Қоғам • Бүгін, 08:05

Мексикадағы қазақтану: Мағжаннан Димашқа дейін

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Димаш десе «Дайдидау» әні, «Дайдидау» десе Димаш есімі қатар аталатыны белгілі. Қайбір жылдары Димаш Құдайберген бір сұхбатында «Дайдидау» әнін әлемге танытсам» деген-ді. Әнші ол арманына жетті. Ал қостанайлық ақын Абылай Мауданның «Дайдидау» поэмасы 2005 жылы туып, автор кейін ән мен әнші танымал болғанда өз қаражатына орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аударып, жинақ қылып шығарған. Аталған туынды енді испан тіліне аударылып отыр.

Мексикадағы қазақтану: Мағжаннан Димашқа дейін

Поэманың бас­ты кейіпкері – қазақ­тың ғана емес, түгел түркінің алапат рухты ақыны Мағжан Жұмабаев. Біреу білер, біреу білмес, ел аузында бұл ән Мағжан есімімен байланыстырылады. Өзге тілдерде жарық көрген жинақ әншінің шетелдегі жанкүйерлерінің зор қызығушылығын тудырады. Сөйте-сөйте аталған кітап мексикалық ақын Магда Евенгалистаның көзіне түссе керек. Ол мұхиттың арғы жағынан автормен байланысқа шығып, шығарманы өз ықтиярымен испан тіліне қотарыпты.

ж

«Дайдидауды» испанша сөйлеткенше «Димашқа хаттар» (Letters to Dimash) атты жыр жинағын жазған Магда Евенгалиста:

– Димаш шабыт сыйлап қана қойған жоқ, ол маған әлемнің түкпір-түкпірінен тамаша адамдарды жолықтыруға көмектесті. Солардың бірі – ақын Абылай Маудан. Біз онымен пікір алмасып, алыс қашықтыққа қарамастан, дос болып кеттік. Хат алмастық. «Дайдидау» кітабы туралы алғаш әлеуметтік желіден білдім. Ол бұған дейін төрт тілде жарық көріпті. Мен оны пош­та арқылы алдыртып, испан тіліне аудардым. Таяу­да әдеби басылымдардың бі­ріне ұсыну жоспарымда бар. Біздің елде оның оқырмандары көп боларына күмәнім жоқ. Жан­күйерлері Ди­машқа қатысы бар әр дүниені құрметтейді. Бұл – өте креатив идея! Димаш арқылы әлем­ге қазақ әдебиетін та­нытуға берілген зор мүмкіндік. Сіздердің жерлестеріңіздің поэмасы арқылы мен қазақ әдебиетінің дәмін таттым, ерекше ұнады, әсерлі туынды. Осындай тамаша поэманы испан тіліне аударуға рұқсат бергені үшін Абылай досыма алғысым шексіз – депті.

Мексикалық автор Абылай Мауданның туындысы алдынан тағы бір әлем ашқанын айтыпты. Ол – ақын Мағжан Жұмабаев. Бұрын мұндай есімді білмейтін ол интернеттен өлеңдерін іздеп тауып, аударып оқиды. «Мағжан – өте рухты, қуатты ақын екен. Қызығы, «Dears» (Димаштың жанкүйерлері) арасында «Дайдидаудың» авторы идеологиялық себептермен 24 мамырда өлім жазасына кесілген, ал араға жылдар салып, дәл осы күні Димаш дүниеге келген» деген аңыз бар. Бұл жай қауесет болса да, Мексика тұрғындарының сондай аңызды тамсана айтып жүруінің өзі таңғаларлық» депті мексикалық ақын Магда Евенгалиста. 

Соңғы жаңалықтар