің бай­­­лауы отбасында ғана тиянақ табатынын танимыз. Жарықтық күннің қуатының өзі ата-анадай-ақ елжірейді екен. Сол ерлі-зайыптының басын біріктіріп, үйін мейірім мен шуаққа тұндыратын шаңырақ бейнесін жасаған біздің қазақтай ұлт та кемде-кем дүниеде. «Жұмақ ана табанының астында» дейтін де біздің ел. Мұнда да отбасы ұйытқысына айналған ананың қадірін әйгілеп тұр. «Шаңыраққа қара» дейді астамсып бара жатқан көлденең адамға. Ата-ананың тері мен махаббаты сіңген шаңырақтың киесін басыну ата салтта жоқ. Сондықтан ондайда сап тыйылады бесік көрген бала. Қазақ арасында шаңырақты сыйламау, отбасы құрған ынтымақ пен ырысты қадірлемеу – өлімге тең. Ар-ұятқа айналып кеткен шаңырақ құндылығының бүгінгі қоғамдық сипаттағы жалғасы – «Мерейлі отба­сы» ұлттық байқауы. Тұтсаң, оннан астам немереден отыздан астам шөбере сүйген ата-ананың шаңырағын қадір тұт. Қара шаңырақ Қазақстан мемлекетінің мерейін өсіретін отбасы құндылығы мызғымасын!

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық тұр?

Ауа райы • Бүгін, 09:52

«Жасыл» энергия – жаһан үдерісі

Энергетика • Бүгін, 09:00

Ұлыс пен ырыстың негізі

Наурызнама • Бүгін, 08:50

Қарлығаш – құт-береке рәмізі

Наурызнама • Бүгін, 08:45

Кемел әулетінің кемеңгері

Қоғам • Бүгін, 08:40

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:35