София Ағзамқызы – ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдаған жанның бірі. Педагогикалық білім алып, еңбек жолын ауыл мектебінде бастаған жас маманға ұстаздық жай ғана мамандық емес, өмірлік миссияға айналды. Ол 1961 жылдан 1988 жылға дейін Амангелді орта мектебінде табан аудармай қызмет етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Сол жылдары ауыл мектебі білім ордасы ғана емес, тәрбиенің, мәдениеттің, адамгершілік құндылықтардың орталығы болатын. Ұстаз осы жауапкершілікті терең сезіне білді.
Математика – талап пен табандылықты қажет ететін пән. София апай әр шәкірттің қабілетін танып, күрделі ғылымды түсінікті жеткізуге ерекше мән берді. Оның сабағында тәртіп те, талап та, мейірім де қатар жүретін. Сондықтан шәкірттері ұстазын әділдігі мен жанашырлығы үшін құрметтейтін. Бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген көптеген азамат алғашқы өмірлік бағытты дәл осы ұстаздың тәлімінен алғанын мақтанышпен айтады.
Ұстаздың ағартушылық қызметі күнделікті сабақпен ғана шектелген жоқ. Ауыл жастарының білімін толықтыру мақсатында ашылған кешкі оқуға жетекшілік етіп, түрлі себеппен оқуын жалғастыра алмаған жастардың орта білім алуына жағдай жасады.
Сондай-ақ София Ағзамқызы әріптестері арасында білімімен де, адамгершілік болмысымен де ерекшеленді. Сыпайылығы, сабырлы мінезі, мәдениетті қарым-қатынасы оны көпшілікке үлгі етті. Бірнеше тілді меңгеріп, өнерге жақын болуы да оның жан-жақты тұлға екенін көрсетті. Ән айтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауыл өмірінің рухани тынысына үлес қосты. Ұзақ жыл әйелдер кеңесін басқарып, ауыл бірлігі мен татулығын нығайтуға атсалысты.
Ұстаздың өміріндегі тағы бір үлкен белес – отбасы тәрбиесі. Өмірлік жары Сламхан Айтмұханбетұлымен бірге үлкен әулеттің іргесін қалап, 5 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары мен немере-шөберелері білім мен еңбекке адал болып өсіп, әрқайсысы қоғамның түрлі саласында қызмет етіп жатыр. Бүгінде бұл шаңырақты ұстаздар әулеті деп атауға толық негіз бар. Ұрпақтарының едәуір бөлігі педагогикалық жолды таңдап, елдің түкпір-түкпірінде шәкірт тәрбиелеп жүр.
Ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Білікті педагог «Ардагер ұстаз» медалімен марапатталып, Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатына ие болды. Бұл марапаттар – ұстаздың маңдай тері мен адал еңбегінің көрінісі ғана емес, шәкірт жүрегіндегі шынайы алғыстың белгісі.
Ауыл тұрғындары София апайды мұғалім ретінде ғана емес, парасатты ана, ақылшы әже, елге сыйлы жан ретінде таниды. Қонақжайлылығы мен кең пейілі, кешірімділігі мен қарапайым болмысы оны жұртшылыққа жақын етті. Ардақты ұстаздың үйі әрдайым береке мен бірліктің ордасына айналған.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. София Ағзамқызы тәрбиелеген шәкірттері мен өсірген ұрпағы – оның ғұмырының жалғасы, ең үлкен жетістігі. Бүгінде немере-шөбере қызығын көріп отырған ардақты ұстаз – бірнеше буынның жүрегінен орын алған тұлға.
Тоқсан жылдық ғұмыр – уақыт өлшемі ғана емес, елге сіңген еңбек пен тәрбиеленген тағдырлардың жиынтығы. Ұстаздың жүріп өткен жолы жас ұрпаққа адал еңбек пен білімге қызмет етудің айқын үлгісі болып қала бермек.
Бағдат САНСЫЗБАЕВА,
шәкірті
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы,
Біржан ауылы