Референдум • Бүгін, 09:30

Жетісуда 105 жастағы әже алғашқылардың қатарында дауыс берді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Панфилов ауданында ғасырдан асқан кейуана Нағиман Шалабаева ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан қалыс қалмай, алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. 105 жастағы қария Жаркент қаласындағы №290 дауыс беру учаскесіне арнайы келіп, дауыс берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Жетісуда 105 жастағы әже алғашқылардың қатарында дауыс берді

Өмірдің талай белесін артта қалдырған Нағиман апа – үлкен әулеттің ардақты анасы. Ол 13 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 36 немере, 103 шөбере, 13 шөпшек сүйіп отырған абыз ана ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.

Ғасырдан асқан ғұмырында ел тарихындағы түрлі кезеңдердің куәсі болған қария әрбір саяси науқанда белсенділік танытып, азаматтық парызын орындауды өзіне міндет санайды. Қарт ана денсаулығының жақсы екенін айтып, жастарды ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.

«Таң атқалы осы жерге келуге дайындалып отырдым. Өмірімде талай сайлауға қатыстым. Құдайға шүкір, көпті көрдік: аштықты да, жоқшылықты да бастан өткердік. Қазір елде барлығы бар, соған шүкіршілік ету керек. Елу жылда ел жаңа дейді ғой. Менің бүгінгі дауыс беруім – сол жаңаруға қосқан үлесім. Ештеңе істемесең де, еліңнің болашағын қолдау – әр азаматтың парызы. Жасымды берсін сендерге», деп ақ батасын берді Нағиман апа.

Дауыс беруге келген тұрғындар да абыз ананың батасын алып, ерекше құрмет көрсетті.

Айта кетейік, Панфилов ауданында барлығы 79 референдум учаскесі жұмыс істейді. Аудандағы 84 410 тұрғын дауыс беру құқығына ие.

Референдум күні Алматыдағы учаскелердің бірінде «Әжелер хоры» ән айтты

Соңғы жаңалықтар