Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мерекеде гүл сыйлау – жай ғана сыйлық емес, жылы сөздің көркем баламасы. Гүлдің ең әдемісін ғана емес, сыйлық иесіне лайығын таңдаған жөн. Жіктеп айтсақ, жақын жанға сыйлайтын гүлдің түріне, түсіне, санына мән беру керек. Флористикада сан арқылы сезімді білдіретін бейресми «код» бар. Мәселен, елімізде, көрші өңірлерде қалыптасқан әдеп бойынша мерекеде – тақ сан, қаралы жағдайда жұп сан беру қалыпты саналады.
Сол секілді гүлдің түсін таңдауда да өзіндік мән-мағына бар. Мысалы, қызыл реңк – махаббат пен ықыласты, қызғылт түс – нәзік ілтипат пен ризашылық рәуішін білдіреді. Ал ақ түс – тазалық, адал ниет, сыйластық белгісі болғанымен, кей отбасылар оны салтанатты, кейбірі оны тым ресми деп қабылдауы мүмкін. Сары реңк көбіне достық пен қуанышқа, күлгін түс қадір-құрметке баланады.
Ал енді осы бір нәзік те сұлу жаратылыстың түрлеріне тоқталсақ, «гүл тілінде» ең танымал ишара алдымен раушаннан басталады. Қызыл раушан – ғашықтық сезімінің белгісі, ақ раушан – адалдық пен сыйластықтың нышаны. Флористердің пайымынша, қалампыр – ерекше құрмет білдірудің бір тәсілі, ал георгина иесіне табыс тілеген ниетті жеткізеді. Мимоза көбіне «көңілім сенде, сағынышым бар» дегенді аңғартса, алғашқы махаббатқа мамыргүл (сирень) сыйлау нәзік сезімді әдеппен білдірудің белгісі ретінде айтылады. Лалагүл – ынтызар ықыластың елшісі, ал шегіргүл (фиалка) қызыл раушанмен бірге ұсынылса, «саған тәнтімін» дегенді сөзсіз-ақ ұқтырады. Ал көктемнің жаршысы қызғалдақ жасқа қарамай – ең жақын, ең сүйікті жандарға арналған гүл. Анаңызды, жарыңызды, жақын-жуығыңызды, қызыңызды қуантқыңыз келсе, осы мағыналарды біле жүрген абзал.