Мереке • Бүгін, 13:23

Елімізде 58 мыңнан астам әйел дәрігер еңбек етеді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Басқа-басқа медицинаға қыз-келіншектердің қосып отырған үлес салмағы басым. Дәрігер болу, адам жанына үңілу – болмысынан нәзік, қай іске болсын мұқият, асқан ыждағатпен қарайтын арулардың табиғатына жарасады да. Әйелдердің осындай қасиетінен болар, бүгінде саладағы қызметкерлердің 70%-ын нәзік жандар құрайды екен.

Елімізде 58 мыңнан астам әйел дәрігер еңбек етеді

Медицинаның қай саласын алсақ та жеңіл, оңай дейтін бағыты жоқ. Сол бағыттардың барлығында елдің алғысына бөленген заты әйел дәрігерлер бар десек қате айтпаймыз. Нақты сандарды сөйлетсек, бүгінде еліміздің денсаулық саласында 58 311 әйел дәрігер еңбек етіп жүр. Ал орта буын медицина қызметкерлері – 169 172 болса, жоғары білімді мейіргерлердің саны – 5 718. Сол секілді  2 338 жоғары білімді фармацевт, 4052 орта білімді фармацевт жұмыс істейді. Осы қатарда әйелдердің орны мейіргерлік істе айрықша байқалады. Медбике, акушер мен фельдшерлер құрамында бұрыннан әйелдер басым. Дәл осы бағыттарда олардың үлесі 88%-дан асады. Санмен есептегенде 174 890 адамды құрайды.

Ақмарал Әлназарова мереке қарсаңында медицина қызметкерлерін марапаттады

Дәрігерлердің жалпы құрылымына назар аударсақ та, денсаулық жүйесінің негізгі тірегі әйелдер екені айқын көрінеді. Бүгінде жалпы практика дәрігерлерінің 80%-ын, педиатрлардың 89%-ын, терапевтердің 84%-ын инфекционистердің 82%-ын нәзік жандар құрайды. Басы ауырып, балтыры сыздап емханаға жүгінген пациенттерді бірінші болып дәл осы қатардағы мамандар қарайды. Олар әр отбасыны бақылап, профилактика, диагностика, емдеу және оңалтуды қатар жүргізеді. Яғни, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің басым бөлігі әйелдердің кәсібилігі мен жауапкершілігіне қарап тұр.

Медицинадағы сан түрлі мамандықтардың ішінде хирургияда ғана әйелдердің үлесі бұрынғыша аз екен. Хирургтердің 22%-ын, анестезиолог-реаниматологтердің 31%-ын, травматолог-ортопедтердің 15%-ын әйелдер құрайды. Дегенмен бұл бағыттарда да әйелдердің үлесі жыл сайын көбейіп, гендерлік теңгерім нығайып келе жатқаны байқалады. Көпшілік білмеуі мүмкін, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020-2023 жылдар аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын кезең-кезеңімен өсіп, дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға артқан. Осыған қоса, 2022-2025 жылдар аралығында медициналық емес қызметкерлердің еңбекақысы жыл сайын 20%-ға дейін көтерілген. Бұдан өзге, былтыр ел бойынша 1 760 медицина қызметкеріне әлеуметтік қолдау көрсетілген. Оның ішінде 236 медицина қызметкері республикалық бюджет есебінен көтерме жәрдемақы алса, 1 399 қызметкерге жергілікті бюджеттен көтерме жәрдемақы тиген. 79 маманға медициналық ұйымдар тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетілсе, 727 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтылған. Осы сандар әлеуметтік қолдаулардың жалпы үлесіне қатысты болғанымен, тізімде мемлекеттен, жергілікті әкімдіктен көмек алған аналардың үлесі басым.  

Қызылшаға қарсы екпе медицина қызметкерлеріне де салынатын болды

Еліміздің денсаулық жүйесінде әйелдер тек медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ғылым-білімнің дамуына әрі бүкіл жүйенің тұрақтылығына кепілдік беретін негізгі күш болып қала береді. Ақ жаулықтылар асқан жауапкершілікті талап ететін жұмысқа үлгеріп, отбасының береке-бірлігін сақтап, ырысын да арттырып отыр. 

Соңғы жаңалықтар