Саясат • Бүгін, 08:32

Инфрақұрылымды жаңғырту пысықталды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмысы жаңа қарқын алды. Үкіметте өткен жиында энергетика мен коммуналдық секторды қамтитын ұлттық жобаның жүзеге асу барысы талданды. Көрсеткіштер орындалмаған жағдайда лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі қаралатыны ескертілді.

Инфрақұрылымды жаңғырту пысықталды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен отырыс­та Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба пысықталды. Онда инфрақұрылымдық бастамаларды қаржыландыру, есепке алу құралдарын орнату, цифрлық шешімдерді енгізу шарасы талқыланды. Су жүйелерін басқаруда жаңа технологияларды сынақтан өткізуге арналған пилоттық жобалар да күн тәртібіне шықты.

Қазір ұлттық жоба аясында құпталған бастамалардың жиынтық құны 974 млрд теңгеге жетті. Оның 34-і іске асыру кезеңінде тұр. Тағы 130 жоба EPC-мердігерлерді анықтау сатысында. Бұдан бөлек, 145 жоба іріктеудің түрлі кезеңдерінен өтіп жатыр. Бұл инфрақұрылымды жаңарту үдерісі кең ауқымда жүріп жатқанын аңғартады.

Өңірлердің жобаға дайындық деңгейі сараланып, арнайы рейтинг түзілді. Алдыңғы қатарда Алматы қаласы, Қарағанды облысы мен Алматы облысы көрінді. Маңғыстау мен Ұлытау облыстары әзірлік қарқыны баяу аймақтар қатарында қалды. Мұндай бағалау жүйесі жергілікті биліктің жауапкершілік деңгейін нақты айқындауға бағытталған.

Ұлттық жоба шеңберінде кәріздік-тазарту құрылыстарын салу мен жаңарту жұмыстары да жалғасып келеді. Қазіргі сәтте 16 жоба толық іске асыруға дайын. Тағы 6 бастама пысықтау кезеңінде тұр, жергілікті атқарушы органдар түпкілікті шешім қабылдауы қажет. Бұл нысандар қалалардағы экологиялық қауіпсіздік пен санитарлық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

«Бәйтерек» холдингіне келіп түскен өтінімдер саны мыңнан асты. Екінші кезең­де жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 144 жоба келісім алды. Оның 89-ы Қазақ­станның даму банкі мен екінші деңгейлі банк­тер арқылы тікелей кредиттеу тетігімен қаржы­ландырылады. 55 жоба «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу жолымен мақұлданған.

Ұлттық жобаның электрондық сатып алу платформасына арналған байланыс орталығы жұ­мысын бастады. Іске қосылған уақыттан бері 800-ден астам өтініш қабылданған. Қазір плат­фор­маны Bitrix жүйесімен біріктіру жұмыс­тары аяқ­талуға жақын. Бұл қадам сатып алу рә­сім­дерін жеделдетіп, қатысушыларға қо­лай­лы цифрлық орта қалыптастыруды көздейді.

Отырыс барысында Қанат Бозымбаев желілер ұзындығы, қаржыландыру көлемі, өңірлік бөлініс тәрізді нақты параметр­лер қамтылған жоспар-кесте бекітілгеніне қарамас­тан, кей көрсеткіштерде кешеуілдеу барын айтты. Әр индикаторға жауапты мемле­кеттік органдар белгіленген. Вице-премьер мақсатты нәтижелерге қол жеткізу туралы толық әрі нақты мәлімет ұсыну­ды талап етті. Уақыт межесі бұзылған жағдайда лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі қаралатыны ескертілді. KPI көрсеткіштерінің орындалмауы басқару сапасына тікелей баға беретін фактор ретінде қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық?

Ауа райы • Бүгін, 09:40

Ұстаздық ғұмыр белесі

Ұстаз • Бүгін, 08:43