Фото: dalatimes.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің жетінші отырысы өтті. Жиында кәсіпкерлердің жаңа салық режімдерін таңдау барысы сараланды. Кәсіпкерлік субъектілеріне ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін қолайлы режімді айқындау міндеттелген еді.
Қаржы министрлігінің дерегіне қарағанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режімді 346 мың адам таңдаған. Оның 265 мыңы бұрын ресми тіркеусіз еңбек етіп келген азаматтар. Салық реформасы еңбек нарығын заңдастыруға, азаматтардың қызметін ашық жүргізуіне жағдай жасауға бағытталған. Жаңа тәртіп табысқа салық салынбауымен ерекшеленеді, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндеті де қарастырылмаған. Мұндай мүмкіндік бұрын бейресми еңбек еткен адамдарға заңды түрде жұмыс істеуге жол ашып отыр.
Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы режімді 1,2 млн кәсіпкер таңдаған. Бұл шағын бизнеске әкімшілік жүктемені азайтып, есеп-қисапты жеңілдетуге бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.
Жиында жалпыға ортақ пайдалы қазбаларға салынатын пайдалы қазбаларды өндіру салығының (ПҚӨС) түсімдерін бөлу тәртібі де талқыланды. Биылғы 1 қаңтардан бастап Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жалпыға ортақ пайдалы қазбалар, жерасты сулары мен емдік балшыққа қатысты төлемдер өндіру жүзеге асқан өңірдің жергілікті бюджетіне түседі.
Қолданыстағы Салық кодексінде бұл төлемдер жер қойнауын пайдаланушы тіркелген жерге аударылатын еді. Екі кодекстегі нормаларды үйлестіру қажеттігі туындағандықтан, Салық кодексіне өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылданды. Өзгерістер күшіне енгенге дейін өткен жылдың төртінші тоқсанына қатысты түсімдер жер қойнауын пайдаланушы тіркелген аймаққа, яғни республикалық бюджетке есептеледі. Ал биылдан бастап міндеттемелер өндіру жүргізілген өңірдің жергілікті қазынасына бағытталады.
Кеңес барысында табиғи монополиялар субъектілерінің нысаналы қаражатына корпоративтік табыс салығын салу мәселесі де көтерілді. Қолданыстағы заңнамаға сай тариф құрамына енгізілген пайда мен амортизация нысаналы сипатта болады. Бұл қаржы тек инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға, инфрақұрылымды салу, жаңғырту мен қайта құру жұмыстарына жұмсалады. Демек ол кәсіпорындардың еркін пайдаланатын табысы саналмайды.
Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба шеңберінде 2025–2029 жылдары желілерді жаңартуға бағытталған ірі жобалар қолға алынған. Жаңа нысандар пайдалануға берілген кезде негізгі құралдардың құны өсіп, амортизация көлемі ұлғаяды. Мұның салдары корпоративтік табыс салығы есептелетін базаның артуына әкелуі мүмкін.
Кәсіпорындардың мұндай шығыны тариф құрамында қарастырылмаған әрі өтелмейді. Нәтижесінде, қосымша қаржылық жүктеме туындап, жаңғырту жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігі шектелуі ықтимал. Осыған байланысты инвестициялық бағдарламалар аясындағы нысаналы қаражатқа корпоративтік табыс салығын салуға жол бермеу жөнінде ортақ тәсіл қалыптастыру мен тиісті түсіндірме беру ұсынылды. Бұл инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарын тұрақты қаржыландыруға әрі тұтынушыларға түсетін салмақты арттырмауға бағытталған.
Жиында тау-кен металлургия саласы кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелерге қатысты салық нормаларын қолдану мәселелері де қаралды.